Түркістанда «AMANAT» бастамасымен облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды

/
Түркістанда «AMANAT» бастамасымен облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Түркістан қаласында «AMANAT» партиясының бастамасымен Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының жаңа ғимараты ашылды. Бұл нысанның ашылуы Халықаралық балаларды қорғау күнімен және биыл 65 жылдығын атап өтіп жатқан кітапхананың мерейтойымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шымкенттен Түркістанға көшірілгеннен кейін кітапхана ұзақ уақыт бойы жеке ғимаратсыз жұмыс істеген. Оның кітап қоры «Farab» ғылыми кітапханасында сақталып келген.

Бұл мәселе алғаш рет «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесінің алаңында көтерілді. Кеңес жетекшісі әрі облыстық мәслихат депутаты Қалыйма Жантореева Мәжіліске, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне, жергілікті экономика басқармасына тиісті сауал жолдап, мәселені депутаттардың II республикалық форумында да көтерген.

Бастаманы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдап, ғимарат сатып алуға 500 млн теңге бөлді. Бұл шешімді облыстық мәслихат мақұлдады. Жаңа нысанның ашылуы Президенттің «Оқу мәдениетін дамыту және интеллектуалды ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» жарлығымен де үндесіп отыр.

Салтанатты рәсімге өңір басшылығы, «AMANAT» партиясының өкілдері, мәдениет қайраткерлері және қала тұрғындары қатысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл оқиғаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтіп, кітапхана ұжымын 65 жылдық мерейтойымен құттықтады. Оның айтуынша, жаңа ғимараттың ашылуы – аймақ өміріндегі маңызды тарихи оқиға әрі балалардың болашағына жасалған үлкен инвестиция.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында тек кітап оқитын ұлт қана интеллектуалды қоғам құра алатынын атап өтті. Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру – болашаққа салынған ең маңызды инвестиция. Ескі ғимараттың жағдайымен танысқаннан кейін балаларға арналған заманауи интеллектуалды орталық құру туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысты қолдаған мәслихат депутаттарына алғыс айтамын», – деді Нұралхан Көшеров.

Депутат Қалыйма Жантореева облыстық балалар кітапханасын жеке ғимаратпен қамтамасыз ету мәселесі жай ғана инфрақұрылымдық міндет емес, өскелең ұрпақ тәрбиесімен тікелей байланысты стратегиялық мәселе екенін айтты.

«Бұл мәселе алғаш рет AMANAT партиясының облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» қоғамдық кеңесінде көтерілді. Кейін барлық деңгейдегі депутаттардың республикалық форумында талқыланды. Нәтижесінде біздің бастамамыз қолдау тауып, облыс басшылығы деңгейінде нақты шешім қабылдауға негіз болды. Әкімдік пен депутаттық корпус бірлесіп жұмыс істеп, кітапханаға жаңа ғимарат сатып алуға мүмкіндік жасады. Ең бастысы, бұл шешім балалардың кітап оқуына, рухани дамуына және шығармашылық тұрғыдан өсуіне арналған заманауи кеңістік қалыптастыруға жол ашты. Жаңа ғимарат – болашақ ұрпақ алдындағы сенім мен жауапкершіліктің белгісі», – деді Қалыйма Жантореева.

Жаңа ғимаратта заманауи оқу залдары мен интеллектуалды аймақтар жабдықталған. Ашылу рәсімі кезінде кітапхана тарихына және Ыбырай Алтынсарин шығармашылығына арналған көрмелер де ұсынылды.

Бұл іс-шара «AMANAT» партиясының «Оқитын ұлт» жобасы аясындағы жүйелі жұмысының жалғасы саналады. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында ел бойынша 150 мәдениет нысаны салынып, 755 нысан жөндеуден өткен. Түркістан облысында заманауи кітапханалары бар 87 мектеп бой көтеріп, «Кітап-AMANAT» кітап орталықтары ашылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары