Актер Рүстем Жаныаманов пен оның жұбайы, актриса Жанаргүл Жаныаманова орны толмас қайғыға душар болды. Ерлі-зайыптының тұңғыш ұлы Нұрмұхаммет өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаралы хабарды продюсер Гүлнұр Мамасарипова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтты.
Бұл суық хабар өнерсүйер қауымның да қабырғасын қайыстырды. Желі қолданушылары актер отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айту сөздерін жазып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Рүстем Жаныаманов пен жары Жанаргүл тұңғыш ұлдарының денсаулығы үшін ұзақ жыл күрескендерін айтқан еді. Ерлі-зайыпты бірнеше сұхбатында Нұрмұхамметтің ауыр диагнозымен 5-6 жыл бойы арпалысып, оның сауығып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандарын жеткізген.
Қазір көпшілік өнер иелерінің отбасына сабыр тілеп, марқұмның иманы саламат болсын деген тілектерін білдіруде.