Google компаниясы АҚШ билігінен Калифорния мен Флорида штаттарында алдағы екі жыл ішінде 32 миллионға дейін арнайы өңделген масаны табиғатқа жіберуге рұқсат сұрады. Жобаның мақсаты – масалар арқылы таралатын қауіпті аурулардың таралуын азайту, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әңгіме Батыс Ніл вирусы, Денге безгегі, Зика вирусы, чикунгунья, сары безгек және Сент-Луис энцефалиті секілді инфекциялар туралы болып отыр. Қазіргі уақытта бастаманы АҚШ-тың Қоршаған ортаны қорғау агенттігі қарастыруда. Қоғамдық талқылау 5 маусымға дейін жалғасады.
Жоба Google-дың он жылдан астам уақыт бұрын іске қосылған Debug бағдарламасының бір бөлігі саналады. Компания адамдарды шақпайтын еркек масаларды жіберуді жоспарлап отыр. Олар Wolbachia бактериясымен зарарланған болады. Мұндай аталық масалар жабайы ұрғашы масалармен шағылысқан кезде олардың ұрпағы тіршілік ете алмайды. Соның нәтижесінде маса популяциясы біртіндеп азаяды.
Ғалымдардың айтуынша, бұл тәсіл адамдарға маса шабуылын көбейтпейді, өйткені адамды тек ұрғашы масалар ғана шағады.
Мамандар жаңа бағдарлама негізінен Батыс Ніл вирусын тарататын Culex тұқымдас масаларға қарсы бағытталғанын атап өтті. АҚШ-та бұл вирус масалар арқылы таралатын ең кең таралған аурулардың бірі болып саналады.
Google өкілдерінің мәліметінше, миллиондаған масаны өсіру, сұрыптау және табиғатқа жіберу процесінде жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелер пайдаланылады.