Ақтаста жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Ақтаста жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Қарағанды облысы Ақтас кентінде «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасы аясында салынған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Нысан құрылысы 2023 жылы басталды. Жобаны жүзеге асыру барысында тұрғындардың өтініштері ескеріліп, спорт залдары мен балаларға арналған киім ауыстыратын бөлмелердің аумағы кеңейтілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жаңа кешен бір мезетте 150-ден астам адамды қабылдай алады. Онда футзалға арналған әмбебап ойын залы, жекпе-жек залы, тренажер залы және балалар мен ересектердің сапалы жаттығу жасауына қажет барлық инфрақұрылым бар. Нысанның ашылу салтанатына Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, мәслихат депутаттары, спортшылар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

«Ақтастағы спорт кешеннің ашылуы – өңірдің заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту жолындағы кезекті қадам. Біздің міндетіміз – тұрғындардың спортпен шұғылдануына және салауатты өмір салтын ұстануына сапалы жағдай жасау. Жаңа кешен жастардың бас қосатын орталығына айналып, болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін алаң болады деген сенімдемін», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков бұл нысан сайлауалды уәделерді орындау нәтижесінде бой көтергенін атап өтті.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту – біз атқарып жатқан жұмыстың басым бағыттарының бірі. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені – жай ғана ғимарат емес, ол барлық жастағы тұрғындардың спортпен айналысуына, денсаулығын нығайтуына және жаңа жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді. Дәл осындай жобалар адамдардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді», – деді Бекзат Алтынбеков.

Жергілікті тұрғын, планкаға тұру бойынша Қазақстан рекордшысы Сымбат Бисембаев өз әсерімен бөлісті.

«Спортшылар үшін заманауи әрі қолжетімді жаттығу алаңдарының болуы өте маңызды. Бүгін Ақтас тұрғындары жайлы жағдайда спортпен айналысуға тамаша мүмкіндікке ие болды. Бұл кешен жаңа таланттардың топ жаруына жол ашып, жастардың үлкен спорттық жетістіктерге жетуінің бастамасына болады деп сенемін», – деді Сымбат Бисембаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары