Ғалымдар Парсы шығанағы елдерінің мұнай мен газ қорының мол болуы кездейсоқ емес, миллиондаған жылға созылған геологиялық үдерістердің нәтижесі екенін айтты. Парсы шығанағы аймағында әлемдегі ең ірі көмірсутек қорлары шоғырланған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Вашингтон университетінің геолог-мұнайшысы Скотт Л. Монтгомери мәліметінше, бұл өңірде әрқайсысы кемінде 5 миллиард баррель мұнайға ие 30-дан астам аса ірі кен орны бар. Мұндағы ұңғымалар тәулігіне Солтүстік теңіз немесе Ресейдегі үздік кен орындарымен салыстырғанда 2-5 есе көп өнім береді.
Мұндай байлықтың басты себебі – геологиялық жағдайлардың ерекше үйлесімі. Аймақ Арабия плитасы мен Еуразия плитасы түйіскен жерде орналасқан. Бұл плиталардың шамамен 35 миллион жыл бойы соқтығысуы нәтижесінде Иран аумағында Загрос таулары қалыптасса, Арабия жағында мұнай жиналатын күмбез тәрізді құрылымдар пайда болған. Ғалымдар мұнайдың түзілуінде «аналық жыныстардың» рөлі зор екенін айтады. Әсіресе юра және бор дәуіріне жататын органикалық заттарға бай қабаттар – Ханифа формациясы, Тувайк формациясы және Кажджуми формациясы көмірсутектердің түзілуіне қолайлы орта жасаған. Әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі Гавар кен орны (70 млрд баррельден астам) және Оңтүстік Парс Солтүстік күмбез газ алабы (шамамен 200 млрд баррель мұнай баламасы) осы өңірде орналасқан.
Сарапшылардың бағалауынша, бір ғасыр бойы белсенді игеруге қарамастан, аймақта әлі де ондаған миллиард баррель мұнай мен жүздеген триллион текше фут газ қоры толық зерттелмеген. Қазір Сауд Арабиясы мен БАӘ өндірісті арттыру үшін заманауи технологияларды, атап айтқанда көлденең бұрғылау мен гидрожару әдістерін енгізіп жатыр.