Қуатты аймақ – қуатты ел

/
Қуатты аймақ – қуатты ел
Фото: Ақорда

12 наурызда елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен екі мыңға жуық депутат қатысты. Форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы бұл басқосудың мән-маңызы айрықша екенін, өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.

Мәслихаттардың алдында ауқымды міндет тұр

Сөз басында Президент форумға қа­тысушыларға алғыс білдіріп, атқары­лып жатқан жұмысты ұдайы басты на­зарда ұстайтынын жеткізді.
– Сіздер халықпен тығыз жұмыс іс­теп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, та­лап-тілегін жақсы білесіздер. Сон­дық­тан мен Мемлекет басшысы ретінде Сіз­дер атқарып жатқан жұмысты ұдайы бас­ты назарда ұстаймын. Жалпы, мұн­дай жиын өңірлік саясаттың тиімділігін баға­лап, өзекті мәселелерді талқылауға мүм­кіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде кең ау­қым­ды, тарихи өзгерістер жүзеге асы­ры­­лып жатқанын айтты. Бұл орайда, мәс­лихаттардың алдында тұрған мис­сия – айрықша. Өкілді органдарды кү­шей­ту мемлекеттік саясаттың негізгі ба­сым­дығы болып қала береді. 
– Біз бұған дейін біраз шаруа атқар­дық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қа­ғи­­датына сәйкес мәслихаттардың бе­де­лін кө­тердік. Соның арқасында осы құ­ры­лым­дар мемлекеттік басқару жүйе­сіндегі басты институттың біріне ай­нал­ды. Деген­мен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орын­дауымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Аймақтың өз табысы өзіне жұмсалуы керек

Былтыр ауылдық округтердің бюд­жеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қара­жаттың үштен бірі – елді мекен­дер­дің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауыл­­дық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетіп отыр. Пре­зидент бұл айтарлықтай жақсы көр­сет­кіш екенін айтты.
– Аймақтар өз бюджетін мұқият жос­­парлап, табысын арттыруға баса мән беру­ге тиіс. Біз жергілікті биліктің әлеуе­ті мен аймақтардың қаржылық дер­бес­ті­гін біртіндеп күшейтіп жатырмыз. Биыл­­дан бастап ауылдық округтер қо­сым­­ша табыс көзіне ие болмақ. Атап айт­­­қанда, кең таралған пайдалы қаз­ба­лар өндірісіне, жерасты сулары мен ем­­дік балшықтарды пайдалануға салы­на­­тын салықты өздері жинап, қажетіне жа­­ратады. Менің тапсырмама сәйкес,  қа­­зір Үкімет заңды тұлғаларға және же­ке кәсіпкерлерге салынатын мүлік са­лы­­ғының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюд­жеттерге беру мәселесін пысықтап жа­тыр, – деді Президент.
Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қыз­­мет түрімен айналысуға арналған ли­­цензиялық алымнан, экологиялық айып­пұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. 
– Түскен табыс, ең алдымен, сол ай­мақ­­ты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қор­да­ланған мәселелерді шешу үшін мүм­кін­дік те, ресурс та арта түспек. Аймақ­тар­да бюджетті жоспарлау және орын­дау жұмысының сапасын арттыру ай­рық­ша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жа­қында өткен кеңейтілген отырысында айт­тым, – деді Мемлекет басшысы. Мәс­ли­хаттарға жүктелетін міндет – осы қара­жаттың тиімді жұмсалуын қатаң бақылау.
Президенттің сөзінше, қазіргі тәр­тіп­ке сәйкес жергілікті бюджет бек­і­ті­ле­тін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қа­на ұсынылады, тиісті түсініктемелер беріл­мейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәс­лихаттың қарауына соңғы сәтте жол­данады. Сол себепті оны депутаттар үс­тірт қарап, қысқа мерзім ішінде қа­был­­дауына тура келеді. Соның сал­да­ры­нан қаражат халықтың нақты қа­жет­тілі­гін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұ­мсалып кететін жағдайлар пайда бо­лады. Ешкімге нақты жауапкершілік жүк­телмеген соң, мәселе сұраусыз қала­д­ы. Демек, жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз. Соның бәрі жергілікті тұрғындардың наразы­лы­ғын туғызады. 
– Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жос­пар­лау үдерісіне әуел бастан атсалысуы ке­рек. Бірақ бюджет бойынша барлық тал­қылау тек мемлекет пен өңірлік мүд­делерге негізделуге тиіс, лоббизмге не­ме­се популизмге жол бермеу керек. Бас­ты ұстаным – бәрі де халық үшін. Әкім­діктегі бюджеттік комиссияның құ­рамына білімді, беделді мәслихат де­путаттарын қосқан жөн. Осылайша, жұ­мыстың сапасын арттырып, қара­жат­тың тиімді жұмсалуын қадағалауға бо­лады. Қыруар қаржыны оңды-солды ша­шып, пайдасы жоқ бастамаларға жұм­сауды доғару қажет. Әкімдер рес­пуб­ликалық бюджеттен берілетін түрлі до­тацияға сеніп отыра бермеуі керек. Ма­сылдық ұғымынан біржола арылу қа­жет. 
Жергілікті билік өкілдері табысты кө­бейту үшін белсене жұмыс істеуге тиіс. Бюджет қабылданатын кезде «Қан­ша жұмыс орны ашылады, жеке ин­вес­тиция тартыла ма, бизнестің дамуына қан­дай жағдай жасалады, қанша салық тө­ленеді?» деген сауалдарға нақты жауап бе­рілуі керек. Күрішті күрмектен ажы­ра­та білу қажет. Бұл – барлық деңгейдегі әкім­дер мен мәслихаттар депутаттары, ең ал­дымен, мемлекет мүддесіне қызмет ететін бір ұжым, бір команда деген сөз. Барлық аймақтың мәслихаттары мен әкім­діктері бірлесіп, бюджеттің әр тең­гесінің ел игілігіне жұмсалуын қам­тама­сыз етуге міндетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мәслихат төрағаларын ротация тәртібімен ауыстыру қажет 

Мәслихаттардың өкілеттігін одан әрі кеңейтіп, нақтылай түсу қажет. Олар­дың жергілікті билік жүйесіндегі рө­л­ін күшейту керек. Бұл да – басты мін­деттің бірі. Депутаттық корпус әкім­дермен бірге жұмыс істеуі керек.
Сондай-ақ мәслихаттардың ішкі жұ­мыс тәртібін ретке келтіріп, қайта қара­ған абзал екені айтылды. Олардың көп­­­­теген құзыреті әлі күнге дейін айқын емес. Бұл ахуал мемлекеттік басқару үде­­­­рісіне кедергі келтіріп отыр.  Сон­дық­тан өз міндетін орындамаған немесе эти­каны бұзған мәслихат депутат­тары­ның жауапкершілігін күшейтетін нақты ша­ралар қабылдау қажет. Мұндай қадам ха­лықтың саяси мәдениетін дамытуға жә­не өкілді билік институтына деген се­німін нығайтуға мүмкіндік береді. 
– Біз басқарудың ротациялық тәр­ті­бін мемлекеттік биліктің барлық дең­гейі­не біртіндеп енгізіп жатырмыз. Қазір сай­ланатын әкімдердің өкілеттігі екі мер­зіммен шектелген. Енді мәслихат тө­рағаларын ротация тәртібімен ауыс­тыру қағидатын енгізу керек деп са­най­мын. Бұрын мәслихаттарды басқаратын хат­шылары болды, енді төрағалар бас­қарып отыр. Бұл, меніңше, дұрыс шешім бол­ды. Алайда олардың өкілеттігі де екі мер­зімнен аспауы қажет. Осындай әдіс ар­қылы кәсіби депутаттық корпус қа­лып­­тастырып, оның тиімділігін арт­тыру­ға болады. Бұл ұстаным елімізде жү­зеге асырылып жатқан рефор­ма­лардың логикасына сай келеді, – деді Президент.
Сондай-ақ билік өкілдерінің халық­пен ашық әрі түсінікті әңгіме, сұхбат ор­ната білуі де – маңызды мәселенің бірі.
«Бүгінде орталыққа аймақтардан жол­­­да­натын арыз-шағымдар көбейіп кет­ті. Бұл мәселе туралы мен Жол­дауым­да ай­тып өттім. Былтыр Президент Әкім­шілігіне ша­мамен 83 мың өтініш ке­ліп түскен. Бұл – алдыңғы жылмен са­­лыс­тырғанда 30 пайызға көп. Ша­ғымдардың басым бөлігін жергілікті дең­гейде қарап, дер кезінде шешуге бо­ла­тын еді. Ешкім де мүлде мүмкін емес мәселені айтпайтыны белгілі. Ашығын айт­қанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қара­пайым деген мәселелерге қатысты тү­сініктеме ала алмайды. Содан соң аза­маттар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгініп жатады. Шын мә­ні­сінде, олардың арасында үнемі арыз жа­затын «кәсіби» шағымданушылар бар, бірақ көбі өз мұң-мұқтажын айтып, Ақор­даға шағымдануға мәжбүр. Түптеп кел­генде, аймақтардың дамуы, тұрмыс сапасының жақсаруы, жұрттың билікке зор сеніммен қарауы Сіздердің қызмет­теріңіз­ге тікелей байланысты. Осыны әрдайым басты назарда ұстаған жөн».

Президент Мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы көпір болуға тиіс екенін айтты. Олар тұрғындардың мә­се­лесін шешуге көмектесуі керек. Осы маңызды жұмысқа олардың құзыреті то­лық жетеді. Былтыр облыстық деңгейде ат­қарушы органдарға 6 мыңға жуық депу­тат­тық сауал жолданыпты. 
Бұдан бөлек, еліміздегі цифрландыру үде­рісінен Мәслихаттар да тыс қалмауы ке­рек екені айтылды. Озық технологиялар мен жасанды интеллектіні мемлекеттік бас­қару жүйесінің барлық саласына енгізу ст­ратегиялық маңызы бар мақсатқа айнал­ды. Еліміздің жарқын болашағы осы мақ­сат­тың табысты іске асуына тікелей бай­ла­­­нысты. Бұл тұрғыдан алғанда, мәсли­хат­тардың осы жұмысқа белсенді атсалысқаны абзал. 
– Сондай-ақ депутаттардың кәсіби білі­гін арттырып, цифрлық құзыретін кеңейту өте маңызды, онсыз істелген жұмыстың бә­рі бос болмақ. Бұл шаруамен Мемлекеттік бас­қару академиясы белсенді және тиімді түр­де айналысуға тиіс. Менің білуімше, таяу арада нәтижелер де белгілі болмақ. 
Бүгінге дейін 1 200-ге жуық депутат ар­найы оқу курсына шақырылып, кәсіби тұр­ғыдан шыңдалды. Енді биыл басталған AI Governance 500 бағдарламасының ая­сын­да облыстық мәслихаттардың аппарат бас­шыларын оқыту қажет. Жалпы, елімізде жа­салып жатқан цифрлық өзгерістер ор­та­лық пен аймақтар арасындағы алшақ­тық­ты мейлінше азайтуы қажет, – деп Пре­зидент нақыт міндет қойды.

Аймақтарда мажоритарлық жүйе сақталады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәс­ли­хаттардың елдегі саяси жүйедегі орны мен жауапкершілігіне тоқталып, олардың жо­ғары заң шығарушы органға қажет кадр­ларды даярлауға белсенді атсалысуы керек еке­нін айтты. Оның сөзінше, референдумға ұсы­нылған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын про­пор­циялы өкілдік жүйе негізінде сайлау қарастырылған.
– Мәслихаттар жоғары заң шығарушы ор­ганға қажет кадрларды даярлауға бел­сене атсалысуы керек. Референдумға шы­ғарыл­ған Конституция жобасында жаңа бір палаталы Құрылтайдың депутаттары про­порциялы өкілдік жүйе негізінде сай­ла­нады деп көрсетілген. Бұл қадам саяси пар­тиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару жұ­мысының сапасын арттыратыны күмән­сіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы мұндай тәсілдің озық халықаралық тәжірибеге толық сәй­кес келетінін атап өтті. Оның сөзінше, көп­­­­­теген мемлекет пропорциялы сайлау жүйесіне кө­шіп жатыр, ал дамыған елдерде де осын­дай жүйе бар, себебі бұл тәсіл өз тиімділігін дәлелдеген.
Сонымен қатар Президент Конститу­ция жобасын әзірлеу кезінде кейбір партия бар­лық деңгейдегі мәслихаттарды да осы жүйе­мен жасақтауды ұсынғанын айтты. Алай­да оның көзқарасы бойынша аймақ­тар­да мажоритарлық, яғни бір мандатты жүйе сақталуға тиіс.
– Аймақтарда мажоритарлық, яғни бір ман­датты жүйе сақталады. Бұл – өте маңыз­ды. Себебі дәл осы мәслихат депу­тат­тары жергілікті жерде сайлаушылармен үне­мі байланыста болып, қоян-қолтық жұ­мыс істейді, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, мұндай жүйе еш­қан­дай партияға кірмейтін, бірақ халық сенім арт­қан іскер азаматтар үшін де тиімді сая­си баспалдақ болмақ. Соның нәтижесінде мәс­лихаттардың рөлі арта түседі.
Президент азаматтар референдумда Конституция жобасын қолдаған жағдайда ел­­дің саяси құрылымы түбегейлі өзгере­ті­нін де атап өтті.
– Азаматтар референдумда Конс­титу­ция жобасын қолдап жатса, еліміздің саяси құрылымы түбегейлі өзгереді. Біз мүлдем жаңа конституциялық үлгіге немесе мо­дель­ге көшеміз. Бұл қадам пропор­цио­нал­дық және мажоритарлық жүйе арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді, – деді ол.
Мемлекет басшысы бұл өзгерістер сай­лау үдерісін жүйелеп, сайлауға түсетін аза­­­­маттардың жауапкершілігін арттыра түсе­тінін айтты. Оның пікірінше, осылайша мәс­лихаттар Құрылтайға қажетті білікті ма­мандар даярлауға белсенді түрде қаты­сады.
Президент ауқымды реформаларды са­палы жүзеге асыру үшін тиімді әрі кәсіби заң шығару қызметін жолға қою қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, еліміздегі өкілді билік жүйесінің негізі аймақтарда қалыптасады, сондықтан мәслихаттардың қызметі айрықша маңызды.
– Себебі жұрт өз мәселесін ең алдымен де­путаттарға айтады. Ал халықтың сенімін ақ­таудан артық абырой жоқ, – деді Президент.
Мемлекет басшысы депутаттың мәр­тебесі мен жауапкершілігіне де тоқталды. Оның айтуынша, депутат болу – ел адамы болу деген сөз, бұл – мәртебесі биік әрі жауап­кершілігі зор қызмет. Сондай-ақ ол депутаттар халық сеніміне сызат түсіретін әре­кеттен аулақ болуы қажет екенін атап өтті.

Конституциялық реформа қоғам сұранысына сай келді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлем­дегі саяси-экономикалық ахуалдың күр­де­лене түскенін айтып, қазіргі жағдайда ел­дің тұрақты дамуын қамтамасыз ету аса маңыз­ды екенін атап өтті.
– Қазір әлемдегі саяси-экономикалық ахуал аса күрделі болып кеткенін көріп отыр­сыздар. Әскери қақтығыстар, «сауда со­ғысы» жылдан-жылға ушығып барады. Бұл әлемдегі ірі мемлекеттер арасындағы өзара сенім дағдарысының, олардың ха­лық­аралық қауымдастық алдындағы жауап­кершілікті елеп-ескермеуінің нәти­же­сі деп айтуға негіз бар. Мұның бәрі елі­міз­дің мүмкіндіктерін шектеп отыр, – деді Президент.
Соған қарамастан, Мемлекет басшы­сы­ның айтуынша, Қазақстан ұлттық стра­те­гия­сын табанды түрде жүзеге асырып ке­ле­ді.
– Бірақ соған қарамастан, біз ұлттық ст­ратегиямызды табанды түрде әрі біртін­деп жүзеге асырып жатырмыз. Барлық сын-қатер мен қиындықты еңсеріп, тұрақ­ты дамып келеміз, – деді ол.
Президент былтыр Қазақстанның жал­пы ішкі өнімі 306 миллиард долларға жет­ке­нін айтты. Бұл көрсеткіш Тәуелсіз Мем­ле­­кеттер Достастығы елдері арасында екін­ші орынға, ал өңірдегі мемлекеттер ара­сында ең жоғары деңгейге сәйкес келеді.
– Соның нәтижесінде, біз биыл әлемдегі эко­номикасы аса ірі 50 елдің қатарына қо­сылдық. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының болжамына сәй­кес биыл осы көрсеткіш 320 миллиард дол­лар болады, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Қазақстан шетелден тар­тылған таза инвестиция көлемі бойын­ша Орталық Азияда көш бастап тұр. Елге 150 миллиард доллардан астам инвестиция тартылған. Бұл өңірдегі тікелей шетел ин­вес­тициясының 69 пайызына тең.
Сонымен қатар еліміздің алтын-валюта қо­ры 74 миллиард долларға жетсе, жалпы жи­нақ­талған қор көлемі 139 миллиард дол­ларды құрайды.
– Бір сөзбен, ұлттық экономикамыз жал­пы тұрақты түрде өсіп келеді. Ең маңыз­дысы, мұны сапалы өсім деуге бола­ды, – деді Президент.
Мемлекет басшысы адам капиталының даму көрсеткіштері де жақсарып келе жат­қанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жаһан­дық адам капиталы индексінде 160-тан ас­там елдің арасында 42-орынға көтерілді.
– Кейінгі жылдардағы ауқымды мем­ле­кет­тік инвестициялар қазірдің өзінде же­міс беріп, стратегиялық тиімділігін көр­се­те бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл жетістіктер ұлт сау­лығын нығайтуға, білім сапасын арт­тыру­ға, балалар мен жастарға арналған мүм­кіндіктерді кеңейтуге бағытталған сая­саттың нәтижесі екенін атап өтті. Со­ны­мен қатар ғылымды, мәдениетті, спорт­ты қолдау, инновация мен цифрландыруды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу және қолайлы әлеуметтік әрі кәсіпкерлік орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жал­ғасып жатқанын айтты.
Президенттің айтуынша, мемлекет осы са­лаларды жүйелі түрде дамытып, азамат­тар­дың әлеуетін арттыруға жол ашып ке­ле­ді.
– Себебі жаңа заманда халқының келе­ше­гін кемел етуге ұмтылған мемлекеттер ға­на ұтады, – деді ол.
Сонымен қатар Президент түрлі жиын­дар мен кездесулерде бос мақтан мен тоқ­мейіл­суден аулақ болып, өзекті мәселелерді ашық айтып, олардың шешімін бірлесіп із­деу қажет екенін үнемі айтып келе жат­қа­нын атап өтті.


Мемлекет басшысы жаңа Конституция­ның мазмұны халықтық сипатқа ие екенін де айтты. Оның сөзінше, бұл құжат, әсіресе, өс­келең ұрпақ пен жастардың игілігіне қыз­мет етеді.
– Жаңа Конституция – жастарға өмірде ба­ғыт-бағдар сілтейтін темірқазық іспет­тес. Өйткені өзгерістерге толы жаңа дәуірде ел­дің де, жердің иесі, қорғаны – жастар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі консти­туция­лық реформаны 2022 жылы Ата Заң­ға енгізілген өзгерістерден бөліп қарау­ға болмайтынын айтты. Ол кезде негізгі заң­ның үштен бірі жаңартылған.
– Дегенмен бірқатар саяси жаңа­шыл­дық­ты жүзеге асырып, содан кейін ғана елі­міздің конституциялық негіздерін бір­тін­деп өзгертуге кірісу жөнінде шешім қа­был­данды. Жасыратын ештеңесі жоқ, бұл ме­нің шешімім, – деді Президент.
Оның айтуынша, қазіргі консти­туция­лық реформа қоғам сұранысына сай келіп, ха­лықтық сипатқа ие болды. Бастапқыда пар­ламенттік реформа мәселесі ғана қарас­тырылғанымен, қоғамдық талқылау бары­сын­да ұсыныстар ауқымы кеңейген.
Президент азаматтардан төрт мыңға жуық ұсыныс түскенін айтты. Соның 15 пайы­зы Парламент қызметіне қатысты бол­са, қалғаны ауқымды конституциялық ре­форманың түрлі бағыттарын қамтыған. Нәтижесінде, конституциялық комиссияға түскен өтініштер саны 12 мыңға жеткен.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция тех­нологиялық даму мен цифрландыруға жол ашатынын да атап өтті.
– Жаңа Ата Заңымыз технологиялық өрлеуге, жасанды интеллектіні дамытуға және жаппай цифрландыруға жол ашады. Ота­нымыздың әділетті әрі өркендеген мемлекет болуына ықпал етеді, – деді Президент.
Сондай-ақ ол Қазақстанның бейбіт мем­лекет екенін атап өтті.
– Қазақстанның көк түсті төлқұжатын жаһан жұртшылығы жақсы біледі және құр­меттейді. Әлемнің әр түпкірінде аза­маттарымызды жылы қабақпен, ерекше іл­ти­патпен қарсы алады, – деді Мемлекет бас­шысы.
Президенттің айтуынша, бүгінде 90 мыңнан астам қазақстандық жас шетелде бі­лім алып жүр. Бұл елімізде әр адамға мүм­кіндік бар екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы алдағы референдум әр азаматқа елдің болашағына үлес қосуға мүм­кіндік беретін тарихи сәт екенін айтты.
– Референдумға белсене қатысу – ел тағдырына бейжай қарамау деген сөз. Сол күні өз таңдауыңды жасау – туған елдің жарқын болашағын өз қолыңмен құру деген сөз, – деді Президент.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы жас­тардың әлеуетіне сенетінін айтып, ел игіл­ігі үшін бірлесіп еңбек етуге шақырды.
– Мен халқымыздың жасампаз қуаты­на, жастардың таудай талабына сенемін. Енді бір жеңнен қол, бір жағадан бас шы­ға­рып, белсенді жұмыс істейік. Ел мүддесіне адал қызмет ете беріңіздер! Еліміз аман, жері­міз тыныш болсын! – деді Мемлекет бас­шысы.
Жиында, сондай-ақ Мәжіліс депутаты Үн­зила Шапақ, Алматы облысындағы «Дәулет-Бекет» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің құрылтайшысы Сыдық Дәулетов, Мәжіліс депутаты Константин Авер­шин, Алматы қалалық мәслихатының төра­ғасы Мейіржан Отыншиев, Петропавл қа­лалық мәслихатының депутаты Елена Се­мидоцких, Жетісу облыстық мәсли­хаты­ның депутаты Гүлнәр Тойлыбаева, Пав­ло­дар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченко, Маңғыстау облысы Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы Ардақ Бораш, Ақтөбе қалалық мәсли­хаты­ның депутаты Аслан Қайырғалиев сөз сөй­леді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары