Рекорд: 100 жылдан кейін орындалған арман

/
Рекорд: 100 жылдан кейін орындалған арман

Осы аптада қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихында айтулы оқиға болды. Семейдегі Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда Мәдениет саласының үздігі, Шәкәрім университетінің құрметті профессоры, белгілі дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев 100 әнді үздіксіз орындап, әлемдік рекорд орнатты. 5 сағат 29 минут бойы үздіксіз ән әуелеткен ол 102 дәстүрлі ән орындап, белгіленген межеден асып түсті.

Бұл – бұрын-соңды болмаған ерекше оқиға. Әншінің жетістігі Global Best of Records халықаралық ұйымының талап­тарына сай ден танылып, қазақтың дәстүрлі ән өнерін асқақтата түсті.
Рекорд халықаралық талаптарға сәйкес тәуелсіз сарапшылардың қатысуы­мен арнайы бақылаудан өтті. Сарапшылар құрамында Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының канди­даты, өнертану доценті, эпик жыршы Берік Жүсіпов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Нұржан Жанпейісов пен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Еркін Шүкіман болды.


Сондай-ақ іс-шараға Global Best of Records ұйымының Азия және Африка рекордтар тіркеу дивизи­оны­ның бас офицері Қуандық Құ­дай­берген арнайы қатысып, рекорд­тық көрсеткішті ресми түрде тіркеді.
Осыған орай әнші Қайрат Қа­бышев пен тәуелсіз сарапшы Еркін Шүкіманға хабарласып, айтулы оқиғадан кейінгі әсерін біліп, оқырманға қызық басқа да сұрақтардың жауабын алдық.

Қайрат Қабышев,
ҚР Мәдениет саласының үздігі:

Дайындықты жол ортадан бастаған жоқпын

– Бұл идея аяқ асты туған жоқ. Қазақ­тың кезінде ұмытылып қал­ған дәстүрін жаңғыртқым келді. EXPO өткен жылдары да осындай жобаны жүзеге асырғым келген, бірақ қолдайтын ұйымдастырушы болмады. Кейін 50 жасқа толғанда жеке концерт ретінде өткізуді жоспарладым, бірақ түрлі себептермен іске аспады. Абай облысы құрылған кезеңде де, Абай Құнан­байұлының 185 жылдығы кезінде де бұл ниетім жүзеге аспай қалды. 
«100 әнді тоқтаусыз айтамын» десе, оған көбі сене қоймайды. Сон­дықтан алдымен сынақ ретінде концерт өткізу туралы шешім қабылдадым. Концертте екі сағат он бес минут ішінде 25 ән орындадым. Сол кезде халықтың ықыласы қатты таңғалдырды. Көрермен­дерге микрофон бердік, олар өз­дері қалаған әндерді сұрап отырды, мен айтып беріп отырдым. Халыққа ұнағаны сонша – концерт аяқталған соң жұрт тарамай, әрі қарай жалғастыруымды сұра­ды. Сол сәтте бұл бастаманың ха­лық­қа қажет екенін түсіндім. Сөй­тіп, әлемнің 89 елінде өкілдігі бар осы ұйымға өтініш жолдадық. Олардан оң жауап алған соң дай­ын­дықты бастап кеттік. Бұл іске Абай облысы­ның әкімдігі мен Шә­кәрім университеті қолдау білдірді. Рекордты тіркеу үшін Қазақ­станның әр өңірінен үш сарапшы шақырдық. 
Жүз ән айтуға дайындықты жол ортадан бастаған жоқпын. Сту­дент кезден бастап ән қорымды үздіксіз толықтырып, ұстаз­да­рымның бағыт-бағдарымен әртүр­лі мектептердің әндерін жинап кел­дім. «Ұстазы жақсының – ұста­мы жақсы» дегендей, сол ұстаздар­дың ықпалы зор болды. Жәнібек ұстазымыз әрдайым: «Әнші болған соң қазақтың барлық әнін білуің керек», – деп айтып отыратын. Сол себепті мен әр өңірдің ән дәстүрін қамтуға тырыстым. Қазақ өнерінің тарихына үңілсек, осын­дай үлкен тәуекелге барған санаулы өнерпаздардың бірі – Құрманбек Жан­дарбеков. 1925 жылы Ғани Мұратбаевқа ескерткіш қою мақсатында ұйымдас­ты­рыл­ған концертте ол 101 ән орындауды жос­пар­лаған. Тіпті, орындалатын әндердің тізімі де алдын ала жарияланған. Бірақ сол кеште 68 ән орындаған екен. Бұрынғы заманда «рекорд» деген ұғым болған жоқ. Егер ата-бабаларымыздың дәуірінде бүгін­гідей рекорд тіркейтін жүйе болғанда, қазақтың талай өнерпазы сол кезде-ақ әлемді таңғалдырар еді деп ойлаймын. Өйткені біздің халық таң­ды таңға ұрып ән айтып, жыр төгіп, күй шерт­кен ел ғой. Өкінішке қарай, сол дәстүр­дің жалғасы бүгінде сиреп бара жатқандай көрінеді. Қазір кей концерттерге қарасаңыз, бір әнді екі-үш адам бөліп айтып шығады. Ұйым­дастырушылар шоу жасауға көбірек мән береді. Ал бұрынғы әншілердің жолы мүлде бөлек еді. Жәнібек Кәрменовтердің кезінде халық әншіні сахнадан жібермей, отырған жерінде 10-15 ән айтқызатын болған. Өзім Жәнібек ағамыздан дәріс алдым. Сабақ үстінде кейде 30-40 минут бойы ән шырқап отыратын. Жанды дауыста орындалған әннің әсері мүлде бөлек.
Әрине, жобада рекорд орнату үшін әндерді қысқартып айтуға да болар еді. Бірақ менің мақсатым тек рекорд орнату емес. Мен қазақтың ән өнерін өз табиғи қалпында, бұрмаламай, қаз қалпында жеткізгім келді. Бұл кеш толықтай таспаға жазылып, болашақта «Алтын қорға» сақталмақ. Ең бастысы – осы арқылы жас буынға дәстүрлі ән өнерінің құдіретін танытып, ұлттық мұрамызды кеңінен насихаттауға өз үлесімді қосқым келді.

Еркін Шүкіман,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Өнер тарихындағы теңдессіз ерлік: 101 жылдан кейінгі жаңғырық

Бұл – осыдан тура бір ғасырдан астам уақыт бұрын басталған ұлы бастаманың заңды жалғасы. Нақтырақ айтсақ, 1925 қазақтың белгілі әншісі, актер, режиссер Құрманбек Жандарбеков ұлттың жарық жұлдызы Ғани Мұратбаев өмірден өткенде осындай игі қадамға барған болатын. Ол кезде ұйымдастырылған қайрымдылық концерттерінен түскен қаражат үкіметке өткізіліп, кейін ұлт мәдениетінің игілігіне жұмсалатын.

Ғаниға ескерткіш орнату үшін халықтың басын қосып, қаржы жинау мақсатында «Құрманбек Жандарбеков 101 ән айтады» деген ерекше жарнамамен елді таңғалдырады. Алайда, ол мақсатына толық жете алған жоқ. Алпыс сегізінші әннен кейін дауысы сыр беріп, денсаулығына байланысты тоқтауға мәжбүр болады. Дегенмен, бұл талпыныс қазақ өнерінің тарихында ерекше оқиға ретінде қалды. Осы бір тарихи сәт Құрманбек Жандарбековтің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты естелік кітабында егжей-тегжейлі баяндалған.

Міне, араға жүз бір жыл салып, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев сол соқпақты қайта жаңғыртты. Ол бір отырыста 100 ән шырқап, әлемдік рекорд орнатуды мақсат тұтты және соған қол жеткізді де. Негізі бұл іске ол осыдан екі жарым жыл бұрын талпынған еді, бірақ түрлі себептермен кейінге шегеріліп келген еді. Соңында халықаралық Global Best of Records ұйымы Қайраттың өтінішін ресми түрде қабылдады.

Қазақтың дәстүрлі музыка тарихында бір мезетте «жүз ән айтыпты» деген нақты дерек бұрын-соңды хатталмаған. Тіпті, сал-серілер заманынан да мұндай нақты мәлімет кездеспейді. Әрине, ата-бабаларымыз таңды таңға ұрып ән айтып, жыр толғағаны белгілі. Бірақ сол уақытта нақты қанша шығарма орындалғаны ғылыми тұрғыда есептелмеген. Осы жағынан алғанда, Қайрат бүгінгі ғылым үшін салыстырмалы түрде зерттеуге болатын нақты эксперименттік үлгі жасап беріп отыр деуге болады. Белгілі фольклортанушы, эпик жыршы Берік Жүсіп айтқандай, бұл – қазақтың дәстүрлі әншілік мектебінің ішкі әлеуетін ғылыми тұрғыда бағалауға мүмкіндік беретін үлкен мысал. Сонымен қатар бұл – қазақтың ұлттық-вокалдық музыкасының қаншалықты күрделі екенін, оған қандай диапазон, қандай тыныс пен ішкі қуат керек екенін паш еткен оқиға. Бұл шетелдік музыкатанушы ғалымдардың назарын аударып, қызығушылығын арттыруы да мүкін. Егер олай болса, қазақ әнімен әншілік феноменін зерттеуге жаңа жол ашылуы ықтимал.

Рекорд ұйымының қатаң ережесі бойынша, әр 25 әннен кейін орындаушыға 15 минут демалуға рұқсат берілген. Бірақ Қайрат бұл жеңілдіктен бас тартып, мүлде демалған жоқ. Сағат он жарымда бастап, тура 5 сағат 29 минут бойы тоқтаусыз шырқады. Ал соңғы 101-ші ән – «Әсетпен Кемпірбайдың қоштасуын» Құрманбек Жандарбековтің рухына, сол тарихи бастаманың 101 жылдығына құрмет ретінде арнайы орындады.

 Қайрат Қабышев – Абай облысы, Абай ауданының Құндызды ауылының тумасы. Ақтамберді жыраудың мәңгілік мекені де осы Құндызды топырағында. Сондықтан «бізді жебеп жүрген бабалар рухы шат болсын» деген ниетпен, кеш соңын Ақтамберді жыраудың толғауымен түйіндеді. Бұл толғауды кезінде өазаөтың әйгілі әншісі, жазушы, зерттеуші Ж. Кәрменов Сүгірдің «Ыңғатөк» күйінің әуеніне салып, алғаш орындаған болатын.

Қ. Қабышев бір өзі қазақ даласындағы бес ірі әншілік-орындаушылық мектептің репертуарын түгел қамтуға тырысты. Әрине, әншінің өзі Арқа дәстүрінің өкілі болғандықтан, негізгі әндер осы бағытта айтылды.

Бір мезетте, үздіксіз осыншама көлемді мұраны орындап шығу – тарихи, мәдени, керек десеңіз, саяси маңызы бар үлкен құбылыс. «Бұған дейін вокалдық бағытта әртүрлі 7-8 рекорд орнатылған екен. Бірақ дәл осындай таза ұлттық фольклорлық, академиялық негізде жасалған рекорд болған емес», - дейді Global Best of Records ұйымының арнайы өкілі Қуандық мырза.

Қазір қазақ өнерінің шежіресінде жаңа парақ ашылды деп ойлаймын. Бұл – жаһандану дәуірінде ұлттық кодынан ажырап бара жатқан жастарға зор мотивация да болады деп ойлаймын. Өйткені қазір дәстүрлі өнерімізді жас ұрпақтың санасына сіңіру, олардың талғамын қалыптастыру өте қиындап барады. Жаңа буынның ойлау жүйесі, ақпаратты қабылдауы бөлек. Сондықтан оларға осындай серпінді тәсілдер керек.

Алғаш қазақ өнерін әлемге танытқан Ә. Қашаубаев десек, бұдан кейінгі кезеңдерде де көптеген өнерпаздар алты құрлыққа паш етіп, дәріптеді. Бүгінгі таңда Димаштың әлемдік деңгейдегі феноменінен кейін, міне, дәстүрлі, таза фольклорлық бағытта екінші бір соны соқпақты Қайрат Қабышев салып отыр деуге болатын шығар. Алайда мұның бұдан ары қарайғы бағалануы қалай болады, оны уақыт көрсетеді. Мәселен, Қайрат ешқандай синтезсіз, бояусыз, қазақ әнінің байырғы болмысын сол қалпында айтып шықты десек, қазақтың вокалдық өнерінің күрделілігі, орындаушының дауысы мен тынысы, жалпы физиологиялық мүмкіндігі, адам тек ет пен сүйектен ғана тұрмайды, оның ішкі жігері, яғни осы бес жарым сағат ән айту кезіндегі оның психологиялық төзімділігі, ішкі рухани қуаты, өнерге адалдығы тәрізді, жалпы алғанда мәдени антропологиялық тұрғыдан қарастырылуы деген мағынада айтып отырмын...

Сондықтан бұл оқиғаны қазақ мәдениеті мен музыка өнерінің қоржынына қосылған, келешекте бағасы одан сайын арта түсетін теңдессіз олжа деп есептеймін.

Сосын бір нәрсе қоса кетсем, біраз адамдар мұның не керегі бар деген де пікірлер айтыпты. Олардың да айтқанын түсінуге болады. Бұл оқиға кейін әдетке айналып, ән айтудан жарысқа ұласып кетпесе екен деймін...

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары