Креативті индустрия – болашақтың байлығы

/
Креативті индустрия – болашақтың байлығы
сурет: istockphoto.com

Қазіргі жаһандану дәуірінде экономиканың даму қарқыны табиғи ресурстармен емес, зияткерлік капитал, иннова­ция және шығармашылық әлеуе­тпен айқындалады. Осы тұрғыдан алғанда креативті индустрия – ХХІ ғасыр эконо­микасының жаңа драйвері. Ол тек мәдени немесе шығарма­шы­лық бағыт қана емес, сонымен қатар табыс әкелетін, жаңа жұмыс орындарын құратын, жастардың әлеуетін ашатын маңызды экономикалық сектор.

Креатив сөзі ағылшын тіліндегі creative («шығармашылық», «жасампаз») деген сөзден шыққан. Креативті индустрия ең алғаш Ұлыбританияда 1990 жылдары пайда болды. Кейін бұл бағыт ЮНЕСКО деңгейінде мойындалып, жаһандық жобаға айналды. Оның құрамына кино, анимация, зергерлік бұйымдар, бейнелеу өнері, галерея қызметі, баспа ісі сияқты салалар енгізілді. Әлем елдері креативті индустрияны әртүрлі бағытта дамытып келеді. Мәселен, АҚШ үшін Голливуд пен Кремний алқабы ұлттық брендке айналған. Голливуд түсірген фильм­дер әлемнің түпкір-түпкіріне таралып, миллиардтаған доллар табыс әкеледі. Крем­ний алқабында дүниеге келген техноло­гиялық компаниялар жаһандық экономи­каның беталысын анықтап отыр. Ал Оң­түстік Корея соңғы жиырма жылда мәдени индустрия арқылы әлемді таңғалдырды. K-pop музыкалық феномені, корей сериал­дары мен кино өндірісі ел экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде BTS немесе BLACKPINK секілді топтар тек музыкалық бренд емес, тұтас мемлекеттің жұмсақ күшінің символы саналады. Қытай болса онлайн платформалар, анимация, цифрлық контент және электронды ком­мерция арқылы креативті экономиканың жаңа моделін қалыптастырды. Ал Франция сән индустриясы мен кинематографиядағы дәстүрлі көшбасшылығын сақтап келеді. Әр мемлекеттің өз ерекшелігі болғанымен, бар­лығын біріктіретін ортақ нәрсе бар. Ол – шығармашылықты экономикалық ресурс ретінде қабылдау.
Бұл үрдіс шамамен 35-36 жылдан кейін Қазақстанға келді. Бүгінде елімізде бұл бағыт мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары» атты Жолдауында креативті индустрияны медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру және ақпараттық технологиялар салаларын қамтитын, жұ­мыспен қамтуға ықпал ететін маңызды эко­номика секторы ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы бұл саланың ел эконо­микасын әртараптандырудағы рөлін ерек­ше атап, оны жүйелі түрде дамыту қажет­тігін бірнеше рет көтерді.

Креативті қалалар феномені

Креативті индустрия көбіне ірі қала­ларда шоғырланады. Себебі талант, білім, технология және инвестиция бір жерде тоғысқанда ғана жаңа идеялар пайда бола­ды. Әлемдегі ең ықпалды креативті орта­лықтардың қатарында Нью-Йорк көш бастап тұр. Одан кейін Лондон мен Париж орналасқан. Сан-Франциско, Сингапур, Сидней, Лос-Анджелес, Берлин, Токио және Барселона да шығармашылық экономи­каның маңызды орталықтары. Бұл қала­лардың табысының құпиясы – таланттарды жинай білуінде. Мысалы, Нью-Йорк сурет­шілер мен дизайнерлерді тартса, Лос-Анд­же­лес кино өндірісінің жаһандық орта­лығына айналды. Сан-Франциско техно­логиялық стартаптардың мекені болса, Берлин заманауи өнер мен музыка­ның жаңа тынысын қалыптастырып отыр. Олар­дың барлығы кластерлік даму қағидасына сүйенеді. Яғни, шығармашылықпен айналысатын адамдар мен компаниялар бір ортада шоғырланып, бір-бірінің дамуына ықпал етеді. Ал Қытай 2000 жылы «Шы­ғармашылық индустрия» тұжырымдамасын қабылдап, Шанхай, Пекин, Шэньчжэнь, Гуанчжоу секілді мегаполистерді креативті экономиканың орталығына айналдыруға кірісті. Қазір бұл қалалар әлемдегі ең ірі цифр­лық және мәдени өндіріс орталық­тарының қатарына кіреді.
Ал еліміздегі жағдайға келсек, Алматы­дағы Almaty Creative хабы шығармашылық жобалардың тоғысатын алаңына айналса, Шымкенттегі Art Hub Amanat жас өнерпаз­дар мен кәсіпкерлерді біріктіріп отыр. Түркістандағы OzgeEpic креатив хабы да жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды орталықтардың бірі. 
Қазақстандағы шығармашылық эконо­ми­каның негізгі орталығы – Алматы. Қалада 13,3 мыңнан астам креативті бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы еліміздегі абсолютті көшбасшы саналады. Мұның өзіндік себебі бар. Алматыда шығармашылық орта қалып­тасқан. Мұнда суретшілер, музыканттар, ре­жис­серлер, дизайнерлер мен ІТ маман­дары шоғырланған. Қаладағы мәдени ат­мос­фера мен кәсіпкерлік белсенділік жаңа идеялардың тууына мүмкіндік береді. Екінші орында – Астана. Елордада 8,4 мың­нан астам кәсіпкер креативті индустрияда еңбек етеді. Кейінгі жылдары мұнда цифрлық технологиялар, контент өндірісі және медиа бағыттары белсенді дамып келеді. Ал Шымкентте 2,4 мыңнан астам шығармашылық кәсіпкер тіркелген. Соны­мен қатар Қарағанды, Алматы және Маң­ғыс­тау облыстары да бұл бағытта қарқынды өсім көрсетіп отыр. Бағыттар бойынша ең көп тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері халықтық қолөнер саласына тиесілі – 12 660. Қолөнершілер саны бойынша Алматы, Астана, Шымкент және Түркістан облысы алдыңғы орында.
Қазір Қазақстандағы креативті сектор­ларда 143 600 адам жұмыс істейді. Ең көп еңбек ресурсын қажет ететін салалар – IT, сәулет өнері, сән индустриясы, мәдени-демалыс мекемелері, кітапханалар, музей­лер және халықтық қолөнер. Бұл көрсет­кіштер креативті индустрияның экономи­калық маңызын айқын дәлелдейді.

Қордың міндеті қандай?

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Креативті индустрияларды дамыту қорының кеңсесіне арнайы барып, жұмыс барысымен танысқан еді.  Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қор салаға жүйелі қолдау көрсететін негізгі орталыққа айналуға тиіс.  Мұнда талант­тар­ды қолдау, инфрақұрылым қалыптас­тыру, инвестиция тарту, креативті өнімді ілгерілету және экспортқа шығару бағыт­тары біртұтас жүйеге біріктіріледі. Қордың жаңа кеңістігі идеядан бастап өндіріс пен өнімді нарықта ілгерілетуге дейінгі толық циклді қамтитын шоурум форматында та-
н­ыс­тырылды. Президентке зергерлік және ағаш өңдеу шеберханалары, музыкалық кеңістіктер, кілем өнері залы, суретшілер залы және fashion-аймақ сынды тақырып­тық алаңдар көрсетілді. Ерекше назар аудар­т­қан нысандардың бірі – Yurt Capsule иммерсивті кеңістігі болды. Мұнда киіз үйдің дәстүрлі пішіні цифрлық өнер, муль­тимедиялық контент және мәдени баяндау арқылы заманауи технологиялық сипатта жаңаша ұсынылған.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева: «Қордың басты міндеті – саладағы бытыраңқылықты еңсеру. Қазақстанда мықты авторлар, дизайнерлер, музыканттар, қолөнер шеберлері, кино, анимация, сән, цифрлық өнер және басқа да бағыттардың өкілдері бар. Алайда олардың көпшілігі бір-бірі­нен оқшау дамып келеді. Креативті мамандардың тұрақты инфрақұрылымға, кәсіби сараптамаға, инвестицияға және өнімді ілгерілету арналарына қол жеткізу мүмкіндігі әлі де шектеулі. Қор әкімшілік құрылым емес, саланың жүйелі операторы болуы керек. Оның негізгі рөлі – талантты, өндірісті, нарықты және сыртқы мүмкін­діктерді өзара байланыстыру. Басқаша айтқанда, креативті маман өз идеясымен қайда жүгіне алатынын, қандай қолдау ала алатынын, өнімін қалай рәсімдеп, ауди­ториясын қалай табатынын және жергілікті нарық шеңберінен қалай шыға алатынын нақты түсінуге тиіс», – деген болатын.
Иә, Мәдениет және ақпарат министрлігі бұған дейін креативті индустрияны дамы­тудың жоспарын жариялаған еді. 2029 жылға дейін саладағы кәсіпкерлік нысан­дарының санын және шығармашылық өнімдердің экспортын жыл сайын 5 пайыз ұлғайту көзделген. Креативті өнімдер мен қызмет экспортын келесі жылы 100 млн АҚШ долларына жеткізу жоспары бар. 2028 жылға қарай 111 млн долларға дейін өсіру көзделіп отыр. Ал экспорттың құнын 2029 жылға дейінгі 116 млн-ға дейін жеткізбек. Бүгінде креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1 пайыз деңгейінде. Алдағы үш жылда оны 2 пайызға дейін ұл­ғайту міндеті тұр. Әрине, осы бір экономи­калық индикаторға қол жеткізу үшін креа­тивті индустрияның өнімділігін арттырған жөн. Ол үшін адами капиталды дамытып, жұмыспен қамту көрсеткішін ұлғайту қа­жет. Биыл 143 мың адам креативті индус­трия саласында еңбек етсе, келесі жылы бұл индикаторды 150 мыңнан, 2027 жылғы меже 158 мыңнан асыру. Ал 2029 жылға қа­рай 174 мыңнан астам адамды шығарма­шылық саласына жұмылдыру жоспары бар. Сол сияқты кәсіпкерлік нысандардың санын жыл сайын 5 пайыз көбейту міндеті тұр. Бүгінде 45 мыңнан астамы тіркелсе, 2027 жылы оны 52 мыңнан асыру қажет. Ал 2029 жылға қарай қойылған мақсат – 55 мыңға жеткізу. 
Көпшілік креативті индустрияны тек өнер немесе мәдениетпен байланыстырады. Алайда қазір бұл ұғым әлдеқайда ауқымды мағынаға ие. Сарапшылардың бағалауынша, әлемдік креативті индустрия нарығының көлемі 104 миллиард доллардан асады. Ал шығармашылық сектордың жалпы капи­талдануы 2,2 триллион доллардан жоғары. ЮНЕСКО деректеріне сүйенсек, креативті экономика әлемдік жалпы ішкі өнімнің шамамен 3 пайызын қамтамасыз етеді. Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 4,4 пайызға дейін жеткен. Ең бастысы – бұл сала милли­ондаған адамға жұмыс беріп отыр. Қазір әлем бойынша 50 миллионнан астам адам шығармашылық бағыттағы кәсіптермен айналысады. Олардың қатарында режис­серлер, дизайнерлер, бағдарламашылар, аниматорлар, музыканттар, сәулетшілер және ойын индустриясының мамандары бар. Бір қарағанда шығармашылық еңбек ретінде көрінетін бұл мамандықтардың арт­ында үлкен экономикалық әлеует жатыр.
Америкалық экономист, креативті класс теориясының авторы Ричард Флори­да: «Интеллектуалды және креативті адам­дар – экономиканың басты капиталы» деген болатын. Демек, XXI ғасырда мемле­кет­тердің байлығы тек жер қойнауындағы қазба байлықтармен немесе өндіріс көлемімен ғана өлшенбейді. Қазіргі әлемде идея, талант және шығармашылық ой ең құнды капиталға айналды. Сондықтан д­амы­ған елдер экономиканың жаңа драй­вері ретінде креативті индустрияға айрық­ша көңіл бөліп отыр. Еліміз үшін де ең маңызды міндеттердің бірі – шығармашыл адамдарға жағдай жасау. Өйткені болашақта елдің байлығы жер астындағы қазба бай­лық­пен емес, азаматтарының қиялы мен қабілеті арқылы жасалған өнімдердің құны­мен өлшенетін болады. Креативті индус­трия – дәл сол болашаққа апаратын жол.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары