Отбасы құндылығының өзегі не?

Отбасы құндылығының өзегі не?
сурет: istockphoto.com

Бұрын шаңырақ көтеріп, ұрпақ өрбіту өмірдің басты мұраты саналса, қазір отбасы феномені айтарлықтай өзгерісті бастан кешуде. Тұтас бір заманның ауысуымен бірге, отбасылық өмірге көзқарас пен соған байланысты құндылықтар жүйесі де құбыла бастады. оған себеп ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі ұғым­дардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени және технологиялық дүмпулердің әсерінен трансфор­мацияға ұшырауы. Кешегі күнге дейін үстемдік құрып келген ұжымдық тәртіп пен ортақ жауапкершілікке негізделген отбасылық құндылықтардың орнын біртіндеп жеке тұлғаның мүддесі мен даралану басып келеді. Осыған байланысты отбасылық өмірді ұйымдастырудың формалары да түрленіп, оның балама үлгілері көбейді.

«Қазақстандық қоғамдық даму инсти­туты» КеАҚ Әлеуметтанулық зерттеулер орталығы «Қазақстан қоғамындағы дәстүр­лерді жаңғырту: жаңа мінез-құлық норма­лары» деген тақырыпта арнайы зерттеу жүр­гізді. Мұндағы басты мақсат –  қоғамда орын алып жатқан жаңғыру процестері аясында отандастарымыздың құндылықтар жүйесі мен күнделікті өмірлік тәжірибелері туралы кең ауқымды, шынайы ақпарат жинақтау болды. 
Қазақстандықтар үшін өмірдегі ең ма-
ң­ызды нәрсе не? Респонденттердің басым көпшілігі (83,3 пайыз) отбасының қауіп­сіздігі мен әл-ауқатын өміріндегі ең маңыз­ды құндылық деп санайды. Бұл – қазақ қоғамының іргетасы шаңырақ пен отбасы жылуына сүйенетінінің айқын дәлелі. Ал өмірлік маңызы бар құндылықтардың екінші сатысына респонденттердің 41,2 пайызы «адал әрі сенімді достарды» қойған. Үштікті әрбір үшінші қазақстандық байлық пен қаржылық тәуелсіздік деп түйіндеген. 
«Өмірлік құндылықтарыңызға кім көбірек әсер етеді?» деген сауалға респон­денттердің 80 пайызы ең алдымен олардың отбасы (ата-аналары, жұбайлары, бала­лары) әсер етеді деп жауап берген. 
Отбасы құндылықтары – бұл әрбір шаңырақтың ішкі болмысы мен өзара қарым-қатынас өзегін айқындайтын іргелі қағидаттар мен мызғымас сенімдер жүйесі. Дәл осы ішкі темірқазық отбасы мүшелері­нің мінез-құлық мәдениетін, бір-біріне құрметі мен өзара байланысын нығайта түседі. Ең қызығы, әр отбасының өзіндік әлеуметтік-экономикалық жағдайына, этникалық тамыры мен діни наным-сенім­деріне байланысты бұл құндылықтар қоғамда жалпы қабылданған ортақ норма­лардан өзгешеленіп, өзіндік бірегей сипат алуы мүмкін. Тіпті, әр ошақтың өз заңды­лығы мен өмірлік философиясы бар.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ әзірлеген «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндама­сы (2024 ж) неке-отбасы қарым-қатына-
с­ындағы құндылықтарға талдау жасаған. Респонденттерге «Сіз үшін ең маңызды отбасы құндылықтары қандай?» деген сұрақ қойылған. 
61 жастан асқан адамдардың 65,1 пайызы, 29-45 жас аралығындағы респон­денттердің 64,5 пайызы, 18-28 жас ара­лы­ғындағы сауалнамаға қатысқандардың 61,8 пайызы және 46-60 жас аралығындағы орта жастағы респонденттердің 59,1 па-
й­ызы үшін некедегі маңызды шарт «Бір-біріне қамқорлық жасау, өзара сыйластық, қолдау» құндылығы деп санаған. Байқасақ, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі осы құндылықты ең маңызды деп жауап берген. 
Қамқорлық, құрмет және қолдау отба­сы ішіндегі мықты және сау қарым-қаты-
н­астардың негізін қалайды. Аталған құнды­лықтар отбасы мүшелеріне өзін сүйікті және маңызды сезінуге көмектеседі. Бұл өз кезегінде берік қарым-қатынастың даму­ы­на ықпал етеді және отбасындағы эмоция­лық тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Екінші маңызды отбасы құндылығы – махаббат. Ол көптеген отбасы қарым-қатынастарының негізі. Бұл бір-бірін сөзсіз қолдау мен қабылдау, сонымен қатар отбасы мүшелерінің арасында қауіп­сіздік сезімін сыйлайды. Сауалнамаға қа­тысқ­андардың жартысына жуығы оны маңызды отбасы құндылығы ретінде көр­сеткен. Респонденттердің барлық санат­тары үшін (жасы, жынысы және этникалық тобы бойынша) көрсеткіштер 42-49 пайыз аралығында. 
Қазақстандықтар үшін тағы бір ма-
ң­ызды отбасы құндылығы – балалар. Са­уал­­намаға қатысқандардың барлық санаты үшін бұл жауап нұсқасының көрсеткіштері (18-28 жасқа дейінгі жас буын өкілдерін қоспағанда) 38 пайыздан 42 пайызға дейін тіркелді. Ал жастар арасында бұл көрсеткіш 29,6 пайызды құрады. 
Тереңдетілген әлеуметтік сұхбаттар қазір қоғамда «отбасы құндылықтары» ұғымының өзі әр үйде әртүрлі қабыл­да­натынын көрсетті. Тіпті, біршама респон­дент бұл сұраққа жауап бере алмай тосырқап қалған. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың кейбірі өз шаңырағының басты құндылығын «сабыр мен тыныштық» деп сипаттаған. Ал бұл таңдаудың себебін сұрағанда: «Бәрі өз орнында, бәріміз табыс табамыз. Балаларға ата-әжесі қарайды, балалар оқиды», – деп, тұрмыстық үйле-
с­імді бәрінен биік қойған. Жалпы алғанда, отан­дастарымыз отбасылық құнды­лық­тардың өзегі ретінде денсаулықты, шынайы сүйіспеншілік пен өзара сыйластықты, ізгі ниет пен бір-бірін қолдауды, әділеттілік пен өз әулетінің шежіресіне қызығу­шылықты алға тарқан. 
Осы талдауларға сүйене отырып, зама­науи отбасылардың басым бөлігі тек өз ошағының ішкі тұтастығына, тікелей қарым-қатынастарға ғана бағыттала баста­ғанын аңғару қиын емес. Бұл үрдіс тереңдей келе ұрпақтар сабақтастығын сақтау, алыс-жақын туған-туыстармен тығыз байланыс орнату сияқты бұрынғы іргелі құндылық­тардың қазіргі отбасылар үшін біртіндеп бәсеңдеп бара жатқанын аңғартады. Бас­қаша айтқанда, Қазақстан отбасылары бірте-бірте нуклеаризациялану, яғни үлкен әулеттен бөлініп, тек ата-ана мен баладан ғана тұратын шағын отауға айналу және даралану үдерісін бастан кешуде.
Қазақстандық отбасылардың құнды­лықтар динамикасын салыстыру мақса­т­ында 2022 және 2024 жылдардағы «Қа­зақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы аясында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртсек, белгілі бір тұрақтылықты байқаймыз. Барлық жауап нұсқалары бойынша айырмашылық 5 па-
й­ыздан аспайды. Десе де, халық арасындағы ең танымал таңдау – «бір-біріне қамқорлық жасау, өзара құрмет пен қолдау» көрсет­кі­шінің 10,1 пайызға төмендегені ойлантады...
Атам заманнан қазақ халқының дәс­түрлі болмысында ұрпақтар сабақтастығы мен ағайын-туыспен араласу отбасылық құндылықтарды сақтаудың алтын діңгегі болып келді. Дәл осы жақындармен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы аға ұрпақ­тың жинақтаған білімі мен өмірлік тәжіри­бесі, тарихы мен мәдени қайнар көздері кейінгі толқынға мирас болып қалатын. Ошақ қасындағы қариялар мен әулет үл­кендерінің балалар мен немерелерге айта­тын өнегелі әңгімелері мен ғибратты өси­ет­тері әрбір жас буынның өз түп-тамырын тереңнен танып, жеке тұлғалық және ұлттық сәйкестігін нық қалыптас­тыруына ықпал ететін негізгі күш. Сондық­тан бұл байланыстың үзілмеуі – қоғамдық тұтас­тық­тың кепілі.
Зерттеу нәтижелерінің жас ерекше­лік­теріне үңілсек, ұрпақтар арасында отбасы феноменін қабылдаудың қызықты дина­микасын байқауға болады. Ең төменгі жас деңгейінен ең ересек топтарға қарай жыл­жыған сайын, отбасын «бақыт пен махаб­бат» ретінде қабылдау көрсеткіші біртіндеп төмендей береді. Мәселен, 18-28 жас пен 29-45 жас топтарының арасында аталған құндылықтың маңыздылығы шамамен 10 пайызға бірден құлдыраған. Бұл көрсеткіш тұрмыстық шынайылық пен отбасылық жауапкершіліктің артуы сезімталдық дең­гейін төмендететінін айғақтайды. Жастар үшін отбасы бақыт пен махаббаттың символы болса, ересек тұлғалар үшін (46 жас және одан жоғарылар) бұл ұғым тіке­лей ұрпақ жалғастыру миссиясымен байла­ныстырады. Яғни, жас ұлғайып, өмірлік тәжірибе жинақтаған сайын, сондай-ақ ата-ана атанғаннан кейін қазақстан­дықтардың отбасына пайымы өзгереді. Жастық шаққа тән идеалистік сезімдер уақыт өте келе орнықты прагматикалық көзқарасқа ауысады.
Әлеуметтік сауалнама барысында ерлер мен әйелдердің неке институтына қатысты пайымдарын жыныстық ерекшеліктер тұрғысынан талдау барысында өте қызық­ты заңдылықтар анықталды. Ер-азаматтар үшін неке феномені көбіне табиғи инс­тинкттер мен жауапкершілікке негізделсе, әйелдер қауымы мұны ең алдымен нәзік сезіммен өлшейді. 
Отбасын шағын әлеуметтік топ тұрғы­сынан қарастырсақ, оның беріктігі мен үйлесімді дамуы ішкі қарым-қатынас­тардың сауатты құрылуына тікелей байла­н­ысты. Ошақ қасындағы өзара түсіністік, ерлі-зайыптылар арасындағы құқықтар мен міндеттердің әділ бөлінуі, жауапкер­шілік жүгін тең арқалау, сондай-ақ отбасы мүшелері арасындағы көшбас­шылық пен билік тізгінінің кімде болуы кез келген шаңырақтың ішкі тұрақтылығын айқын­дайды.
Зерттеудің нәтижелері қазақстандық отбасылардың басым көпшілігінде басқару тізгіні әлі де ер адамның қолында екенін, яғни отағасының көшбасшылық рөлі басым екенін нақтылады. Десе де, заманауи үрдістер де жоқ емес. Сауалнама барысында «Маңызды шешімдерді бірлесіп қабыл­дай­мыз» деген ұстаным жас ерекшеліктеріне қарай біртіндеп, кезең-кезеңімен өсіп отыратыны байқалды.
Бұл ретте ең үлкен айырмашылық 18-28 жас аралығындағы жастар тобында бай­қалады. Жастар есейе келе, бірлесіп шешім қабылдау үрдісі 12,7 пайызға төмен­деп, дәл осы кезеңде отбасындағы әкенің рөлі 11,2 пайызға бірден артқан. Әлеу­меттанушылар бұл құбылысты заңдылық деп түсіндіреді. Қазақстан­дықтардың басым бөлігі дәл осы 18-28 жас аралығында отау құрып, өз алдына бөлек шығады. Олар ата-анасының қасынан кетіп, әке басшылық ететін өз шаңырағының негізін қалайды. Осылайша, ата-бабадан қалған отбасын басқарудың дәстүрлі үлгісі мен әкенің рөлі жаңа ұрпақ арасында қайта жаңғырып, сабақтастық тауып отырады.
Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Осы бағытта респонденттерге: «Сіз балаларыңыздың бойына ең алдымен қандай құндылықтарды сіңіресіз?» деген сұрақ қойылған.  Сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың перзент тәрбиесіндегі ең басты темірқазығы ретінде еңбекқорлық, әділдік және үлкендерді құрметтеу секілді асыл қасиеттерді бағалайтынын көрсеткен. Атап айтсақ, «еңбекқорлық» нұсқасын таң­да­ған респонденттер келесідей бөлінді: 61 жастан асқан аға буын өкілдері – 51 пайыз, 29-45 жас – 38,3 пайыз, 46-60 жас – 32,4 пайыз, ал 18-28 жастағылар – 26,8 пайыз. 
Алайда бұл құндылықтарды бала бойы­на сіңіруде әртүрлі буын өкілдерінің ара­сында өзіндік көзқарас алшақтығы бары байқалады. Мәселен, тәрбиеде «еңбек­қор­лыққа» басымдық беретін респонденттердің жас ерекшелігі келесідей сипатта бөлінді: 61 жастан асқан аға буын өкілдері бұл нұсқаны ең жоғары деңгейде, яғни 51 пайызға жуығы қолдаған. Өмірдің ыстық-суығын көріп, еңбектің наны тәтті екенін біліп өскен егде жастағылар үшін бұл қасиет әлі де бірінші орында. 29-45 жастағы орта буын ата-аналардың 38,3 пайызы баланың еңбекқор болып өскенін қалайды. 46-60 жастағы респонденттердің 32,4 пайызы еңбек ету қабілетін тәрбиенің негізі деп есептейді. Ал 18-28 жастағы жас ата-аналарда бұл көрсеткіш ең төменгі межеде, яғни 26,8 пайызды құрады.
Бұл статистика заманауи жастардың бала тәрбиесінде еңбек үдерісінен бұрын, өзге де заманауи немесе жеке тұлғалық құндылықтарға көбірек мән бере баста­ғанын аңғартады. Десе де, аға буынның еңбекке құрметті жоғары бағалауы ұлттық тәрбие мектебінің негізгі өзегі әлі де берік екенінің көрінісі.
Жүргізілген терең талдаулар қоғам мүшелерінің жас ерекшелігіне, жынысына немесе этникалық тобына қарамастан, қазақ­стандықтардың перзент тәрбиесіндегі ортақ мұраты айқын екенін көрсетеді. Ол – еңбекқорлық, әділдік және үлкендерді құрметтеу секілді мызғымас қасиеттер. 
Ата-аналардың балалардың бойына сіңіруге тырысатын ең негізгі ұстанымдары бірегейлігін жоғалтпағаны қуантады. Бұл құндылықтар қоғамның рухани діңгегі мен ұлттық тәрбие мектебінің алтын арқауы әлі де мығым екенін дәлелдейді.
Отбасы құндылықтары – кез келген шаңырақтың ішкі тұрақтылығы мен берік бірлігін қамтамасыз ететін, үйлесімді қарым-қатынастардың негізін қалайтын басты темірқазық. Мұндай ауқымды әлеу­меттік талдау қазақстандықтар үшін отба­сы­лық құндылықтардың символы – 
бір-біріне деген шынайы қамқорлық, махаббат, өзара қолдау, құрмет, сенім және терең түсіністік екенін айқын көрсетті. Отандас­тарымыздың пайымынша, дәл осы асыл қасиеттер отбасы ішіндегі береке мен жылу­лықты сақтап тұрудың басты кепілі. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары