Қыста неге көп ұйықтау қажет?

/
Қыста неге көп ұйықтау қажет?
cурет: istockphoto.com

Қысқы «ұйқы режимі» тек аюлар мен кірпілерге ғана тән емес. Ғалымдардың айтуынша, суық маусымда адам ағзасы да көбірек демалуды қажет етеді. Әрине, бұл нағыз мағынадағы қысқы ұйқы емес, бірақ табиғи факторлардың әсері айқын сезіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Берлин денсаулық институты, Шарите университеттік клиникасы және Әулие Ядвига ауруханасының (Германия) ғалымдары суық мезгілде адам ағзасында қандай өзгерістер болатынын зерттеді. Зерттеуге жасы 17 мен 81 аралығындағы, қалада тұратын және түрлі ұйқы бұзылыстары бар 188 адам қатысқан. Нәтижелер Frontiers in Neuroscience журналында жарияланды.

Қатысушыларға үш түн қатарынан оятқышсыз, антидепрессанттар мен тыныштандыратын дәрілерсіз ұйықтау тапсырылды. Осы уақыт ішінде олардың ұйқысы полисомнография әдісімен бақыланды. Зерттеу көрсеткендей, жыл мезгіліне қарай ағзаның демалысқа деген қажеттілігі расымен өзгереді.

Мәселен, күзде адам ұйықтап кеткеннен кейін тезірек жылдам ұйқы фазасына өтеді. Ал көктемде бұл кезең орта есеппен 25 минутқа ұзарады. Қыста жылдам ұйқы фазасының өзі де ұзаққа созылады: қыркүйек, желтоқсан және қаңтар айларында ол шамамен 100 минут болса, сәуір мен маусымда 70 минутпен шектелген.

Баяу толқынды ұйқы салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, қыста оның да ұзақтығы арта түседі. Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыстың басты себебі – күн жарығының ұзақтығы. Қыста күн қысқа, жарық аз, сондықтан ағза көбірек демалуға ұмтылады.

Бұған қоса, күн сәулесінің аздығы D дәруменінің тапшылығына әкеледі, ал бұл өз кезегінде серотонин – «қуаныш гормонының» бөлінуін төмендетеді. Нәтижесінде адам өзін әлсіз, енжар сезініп, жылы көрпенің астында ұзақ жатып демалғысы келеді.

Ғалымдар қыста ұйқының ұзаруын жалқаулық емес, ағзаның табиғи бейімделу механизмі деп түсіндіреді. Яғни суық маусымда көбірек ұйықтағың келсе – бұл қалыпты жағдай.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары