Әлемде көлік жөндейтін білікті мамандар тапшылығы күшейіп барады. Болжам бойынша, 2030 жылға қарай автомобиль өнеркәсібіне 4,3 миллионға жуық механик пен техник жетіспеуі мүмкін. Бұл мәселе қарапайым автокөліктерге қызмет көрсететін орталықтардан бастап «Формула-1» жарысына қатысатын командаларға дейін әсер етуі ықтимал. Бұл туралы Motorsport басылымы хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Маман тапшылығын азайту үшін Aston Martin Formula One командасы мен Valvoline компаниясы жастарды автомеханик мамандығына тартуға кіріскен. Олар болашақ мамандарға шәкіртақы беріп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, тәжірибеден өтуге мүмкіндік ұсынып жатыр.
2025 жылы басталған Aspiring Mechanics бағдарламасы қазір жеті елде жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Испания, Мексика, Аустралия, Таиланд және Португалияда. Осы уақытқа дейін мыңнан астам жас маман оқыту мен тәжірибелік сабақтарға қатысқан.
Бағдарлама аясында Valvoline бес жыл ішінде 1 миллион доллар бөліп, кемінде 10 мың болашақ автомеханикке қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.
Бір қызығы, «Формула-1» жарысында бір команданың өзінде 50–75 механик пен техник жұмыс істейді. Олар жарыс машиналарын құрастыруға, жөндеуге, тексеруге және жарысқа дайындауға жауап береді.
Ал пит-стоп кезінде бір көлікке бір мезетте шамамен 20 маман қызмет көрсетеді. Олар небәрі үш секунд ішінде төрт дөңгелекті ауыстырып, машинаны қайта жарыс жолына шығара алады.
Aston Martin мен Valvoline осы тәжірибені жастарға жақыннан таныстыруды көздейді. Мәселен, Испаниядағы студенттер арнайы шеберханада тәжірибеден өтіп, «Формула-1» командасының гаражын аралаған. Олар әйгілі жарыс жүргізушісі Фернандо Алонсо мен оның командасының жұмысын жақыннан көруге мүмкіндік алған.
Ал Мексикадағы студенттер автожарыс фестивалінде механиктердің көмекшісі болып жұмыс істеген. Кейбір қатысушылар Мексика Гран-приі кезінде Aston Martin командасының мамандарынан тәжірибелік сабақ алған.
Valvoline өкілі Густаво Шмидттің айтуынша, автомеханиктердің жұмысы көліктің жылдамдығын ғана емес, оның сенімділігі мен қауіпсіздігін де қамтамасыз етеді.
«Білікті механиктерсіз әлемдік көлік жүйесінің жұмысы тоқтап қалуы мүмкін. Сондықтан жастардың осы мамандыққа қызығушылығын арттырып, оларға нақты тәжірибе жинауға мүмкіндік беру маңызды», – дейді ол.
Компаниялар болашақта бағдарламаға қатысқан жастардың кейбірі тіпті «Формула-1» командаларына жұмысқа орналасуы мүмкін деп үміттенеді.
Сарапшылардың пікірінше, автомобиль өнеркәсібінде жаңа технологиялар дамыған сайын көліктің механикалық құрылымын ғана емес, электроникасы мен цифрлық жүйелерін де түсінетін мамандарға сұраныс арта түспек.