Cambridge Dictionary сөздігі 2026 жылдың басты сөзі ретінде «human» («адам», «адамға тән») сөзін таңдады. Бұған жасанды интеллектінің қарқынды дамуы және адам мен машина арасындағы айырмашылықтың барған сайын көмескіленуі себеп болған. Бұл туралы Associated Press хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сөздік құрастырушыларының айтуынша, жасанды интеллект мәтін жазып, сурет салып, музыка шығара бастағаннан бері адамдар бұрын аса мән бермеген сұраққа қайта оралған: адамды адам ететін не?
Бүгінде интернетте human-made («адам жасаған») деген тіркес жиі қолданыла бастады. Адамдар мен компаниялар мәтіннің, суреттің немесе басқа шығармашылық жұмыстың жасанды интеллект емес, адамның өз қолымен жасалғанын ерекше атап көрсетуге тырысады.
Cambridge Dictionary сөздігінің редакторы Колин Макинтоштың айтуынша, жасанды интеллект адамның өзі туралы түсінігін де өзгертіп жатыр.
«Жасанды интеллект адам болудың мәні туралы қалай сөйлейтінімізді өзгертуде. Ойлау жұмысын технологияға тапсырған сайын нені жоғалтуымыз мүмкін деген алаңдаушылық бізді оған қаншалықты тәуелді екеніміз туралы қайта ойлануға мәжбүр етті», – дейді ол.
Бір қызығы, «human» сөзі ағылшын тілінде XV ғасырдан бері қолданылып келеді. Ол латынның humanus сөзінен шыққан. Cambridge Dictionary оны «адамға тән қасиеттері, кемшіліктері мен сезімдері бар, құдайлардан, жануарлардан немесе машиналардан өзгеше» деп түсіндіреді.
Бұл таңдауға Microsoft компаниясының негізін қалаушылардың бірі Билл Гейтс те пікір білдірген.
«Жасанды интеллект бізді адам болудың мәні туралы тереңірек ойлануға итермелейді. Оның жетістігін қаншалықты дамығанымен емес, адамдардың өмірін қаншалықты жақсартқанымен өлшеу керек», – дейді ол.
Соңғы жылдары әлемдегі беделді сөздіктердің таңдауы жасанды интеллектімен жиі байланысты болып жүр. Мәселен, 2023 жылы Collins Dictionary «AI» сөзін таңдаса, Cambridge Dictionary «hallucinate» сөзін жылдың басты сөзі деп жариялаған. Ол жасанды интеллектінің шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат ойдан шығаруын сипаттайды.
Ал 2025 жылы Merriam-Webster сөздігі жасанды интеллект жасаған сапасыз контентті білдіретін «slop» сөзін таңдаған.
Осылайша 2026 жылы технологияға қатысты жаңа термин емес, ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан «адам» сөзі алдыңғы орынға шықты. Сөздік мамандарының пікірінше, бұл қоғамның жасанды интеллект не істей алады деген сұрақтан адамды не ерекшелендіреді деген сұраққа көбірек назар аудара бастағанын көрсетеді.