Басшылық құрамында әйелдердің үлесі теңгерімді компаниялар қаржылық жағынан жақсы нәтижелерге жиірек қол жеткізеді. Мұндай ұйымдарда қызметкерлерді жұмысқа тарту және сақтап қалу мүмкіндігі де жоғары болуы мүмкін. Бұл туралы Grant Thornton халықаралық консалтинг компаниясының Women in Business 2026 зерттеуінде айтылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілер басшылық қызметтегі гендерлік теңдікті қолдайтын орта бизнес компанияларының табысы мен қызметкерлер саны жиірек өсетінін анықтаған.
Мәселен, гендерлік теңдік бастамаларын жалғастырып, жаңаларын енгізуді жоспарлаған компаниялардың 73%-ында жылдық табыс 5%-дан астам өскен. Ал 56,2%-ы қызметкерлер санын, 48,8%-ы экспорт көлемін арттырған.
АҚШ-та сауалнамаға қатысқан компаниялардың 22%-ы гендерлік теңдікке бағытталған шаралар қаржылық көрсеткіштерінің жақсаруына ықпал еткенін айтқан. Әлемдік көрсеткіш 19%-ды құрайды.
Зерттеу сондай-ақ инвесторлардың компания басшылығындағы әйелдер мен ерлердің арақатынасына көбірек назар аудара бастағанын көрсетті. АҚШ-тағы кәсіпорындардың 36%-ынан инвесторлар осыған қатысты мәлімет немесе гендерлік теңдікті жақсарту жоспарын сұраған.
Бұл үрдіс жұмыс іздеушілер арасында да байқалады. Америкалық респонденттердің 82%-ы жаңа қызметке орналасарда компанияның тең мүмкіндіктер жасауға қаншалықты мән беретінін ескеретінін айтқан.
Сарапшылардың пікірінше, басшылық құрамында әртүрлі тәжірибесі мен көзқарасы бар адамдардың болуы шешім қабылдау сапасын жақсартып, жаңа идеялардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Ал қызметкерлердің еңбегін бағалау және мансаптық өсуге тең мүмкіндік беру ұжымдағы сенімді нығайтуға көмектеседі.
Бір қызығы, мұндай артықшылықтарға қарамастан, АҚШ компанияларындағы жоғары басшылық қызметтерде әйелдердің үлесі азайып барады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 35% болса, 2025 жылы 34%-ға, ал 2026 жылы 31%-ға төмендеген.
Дегенмен зерттеу әйел басшының болуы компания табысын міндетті түрде арттыратынын немесе қызметкерлердің жұмыстан кетуін тікелей азайтатынын дәлелдемейді. Негізгі қорытынды – басшылықтағы гендерлік теңгерім мен оны қолдауға бағытталған саясат компанияның өсімі және мамандарды тарту мүмкіндігімен байланысты.
Зерттеушілердің пікірінше, компанияның табысты болуы үшін басшының жынысынан гөрі әртүрлі көзқарастарды ескеру, қабілетті мамандарға тең мүмкіндік беру және ұжымдағы сенімді қарым-қатынас маңызды.