Ми көлемі мен интеллект арасында байланыс бар – ғалымдар жаңа дерек анықтады

/
Ми көлемі мен интеллект арасында байланыс бар – ғалымдар жаңа дерек анықтады
cурет: istockphoto.com

Адамның ойлау қабілеті мен миының құрылымы бір-біріне әсер етуі мүмкін. Ғалымдар ми қыртысының беткі ауданы үлкен адамдардың логикалық ойлау, сөз бен сандарға қатысты тапсырмаларды орындау көрсеткіштері сәл жоғары болатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Human Brain Mapping ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеушілер Ұлыбританиядағы UK Biobank медициналық деректер қорына енгізілген 11 289 адамның мәліметін талдаған. Қатысушылардың жасы 45 пен 80 аралығында болған.

Ғалымдар магниттік-резонанстық томография (МРТ) арқылы олардың ми құрылымын зерттеп, танымдық қабілеттерін арнайы тестпен салыстырған. Қатысушылар екі минут ішінде сөздер, сандар және логикалық байланыстарға қатысты 13 сұраққа жауап берген.

Нәтижесінде ми қыртысының беткі ауданы үлкен адамдардың тапсырмаларды орындау көрсеткіштері орта есеппен жоғарырақ болған.

Әсіресе жоспарлау, шешім қабылдау және есте сақтау үдерістеріне қатысатын маңдай бөлігі мен ақпаратты, соның ішінде тілдік және дыбыстық ақпаратты өңдеуге қатысатын самай бөлігінде байланыс айқынырақ байқалған.

Бір қызығы, ғалымдар бұл байланыс екі бағытта да жұмыс істеуі мүмкін екенін анықтаған. Генетикалық талдау нәтижелері бойынша, ми қыртысының үлкен болуы танымдық қабілеттерге әсер етуі ықтимал. Ал танымдық қабілеттердің өзі де ми қыртысының құрылымымен байланысты өзгерістерге ықпал етуі мүмкін.

Алайда бұл мидың көлемі үлкен адам міндетті түрде ақылды болады деген сөз емес.

Зерттеушілердің есептеуінше, ми қыртысының жалпы беткі ауданы тест нәтижелеріндегі айырмашылықтың небәрі 2,4%-ын түсіндіреді. Демек адамның ойлау қабілеті көптеген басқа факторларға да байланысты.

Сонымен қатар интеллект бұл зерттеуде қысқа тест арқылы ғана бағаланған. Ал адамның жалпы ақыл-ой қабілеті одан әлдеқайда күрделі.

Ғалымдар генетикалық талдау себеп-салдар байланысының болуы мүмкін екенін көрсеткенімен, оны толық дәлелдемейтінін ескертеді.

Зерттеу авторларының пікірінше, алынған нәтижелер ми құрылымы мен адамның танымдық қабілеттері арасындағы байланысты тереңірек түсінуге көмектеседі. Бірақ бұл деректер арқылы жеке адамның интеллект деңгейін оның миының өлшеміне қарап анықтау мүмкін емес.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары