сәрсенбі, 2 сәуір, 2025

iPhone жеке дәрігерге айналады: Apple «Денсаулық» қосымшасын жаңартпақ

/
сурет: istockphoto.com

Жасанды интеллект әр адамды орташа көрсеткіштерге емес, оның жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып бақылайды.

Apple iPhone-ды жеке дәрігерге айналдыратын жаңа мүмкіндіктерді әзірлеуде. Bloomberg мәліметінше, «Денсаулық» (Health) қосымшасының алдағы жаңартуы жасанды интеллекттің көмегімен пайдаланушының денсаулығы туралы нақты ұсыныстар беруге мүмкіндік жасайды.

Жүйе жүрек соғысы, ұйқы сапасы, тамақтану тәртібі, жаттығулар, жүріп өткен қадамдар, тіпті құлаққап пен камера арқылы алынған мәліметтерді талдайды. Алынған ақпарат негізінде iPhone қолданушыға жеке кеңестер береді: мысалы, кешкі кофе мөлшерін азайту, күн тәртібіне серуенді қосу немесе жүрек соғысы жоғарылаған жағдайда тамақтану тәртібін өзгерту.

Ең бастысы – әр адамға жеке бейімделу. Жасанды интеллект әр адамды орташа көрсеткіштерге емес, оның жеке ерекшеліктеріне сүйене отырып бақылайды. Инсайдерлердің айтуынша, iPhone ауруларды ерте кезеңде, клиникалық белгілер байқалмай тұрып анықтауға қабілетті болады. Бұл технологияны дамытуға кардиологтар, диетологтар мен физиотерапевттер тікелей қатысып жатыр.

Apple-дің бұл қадамы денсаулық мониторингінің жаңа деңгейге шығатынын көрсетеді – енді гаджет тек деректер жинап қана қоймай, оларды түсіндіретін және нақты әрекет жоспарын ұсынатын жеке көмекшіге айналады.

Бөлісу: