Кванттық физикамен айналысатын әлемдегі жалғыз офтальмолог – қазақ

"Басқа елде жоқ бұл технология біздің елге бірінші болып жетсе деймін. Біз қашанға дейін даму­шы ел болып жүре береміз? Біз де дамы­ған ел болайық. Біз де еңсемізді тіктеп, ал­дыңғы қатарда тұрайық. Ол үшін бізде бәрі бар ғой. Қаражат та, әлеует те. Ресурс та бар. Құдайға шүкір, кедей ел емеспіз. Тек осыны тиімді пайдалана білу керек".

Кванттық физикамен айналысатын әлемдегі жалғыз офтальмолог – қазақ
1833

Қарағандылық Мұхит Құлмағанбетов бір ай бұ­рын Гонконгтегі кванттық оптика зерт­ха­на­сының жетекшісі қызметіне тағайындалды. С.Асфендияров, Кардиф университеттерінде бі­лі­мін жетілдірген офтальмолог маман 7 елден келген 7 ма­манмен бір топта әлемде жоқ құрылғыны жа­­сақ­тап шығарған. Әрі ол 2018 жылы физика са­ла­сы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Дон­на Стри­клендпен бірлесіп ғылыми жоба әзірлеуде. Ал­дағы уақытта Канада, Гонконг, Англияда жиған-тер­генін елдегі жас мамандарға үйретіп, жеке кли­ника ашқысы келетін Мұхитқа хабарласып, әң­гімелескен едік.

– Дәрігерлер отбасында тәрбиеленіп-өскен сіз ба­ла кезден нейрохирург болу­ды армандаған екен­сіз. Кейін оф­та­ль­молог мамандығын таңдауыңызға не түрт­кі болды? 
– Медициналық университетке түскен кез­де көп нәр­сені біле бермейміз ғой. Елдің құ­лағында не жүр, соны таңдауға тырысамыз. Әр сарбаз әскерде жүргенде, жо­ғары шенді ар­­­мандайды ғой. Сол секілді біз де өз са­ла­­мыздағы ең беделді мамандықты игеруге ты­­рысамыз. Ақ халатты киіп алып, қолға түр­лі құрал ұстап, адамның ең күрделі ор­га­нына ота жасау – менің ғана емес, ме­ду­ни­­вер­ситетке түскен әрбір студенттің арманы. Әсі­ресе, көп талапкер кардиохирург немесе ней­рохирург бол­ғысы келеді. Бастапқыда бұл қиял қалпында жүреді, со­сын оқи келе әр­бірінің қабілеті ұштала түскен кезде, ме­­ди­ци­на­ның мүлде басқа саласына ден қояды. Хи­рург болу­ды мақсат еткен құрдастарымның бі­рі қан көргенде шы­дамаса, енді бірі нау­қас­тың қайтыс болғанын жү­регіне жақын қа­былдайды. Ал менің таңдауымды өзгертуге се­беп болған бірнеше жайт бар. 4-курс оқып жүр­генде маған дәрігерлер глаукоманың даму қау­пі бар деген диагноз қойды. Сол кезден бас­тап мидан гөрі көздің құрылысын зерт­теуді қолға алдым.

Оған қоса, бізді студент кез­де түрлі ауруханаға, түрлі бөлімге жі­бере­тін. Сол кезде науқастардың «Жанарымды ал­ғанша, жанымды алсаң етті» дегенін жиі ес­титінмін. Әсіресе, егде жастағылардың дә­рі­гердің алдында «Немеремнің түр-әлпетін, күл­генін көргім келеді» деп жылап отырғанын сан рет көрдім. Көзі онша көрмейтін және за­ғип жандардың осылай көз жасын көл қы­лып отырғанын бақылаған сайын көру қа­білетінің маңызын терең түсініп, бұл фәнидегі бас­ты арман көз жанарынан айырылып қал­мау екенін ұғындым. Сөйтіп, сол жанарды «тү­зетіп» жүретін маман болуды мақсат еттім. Оған қоса, өз көзімнің саулығын ойлап, зерт­теу жасағаным да ықпал етті. Соқыр болып қал­май тұрғанда әлемді аралағым келді. Бү­гін­де сол кезде діттегенімнің бәрі іске асты. Қа­зір мен  – әлемді аралап жүрген офталь­мо­лог­пын (күліп). 
– Кардиф университетінің (Ұлыб­ри­та­ния) грантын жеңіп алу тіпті бри­тан­дықтардың өзіне қиынға соғып жатады. Ал сіз ол шәкіртақыны қалай иелендіңіз?
– Студент кезде Ұлыбританияға кон­фе­рен­цияларға барғанда Кардифте жұмыс іс­тей­тін профессорлармен танысқанмын. Олар «Біз­ге келіп оқы» деп үнемі шақыратын. Алай­да ол кезде мен шетелге кетуді еш ойла­ма­дым. «Сәті келгенде көрермін» деп жүре бер­дім. Бірақ олар қайта-қайта хабарландыру жі­беріп қоймады. Мейлі, бағымды сынап кө­рейін деп құжаттарымды тіркедім. Ақырында 600 талапкердің ішінде бағы жанған 7-еудің бірі атандым. Сөйтіп, Кардиф университетінің докторанты атандым. Ондағы про­фес­сор­ла­рым оқу бітірген соң сонда қалып, жұмыс іс­тегенімді қалады. Оқу бітіруге жақын қал­ғанда Ұлыбританияның бірнеше университеті бір­лесіп жұмыс істеуге шақырды. Алайда одан ер­терек, 2-курста оқып жүргенімде Канададан жақ­сы бір ұсыныс келіп түскен еді. Ғылыми жұ­мыстарымды жіті зерттеген олар ин­женерия мен физикадан хабардар оф­та­ль­мо­лог іздеп жүр екен. Оларға жай офтальмолог емес, инженер-офтальмолог керек болды. Ал мен Кардифте оқып жүргенде оф­та­ль­мо­ло­гиядағы автоэлектроника бағытын зерттеп, оп­тикалық құрылғылар құрастыруды үй­ренгенмін. Канадалықтар хабарласқан кезде оп­тикалық когерентті томограф құрастырып жүр­генмін. Олар «Сенің жұмысың туралы есті­дік» деп жұмысқа шақырды. Алайда мен «Алдымен оқуымды аяқтап алайын» деп кі­дірте тұрдым. Сосын оқу бітірер кезде олар «Гон­конгте жаңа зертхана ашылғалы жатыр. Егер келіссең, сені сонда жібереміз. Бірақ жы­лына бірнеше рет Канадаға келіп тұруға тиіс­сің. Сен бізге де керек мамансың» деп ұсы­ныс айтты. Ойлана келе, Канаданың ор­нына Гонконгке баруға келістім. Гонконгті таң­дауымның басты артықшылығы – мұнда өз зертханамды жасақтауға және оның же­тек­шісі болуға мүмкіндік болды. Екіншіден, бұл елде жасап шығарған құрылғыңды ком­мер­циялауға болады. Мемлекет, басқа де­меу­шілер мұндай инновацияны қос қолдап қол­дайды. Канададағы профессорлармен ты­ғыз жұмыс істеймін, бірақ негізгі базам Гон­конгте орналасқан. Жарты жыл Канадада, жар­ты жыл Гонконгте жүремін. Осылайша, екі елдің арасында шапқылап жүргеніме 2 жыл­дан асты. Биыл қаңтарда дәрежем жо­ғарылап, аға ғылыми қызметкер атандым. Әрі зерт­хана жетекшісі қызметіне бекітілдім. Әдет­те, мұндай лауазымға қол жеткізу үшін 5-6 жыл кететін. Бағыма қарай, мен бұл ме­жені 2 жыл ішінде бағындырдым.
– Инженер-офтальмолог дегенді бі­рін­ші рет естіп отырмын. Түсінуімше, сіз­дердегі басты мақсат офтальмология мен физиканы бір-бірімен ұштастырып, тың нәрсе ойлап табу ғой?
– Басты мақсат – кванттық физикадағы тү­сі­ніктер мен теорияларды офталь­мо­ло­гия­лық бағытта пайдалану. Бұл екі ғылым бұрын-соң­ды бір-бірімен ұштаспаған. Сондықтан біз осы бос тұрған нишаны толтырғымыз келді. Ка­надада мені жұмысқа шақырған про­фес­сорлар – кванттық физиктер. Олар қайтсе де, офтальмологияға «кіруді» мақсат етті. Ал ол үшін командаларына офтальмолог қажет бол­ды. Мені болмай шақырғаны да сон­дық­тан. Біз екі жыл ішінде Гонконг пен Канадада бір­неше ғылыми жұмыс істедік. 1 жыл бұрын үл­кен жетістікке жетіп, көз ауруларына диаг­ностика жасайтын кванттық құрылғы ойлап тап­тық. Жалпы, көзге диагностика жасайтын түрлі аппарат бар. Біз де сондай бір құрыл­ғыны жасап шығардық. Бірақ онда біз квант­тық физиканың негіздеріне сүйендік. Ол ғылымда кванттық фотон деген жаңа кон­цеп­ция бар. Мұның адамзатқа берер пайдасы өте көп. Қазір бұл концепцияны басқа ғылымдар пай­далануды қолға алды. Алайда біз – әлем бойынша оны офтальмологиялық бағытта қол­данған алғашқы ғылыми топпыз.
– Мұндай негізде жасақталған құрыл­ғыларға әлем қызығып отыр ғой, демек.
– Дәл солай. Ол құралдарға әлем қызығып отыр. Мысалы, мен қазір Ұлыбританияда жүр­мін. Мұндағы ғалымдардың шақыруымен жұ­мысымды көрсету осында үшін келдім. Келесі айда Швейцарияға, одан кейін мамыр­да АҚШ-қа шақырып жатыр. Былтыр жел­тоқ­санда өткен Азиялық инновациялық жарыста алтын медаль ұтып алдық. Ғылым әлемінде ата­ғымыз бірте-бірте шыққан соң, көп ел мен университет «Бізге де көрсетіңіздерші», «Бізге келіп жұмыс істеңіздерші» деп хабарласып жатыр. 
– Әлеуметтік желідегі жазбаңыздан байқағанымдай, командаңызда «әлемді жарған ғалым» жұмыс істейді екен. Отандық БАҚ сіздің Нобель сыйлығының лауреатымен бірге жұмыс істейтініңізді жарыса жазды.
– Біздің топта менімен қосқанда 7 маман жұмыс істейді. Жетеуіміз де 7 елден келгенбіз. Же­теудің 4-еуі – физик, екеуі – психофизик және біреуі – мен, офтальмологпын. Үшеуіміз Гонконгте жұмыс істейміз, ал қалған 4-еуі Канадада зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз бір-бірімізге барып тұрамыз. Олар бізге жарты жылға келіп жұмыс істейді, біз Канадаға барып, жарты жыл зерттеу жүргіземіз. Біздің топпен бірнеше бағытта бірлесіп жұмыс істейтін бірнеше ға­лым бар. Біз оларды коллаборант ғалымдар деп атаймыз. Соның біреуі – 2018 жылы фи­зика саласы бойынша Нобель сыйлығын ие­ленген Донна Стрикленд. Ол – 80-жылдары ла­зерлік коррекцияны ойлап тапқан мықты ға­лым. Сол еңбегі 2018 жылы бағаланды. Ол көп елді аралайды. Былтыр жыл ортасында Гонконгке мемлекеттің шақыруымен келген болатын. Сол кезде біздің топпен танысқысы келіп, хабарласты. Біз оны зертханамызға ша­қырып, қонақ қылдық. Ол біздің жұмысы­мызға қызығып, бірлесіп жұмыс істейміз деп ұйғардық. Қазір ол ғалыммен бір ғылыми жо­баны әзірлеп жатырмыз. Мұның қандай нә­тиже беретінін уақыт көрсетер.
– Сіздер жасақтап шығарған әлемде жоқ теңдессіз құрал – көз ауруларының симптомдарын ерте байқайтын құрылғы туралы қысқаша айта кетсеңіз.
– Қазір біз макулярлы дегенерация ауруы­ның алдын алу шараларын қарастырып жа­тырмыз. Бүгінде медицинада қолданылып жүр­ген құралдар аурудың асқынып кеткен ке­зеңіне ғана диагностика жасай алады. Алай­да қазіргі құралдар аурудың ерте бас­талған кездегі сиптомдарын көре алмайды. Сон­дықтан қазір көбі дәрігерге науқас күйін­де барады. Өйткені симптомдар білінбейді. Еш жері ауырмайды. Ал мұны арнайы тек­серістен өткен соң байқаған дәрігерлер «Сізде мына ауру түрі баяғыда пайда болған. Біз мұ­ны тоқтата алмаймыз. Көз жанарыңыз бү­гін әлде ертең немесе бірнеше жылдан соң көрмей қалуы әбден мүмкін» деген шешім шы­ғарады. Бүгінде офтальмолог маман­дар­дың басты проблемасы бірдей. Қанша жерден тә­жірибесі мол болса да, аурудың симптом­да­рын ерте байқауға мүмкіндік беретін құрал­дың жоқтығы. Ал біз сондай құралды құрастырып, қолданысқа енгізіп жатырмыз. Ал­дағы уақытта әлемнің офтальмологтары мұны өз клиникасында қолданатын болса, көз ауруларының симптомдарын ертерек байқау мүмкіндігіне ие болады. Біз жасақтап жатқан құрал – өте бағалы. Себебі мұны ерте бай­қамаса, прогрессивті түрде соқырлыққа алып келеді. Емі жоқ. Ал мұндай жағдайға жет­кізбес үшін дәрігер симптомдарды ерте байқай білуі керек. Ерте байқаған дәрігер оны түрлі тәсілмен емдеп, жазып алады. Біз адам­ның көзіне жасамас бұрын клиникаға дейінгі зерттеу жүргіземіз. Мұнда біз тышқанға экс­пе­римент жасаймыз. Оның көзіндегі ішкі тор қабығы арқылы кванттық фотонды өткізіп, мұның зияны мен пайдасын жіті зерттейміз. Егер оң нәтиже берсе, кейін оның адамның көзін емдеуге қолданамыз. 
– Тағы сол әлеуметтік желідегі жаз­баңыз­да «белгілі болғандай, әлемде квант­тық физикамен кәсіби түрде ай­налысатын жалғыз офтальмологпын» деген жазуды оқып қалдым...
– Иә, біздің топ – әлем бойынша кванттық фи­зика мен офтальмологияны бір-бірімен «қа­быстырған» ең бірінші әрі жалғыз топ. Әзір­ше. Көптеген шетелдік БАҚ офталь­мо­ло­гиялық мәселені кванттық физика көмегімен шешетін команда деп біз туралы көп жазған бо­латын. Жоғарыда айтып өткенімдей, мен – ол командада медициналық білімі бар жалғыз офтальмологпын. Алайда ел ауызында жүрген бұл ерекшелікті жарияға жар салып, айта бер­гім келмейді. Өйткені бұл – уақытша нәр­се. 8 млрд адам мекен еткен әлемде қаншама офтальмолог бар. Ерте ме, кеш пе, мен секілді офтальмологтардың қатары көбейетіні айдан анық.
– Есесіне, мамандығы дәрігер бола тұ­ра, физиктермен миға қонбайтын экс­пе­рименттер жасап жүрген сіз – құнды қызметкерсіз. Несіне мақтанбасқа? 
– Мені онсыз да командаластарым со­лай айтады. Мен физиканың «тілімен» сөй­лей аламын, ал физиктер офтальмологияның «тілін» білмейді. Сондықтан олар маған «Біз­дің командадағы ең құнды актив – сенсің» дейді. Олар менің тілімді, яғни медицина ті­лін үйренгісі келмейді. Олардың саны, тәжірибесі де көп. Ал мен – жалғызбын. Олармен бір тілде сөйлесіп, бір ғылыми зерттеу жасау үшін олардың «тілін» меңгердім. Кардиф, Гонконг, Канадада жүргенде квант­тық физиканы, инженерияны үйрендім. Қазір де үйреніп жүрмін. Бәрін білемін деп айта алмаймын. Гүлді үнемі суарғандай, өзің де түрлі дерекпен қоректеніп отырмасаң, мүйізі қарағайдай ғалымдар ертесі-ақ басқа офталь­мологты тауып алады. Бұл істе бәсе­келестік қызып тұр. «Жалғыз Мұхит біледі. Күніміз соған қарап отыр» демейді. Өкшемізді басып келе жатқан жас офталь­мологтар ертең-ақ сені қуып жетеді. Сондық­тан күн сайын ізденіп, білімің мен білікті­лігіңді арттырып отыру – басты міндет. Әйтпесе, бәсі биік бәсекеден тез ұтылып қаласың. 


– «Офтальмологтан сұхбат аламын» де­генді естіген таныстарым бәрінен бұ­рын мына сұрақты қоюымды өтінген еді: Көз ауруына шалдықпас үшін не істемек керек?
– Ол үшін кемі жылына бір рет офтальмо­лог­қа қаралып тұруы керек. Мойындайықшы, біз көзіміз ауырып, қызарып, жасаурап тұрса немесе мүлде көрмей қалса ғана аурухананың есігін жағалаймыз ғой. Ал симптомдары бі­лін­бейтін қан­шама ауру денемізге жабысып алады. Он­дай аурулар – орысша айтқанда «ти­хие убий­цы». Үндемей келіп, көздің құры­лымын бұзып жі­береді. Ол сізге еш білінбейді. Оны дәрігер­лер тек арнайы құрылғымен ғана байқай алады. Сондықтан құралайды көзге атқан мер­ген болсаңыз да, кемінде жылына бір рет оф­та­ль­мологқа қаралып тұрыңыз. Олар сіз бай­­қама­ған симптомдарды байқап, дәру­мен­дер жазып береді. Линза тағайындап беруі мүм­кін. Бір қара­ғанда, бұл соншалық маңыз­ды болмауы мүм­кін. Алайда арамызда бір кө­зінің «жағ­дайы» нашар екенін байқамай келгендер де бол­ған. Айтып тұрмын ғой, көзі ауыратын нау­қас өзінің ауырып жүргенін бай­қамайды. Сол үшін дәрігерге жиі қаралып тұру керек. Әрі құрамында А витамині бар сусын­дарды іш­кен абзал. Ол дәрумендер ауру­ды тоқтат­пай­ды, алайда көздің саулығын бір­қалыпты ұстап тұруға септігін тигізеді. Сосын көз ги­гиенасын сақтау керек. Көзіл­дірік, линза тақсаңыз, жылына бір рет емес, бірнеше рет тек­серіліп тұрыңыз. Жасанды көз тамшы­ла­рын пайдалану керек. Сонымен қатар көз бұл­шықеттеріне күн сайын жаттығу жасап, «шы­нықтыру» қажет.


– Елге жиі келіп қана қоймай, келген сайын жастармен кездесіп, бар білге­ніңіз­ді ортаға салып жүргеніңізді байқа­дым. Командаңызбен жасақтаған құрыл­ғыны «болашақта Қазақстанға алып келу арманым бар» деген жазбаңызды көзім шал­ды. Болашақта әлемнің аузын ашты­ра­тын осындай тың дүниелерді елге ке­ліп, жасақтау, әріптес ғалымдарды ғы­лыми әлеуеті мол Қазақстанға шақыру ой­да бар ма?
– Әлбетте, ойда бар. Менің бұл мәселені қан­ша уақыттан бері көтеріп жүргенімді Гон­конгтегі әріптестерімнен сұрасаңыз болады. Олар менің бұл өтінішімді тыңдап-тыңдап, шар­шады. Оларға «Қазақстанға барайықшы. Үкі­метке жобамызды ұсынайық. Құп көрсе, мұ­ны сол жақта дамытайық» үнемі айтамын. Алай­да олар – физиктер жеті рет өлшеп, бір рет кесетін мамандар ғой. «Мынадай тиімді жо­баны енді қолға алып жатқанда дамушы ел­дерге бару қисынсыз. Ол жердегі нарық кіш­кентай» дейді. Қазір қай елде аһ дегізетін бір технология шықса, сол елдің ғылыми бе­делі арта түседі. Қай елдің ғылымы, техно­ло­гия­сы күшті, сол мемлекеттің әлеуеті зор, бо­ла­шағы кемел. АҚШ пен Қытай, Жапония мен Англия қанша жылдан бері ғылымы озық ел атағынан айырылып қалмау үшін өзара жа­рысып келеді. Қазір бізге Қазақстан түгілі, Ресей секілді ірі елдерге барып жұмыс істеу тиім­сіз. Өйткені ол жақтан нарыққа шығу жа­ғы қиындау. Әлемнің ірі инвесторлары ғы­лымда көп тәжірибесі бар елдермен ғана жұ­мыс істегісі келеді. Ол да дұрыс, себебі ақша ал­масу оңай, серіктестер табу да қиынға соқ­­пайды. Әрі мұны алдағы уақтытта ком­мер­цияландыра алады. Бұл – бұрыннан келе жатқан механизм. Екіншіден, мұнда ко­мандам, инвесторлар бар. Канадада ба­қылап отыратын бас­тықтар бар. Бар­лығының келі­сімін алмай, бір өзім кетіп қала алмай­м­ын. Біз бұл зерттеуді әу бастан көмектесіп келе жатқан ел­дерде ғана жасай аламыз. Бәрін орта жолдан тастап кете алмаймыз. Алайда өнім дайын болып, оны пайдалануға рұқсат бере­тін қағазды алған бетте де­реу Қазақстанға алып кел­гім келеді. Басқа елде жоқ бұл тех­но­логия біздің елге бірінші болып жетсе деймін. Ол кезде демеушілер де қарсы болмайды, команда да ке­лі­сіп тұр. Осылайша, елдегі көз ауруы­на шалдыққандардың санын азай­туға өз үлесімді қосатын едім. Бұл – еш­қандай да ақша табу, пайда көру емес, ме­нің жеке амбициям. Өйткені жоғарыда ай­тып өтке­німдей, елде жүргенде «Жанарым­ды алғанша, жанымды алсаң етті» деп жылап отырған қария­ларымыздың талайын көрдім. Зейнет­тің бейнетін көргісі келетін олар мұн­дай жағдайға жетпесе екен деймін.

Бастап­қыда біз тек клиникалармен жұмыс істейміз деп ой­лағанбыз. Ал қазір бізге мемлекеттер тара­пынан ұсыныстар келіп түсіп жатыр. 2-3 ел­дің Денсаулық сақтау министрімен кездесіп үлгердік. Біреуі құрылғы дайын болған соң, 1 000 данасын сатып алғысы келетінін айтты. Қазақстан тарапы бұған қызықса, ұтары көп екені анық. Болашағым туралы сөз етер бол­сам, алдағы уақытта елге көшіп келетінімді үнемі айтып жүрмін. Қазір бірнеше жобамен айналысып жатырмын. Басқа бағытта да бақ сынап көргім келеді. Ең бастысы, елдегі білікті мамандардың басын қосып, Англия, Канада, Гонконгте үйренгенімді оларға көрсеткім келеді. Сонымен қатар Алматы мен Астанада жеке клиникамды ашуды көздеп жүрмін. Ол жай ғана клиника емес, хаб секілді болмақ. Тек клиникалық емес, ғылыми бағытта да жұмыс істейтін орталық ашу – негізгі мақсат. Онда өзімнің ғылыми жұмыстарымды іске асырып, әрі осында бірге жұмыс істеп жүрген коллаборатор ғалымдарды шақырғым келеді. Ол ғалымдардың қолданатын әдіс-тәсілін біздің жас мамандар өз көзімен көрсе деймін. Күрделі көз отасын жасаған алғашқылардың бірі болғым келетінін де жасырмаймын. Ол үшін алдымен стратегиялық қадам жасау қажет. Адами фактор жағынан мен көп нәрсе істей аламын, тек бір құрал емес. Сондықтан жас кезімде бар күшім мен әлеуетімді елдің игілігі үшін жұмсағым келеді-ақ. Қазір елде дәрігермін деп халықты алдап жүргендер қаншама? Біреуінің дипломы жоқ, енді біреуі оны сатып алған. Сапасыз медициналық кө­мек көрсетудің соңы өлімге әкеп соғып жа­тыр. Осындай жайттарды естіп-білген кезде, намыстанасың. Сондықтан болашақта тек білікті мамандар қызмет ететін халықаралық деңгейдегі орталық ашсам деймін.
– Көпшілік елден бір кеткен ғалым­ның қайта келуі неғайбіл екенін алға тартады. Жайлы орнын тастап, жоғары жа­лақысын қиып келетіндеріне сенің­кіре­мейді.
– Бәріміз де ауылдан шықтық. Шетте жү­ріп өзінше болып жүрген түгіміз жоқ. Елге қайт­қымыз келеді-ақ. «Әлі уақытым бар. Әлі үлгеремін» дейтіндей өмір шексіз емес. Өзің ұшқан ұяны, туған жеріңді көркейту – шетте жүрген әрбір азаматтың көкейіндегі арман шығар. Әрі-беріден соң, біз қашанға дейін даму­шы ел болып жүре береміз? Біз де дамы­ған ел болайық. Біз де еңсемізді тіктеп, ал­дыңғы қатарда тұрайық. Ол үшін бізде бәрі бар ғой. Қаражат та, әлеует те. Ресурс та бар. Құдайға шүкір, кедей ел емеспіз. Тек осыны тиімді пайдалана білу керек. Қаржыны ха­лық­қа, әлемге ке­рек инновацияға, техноло­гияға жұмсау ке­рек. Сонда «Бұл ота тек Қазақ­стан­да жаса­ла­ды», «Мұның емін тек Қазақ­стан­нан таба­мыз» деп елге жанына дауа іздеп, жанұшырып ке­летіндердің қатары көбейеді. Тіпті, меди­ци­насы әлдеқайда дамыған Израиль, Герма­ния, Жапониядан да келсін. Елі­міздің ғы­лыми-техникалық әлеуетін дұрыс бағытта пай­даланса, шетелге кетіп қал­ған небір мық­ты ғалымдарымыз ойлан­бас­тан қайтып ке­лер еді.
– Әңгімеңізге рахмет! 


Сұхбаттасқан – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Фото: Мұхит Құлмағанбетовтың жеке қорынан

Серіктес жаңалықтары