Қазақстан тумасы АҚШ-тың Словениядағы елшісі болды

/
Қазақстан тумасы АҚШ-тың Словениядағы елшісі болды
ашық дереккөзден

АҚШ Сенаты Әсел Робертсті Словениядағы елші қызметіне бекітті. Қазақстан тумасы Конгрестің жоғарғы палатасында өткен дауыс беруден кейін қолдау тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.

АҚШ Конгресінің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Сенат Әсел Робертсті Америка Құрама Штаттарының Словениядағы төтенше және өкілетті елшісі қызметіне бекіткен. Оның кандидатурасын 46 сенатор қолдаса, 43 сенатор қарсы дауыс берген.

Әсел Робертстің кандидатурасын ақпан айында АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Наурызда ол Сенаттың халықаралық қатынастар комитетінде тыңдаудан өткен. Кейін мәселе дауыс беруге шығарылды.

Қорытынды дауыс берудің алдында Конгрестің жоғарғы палатасында рәсімдік талқылаулар мен пікірсайыстар өтті. 14 мамырда Сенат оның кандидатурасы бойынша дебатты тоқтатуды қолдап, бұл соңғы дауыс беруге жол ашты.

Ақ үй сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Әсел Робертс АҚШ-тың Словения Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болады. Ол Вирджиния штатының өкілі ретінде көрсетілген.

Сол күні Сенат Трамп әкімшілігінің тағы бірнеше тағайындауын бекітті. Олардың қатарында мемлекеттік хатшының жаңа көмекшілері, АҚШ-тың БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесіндегі өкілі, Ұлттық парктер қызметінің директоры және Федералдық сайлау комиссиясының мүшелері бар.

Әсел Робертс Қазақстанның Жамбыл облысында дүниеге келген. Балалық шағы Алматыда өтіп, сол қалада орта мектепте оқыған.

Кейін Әсел Робертс отбасымен бірге АҚШ-қа көшіп кеткен. Ол кезде ол жасөспірім болған және мектепті Америкада аяқтаған.

1993 жылы Әсел Робертс Джорджтаун университетінің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түсті. Студент кезінде Ақ үйде тағылымдамадан өтіп, кейін АҚШ мемлекеттік қызмет жүйесінде еңбек жолын бастаған.

1999 жылдан бері Әсел Робертс АҚШ президентінің протокол департаментінде жұмыс істейді. 2014 жылы ол департамент басшысының орынбасары және директордың міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған.

2021 жылғы 20 қаңтардан бастап АҚШ мемлекеттік протоколының басшысы міндетін атқарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары