Түркістан облысында 69 жастағы әжейге "қыз ұзату" рәсімі жасалып, ерекше тойдың видеосы әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бейнежазба авторының айтуынша, бұл жай ғана әзіл немесе қойылым емес, 50 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптының алтын тойына арналған ерекше тосынсый болған. Отағасы жастық шағында жарына берген уәдесін жарты ғасырдан кейін орындап, оған кезінде өтпей қалған ұзату тойын жасап берген.
Видеоны ерлі-зайыптының немересі жариялаған. Кадрлардан әжейдің туған-туыстарының ортасында, ән мен салт-дәстүр аясында нағыз қалыңдықтай ұзатылғанын көруге болады. Тіпті мереке соңында “жас жұбайлар” лимузинге отырып кеткен.
"Аңыз бол: әжең сенің емес, сен әжеңнің ұзатуын көр", – деп жазған видео авторы.
Желі қолданушылары ерекше тойға жылы пікір қалдырды. Бірі мұндай оқиғаның өте әсерлі екенін жазса, енді бірі әзілмен "69 жастағы қалыңдықтың қалың малы қанша болды екен?" деп пікір білдірген.
Немересі Адинаның айтуынша, тойдың басты кейіпкерлері – 50 жыл отасқан Боранкүл әже мен Сапарғани ата. Оның сөзінше, жас кезінде атасы болашақ жарын алып қашқандықтан, ол уақытта толыққанды ұзату рәсімі өтпеген.
"Бұл әжемнің көптен бергі арманы еді. Осыдан 50 жыл бұрын атам әжеме: "50 жылдан кейін сені тағы да алып қашамын" деп уәде берген екен", – дейді Адина.
Ерекше той 9 мамырда Сарыағаш маңындағы Мәдениет ауылында өткен. Қазір Боранкүл әже 69 жаста, ал жұбайы 74 жаста.
Адинаның айтуынша, әжесі інісінің үйінен ұзатылған. Себебі ол үй қара шаңырақ саналады. Рәсім барысында қалың мал беріліп, киіт кигізіліп, ұзату салтының негізгі жоралғылары жасалған.
Мерекені ұйымдастыруға бүкіл әулет атсалысқан. Әженің бауырлары, балалары, келіндері мен немерелері бұл идеяны бірден қолдаған. Өйткені бәрі Сапарғани атаның жарты ғасыр бұрын берген уәдесін білетін.