Ақтөбе қамбалары астыққа толды

/
Ақтөбе қамбалары астыққа толды

Ақтөбе облысында биыл дәнді дақылдардың өнімділігі 2025 жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп. Қазір өңірде егін жинау науқанының 92,6 пайызы аяқталып, 402,7 мың гектардан 562 тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 14,2 центнерді құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 10,6 центнер болған. 

Биыл Ақтөбе облысында 435 мың гек­тарға дәнді, 84 мың гектарға май­лы дақылдар, 6 мың гектарға картоп пен көкөніс-бақша дақылдары егілді. Дәнді дақылдарды жинау ауа райы қолайлы болса шамамен бір аптада аяқ­талуы тиіс.
Өнімділік бойынша Хромтау (19,3 центнер), Мәртөк (15,9 цент­нер) және Қарғалы (15,3 центнер) ау­дан­дары тәуір көрсеткішке ие. Ал Әй­теке би ауданында өнімділік 6,8 цент­нерден аспаған. Мұны аудан шаруалары шілде-тамыз айларын­дағы жауын-шашынның аздығы мен аптаптан көріп отыр. 
Егін жинау науқанына мемле­кет­тік қолдау да ықпал етуде. Ақтөбе әкім­­­­дігінің мәліметінше, биыл «Кең дала-2» бағдарламасы аясында шаруа­лар­ға 8 млрд теңге жеңіл­де­тіл­ген не­сие берілді. Оның 3,2 млрд теңгесі «Ақ­төбе» ӘКК  қаржылан­дыр­ған. Со­ны­мен қатар өсімдік шаруа­шы­лығын субсидиялауға 2,1 млрд тең­ге бөлініп, оның 1,6 млрд теңгесі тө­ленді.
Ақтөбенің ауыл шаруашылығы са­ласындағы техника паркі де жиі жаңартылады. Жыл басынан бері шаруа­шылықтар 13,7 млрд теңгеге 843 техника сатып алған. Оның ішін­де 338 трактор, 30 комбайн мен 457 бас­қа техника түрлері бар. «Қаз­Агро­Қаржы» арқылы 11,6 млрд теңгеге 704 техника лизингке алынған. 
Күзгі дала жұмысына 8 мың тон­на дизель отыны бөлінді. Қыркүйек айында шаруалар дизельдің әр литрі 284 теңгеден белгіленген. Бұл нарық­тағы орташа бағадан шамамен 15 пайызға арзан.
Өңірде жиналған астықты сақ­тау­ға да мүмкіндік мол. Ақтөбе әкім­дігі облыс аумағындағы астық сақтайтын қамбалардың жалпы сыйымдылығы –710 мың тонна еке­нін айтады. Қазір элеваторларда 136,3 мың тонна астық сақтаулы. Қам­баға алқаптардан жеткізілген би­дайдың 75 пайызы 3-сорт, 22 пайы­зы 4-сортқа жатады. Қамбаға құйыл­ған арпаның бәрі 2-сорт деп баға­ланып отыр. 
Майлы дақылдардың 32 пайызы жиналып, 22,7 мың тонна өнім алын­ды. Картоптан 42,1  мың тонна, көкө­ніс­тен 33,2 мың тонна өнім жиналды. 
Ендігі міндет – қалған өнімді ысы­рап қылмай жинап, қамбаға құю жә­не келесі маусымға дайындықты бас­тау. 

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары