АҚШ-та 82 жастағы Энни Джудис ерекше жетістікке қол жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ол секіргішпен секіруден ұйымдастырылған жарысқа қатысқан ең егде жастағы әйел атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Америкалық спортшы рекордты Аризона штатының Тусон қаласында өткен Prickly Pear Open турнирінде тіркеген. Энни Джудис жарысқа қатысқан сәтте 82 жас 139 күнде болған. Осы нәтижесі арқылы ол әйелдер арасында секіргішпен секіру жарысына қатысқан ең егде спортшы мәртебесін иеленіп, Гиннестің рекордтар кітабының арнайы сертификатын алды.
Бір қызығы, Энни Джудис кәсіби спортпен жас кезінен айналыспаған. Ол спортқа егде жасында ден қойып, 70 жастан асқаннан кейін жаңа жетістіктерге ұмтыла бастаған.
Энни Джудис 1943 жылы 23 қарашада АҚШ-та дүниеге келген. Оның өмір жолы спорттан емес, сұлулық байқаулары мен кино саласынан басталған. Жастайынан модельдік кәсіпке қызығушылық танытқан ол Miss Texas сұлулық байқауының сахнасына шыққан алғашқы афроамерикалық әйел ретінде тарихта қалған.
1969 жылдың қазанында Энни Playboy журналының «Ай аруы» (Playmate of the Month) атанған алғашқы қара нәсілді модельдердің бірі болды. Кейін ол басылымның мұқабасына шыққан алғашқы афроамерикалық әйелдердің бірі ретінде де танылды.
1970 жылдары Энни Джудис Джинни Белл (Jeannie Bell) есімімен кино саласында еңбек етті. Ол TNT Jackson фильмінде басты рөлді сомдаған. Сондай-ақ белгілі режиссер Мартин Скорсезенің «Зұлым көшелер» (Mean Streets) картинасында және басқа да фильмдерде өнер көрсетті.
1986 жылы Энни кәсіпкер Гэри Карл Джудиске тұрмысқа шықты. Кейін шоу-бизнестен алыстап, уақытын отбасына арнаған.