Алматыдан ұшқан жолаушылар ұшағы Делиге шұғыл қонды

/
Алматыдан ұшқан жолаушылар ұшағы Делиге шұғыл қонды
pixabay.com

Алматыдан Үндістанның Гоа қаласына бағыт алған FlyArystan әуе компаниясының ұшағы Нью-Дели қаласындағы әуежайға жоспардан тыс қонуға мәжбүр болды. Әуе тасымалдаушысы рейстің бағытын өзгертуге техникалық себептер әсер еткенін растады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға туралы ақпарат алдымен әлеуметтік желілерде тараған. Жолаушылар Алматы – Гоа бағытындағы әуе кемесінің Үндістан астанасына күтпеген жерден қонғанын хабарлады. Олардың айтуынша, ұшақ жерге қонғаннан кейін жолаушылар шамамен бір жарым сағат бойы салонда отырған. Осы уақыт аралығында олар әуе компаниясы өкілдерінен әрі қарай қандай шаралар қабылданатыны жөнінде түсініктеме күткен. Сондай-ақ жолаушылардың Гоаға қашан ұшатыны бастапқыда белгісіз болған.

FlightRadar24 әуе қозғалысын бақылау сервисінің мәліметінше, ұшақ Нью-Делидегі Индира Ганди атындағы халықаралық әуежайға жергілікті уақыт бойынша сағат 11:49-да қонған. Бұл үйлестірілген дүниежүзілік уақытпен (UTC) 06:19-ға сәйкес келеді.

Оқиғаға қатысты FlyArystan компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді. Әуе тасымалдаушысы Алматыдан Гоаға ұшып шыққан әуе кемесінің Делиге жоспардан тыс қонғанын растады.

Компания өкілдерінің мәліметінше, мұндай шешім техникалық себептерге байланысты қабылданған. Әуе компаниясы жолаушылардың сапарын жалғастыру уақыты туралы да ақпарат таратты.

"Делиден Гоаға ұшудың болжамды уақыты – Делидің жергілікті уақыты бойынша 17 қараша сағат 03:05",– деп хабарлады FlyArystan өкілдері.

Осылайша, Алматыдан Гоаға бағыт алған жолаушылардың сапары жоспарланған уақыттан кешігіп жалғасатын болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары