Кофе ішек жұмысын өзгертуі мүмкін – ғалымдар қызық жаңалық ашты

/
Кофе ішек жұмысын өзгертуі мүмкін – ғалымдар қызық жаңалық ашты
сурет: istockphoto.com

Кофе тек сергітіп қана қоймай, ас қорыту жүйесінің жұмысына да әсер етуі мүмкін. Дания ғалымдары кофені тұрақты ішетін адамдардың ішек микрофлорасы мен ішек қозғалысы сирек ішетіндерден ерекшеленетінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Gut Microbiology ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Копенгаген университетінің зерттеушілері 61 адамның тамақтану әдетін зерттеген. Олардың 50-іне арнайы электронды капсула жұтқызған. Капсула ас қорыту жолымен қозғала отырып, температураны, қышқылдық деңгейін және ішек жиырылуын өлшеген.

Қатысушылар кофені қаншалықты жиі ішетініне қарай екі топқа бөлінген. Бірінші топқа сегіз күннің кемінде төртеуінде күніне бір-бес кесе кофе ішкендер, ал екіншісіне кофені сирек тұтынатындар кірген.

Нәтижесінде кофені жиі ішетін адамдардың ішегінде микроорганизмдердің түрі көбірек екені анықталған. Сонымен қатар олардың аш ішегіндегі pH көрсеткіші төмен, яғни орта қышқылырақ болған.

Бір қызығы, кофе тұтыну мөлшері артқан сайын тоқ ішектің жиырылу жиілігі де жоғарылаған. Бұл қозғалыстар ішектегі қорытылған тағам қалдықтарын алға жылжытуға көмектеседі.

«Ішектің жиырылуы ас қорытудың қалыпты жүруіне көмектесіп, іш қатудың алдын алуға ықпал етуі мүмкін», – дейді зерттеу авторы Франческа Буччи.

Дегенмен ғалымдар аш ішектегі қышқылдықтың өзгеруі денсаулыққа пайдалы ма, әлде зиян ба, әзірге белгісіз екенін айтады.

Сондай-ақ зерттеу кофенің осы өзгерістерге тікелей себеп болғанын дәлелдемейді. Ол үшін қатысушылардың қанша кофе ішетінін ғалымдардың өздері бақылайтын қосымша тәжірибелер қажет.

Зерттеушілер болашақта кофенің ішек қозғалысына әсерін тереңірек түсіну іш қату мәселесін шешудің жаңа тәсілдерін табуға көмектесуі мүмкін деп есептейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары