17 қарашада банктегі шоттар бұғатталып, интернет өше ме? – фактчекинг

/
17 қарашада банктегі шоттар бұғатталып, интернет өше ме? – фактчекинг
сурет: istockphoto.com

"Ертең, 17 қарашада әлемдегі барлық банк шоттары бұғатталып, адамдар ақшасынан айырылады. Интернет үш айға өшіп, электр жарығы мен жылу тоқтайды" деген қауесет тарады. Әлеуметтік желілерде тараған осы ақпаратқа сенген кейбір адамдар қолма-қол ақша шешіп, қор жинауға кіріскен. Алайда бұл болжамның артында не тұр? Оны кім таратты және шынымен қауіп бар ма? Осы сұрақтарға turkystan.kz жауап іздеп көрді.

Ақпаратты тексеру барысында оның нақты дерекке емес, әлеуметтік желілердегі анонимді жазбаларға негізделгені анықталды. Қазақстанның мемлекеттік органдары да мұндай қауіп туралы мәліметті растамады. Ал қауесетпен байланыстырылған 17 қарашадағы ресми шараның шын мәнінде интернетке де, банк жүйесіне де қатысы жоқ.

Қауесет қайдан шықты?

«Цифрлық ақырзаман» туралы ақпарат қазан айының соңында X әлеуметтік желісінде тарай бастаған. Қазақстандық Factcheck.kz редакциясы оның алғашқы нұсқаларын зерттеп, оқиғаның қалай өрбігенін анықтаған.

31 қазанда GodsBurnt деген аккаунттың иесі өзін өте ақылды деп санайтын танысымен телефон арқылы сөйлескенін жазған. Ол сол әңгімеге сүйеніп, 17 қарашада бұрын-соңды болмаған жаһандық дағдарыс басталуы мүмкін екенін мәлімдеген. Бірақ болжам жасаған адамның аты-жөнін көрсетпеген.

Келесі күні бұл ақпаратты басқа қолданушылар көшіріп жариялай бастаған. Жапон тіліндегі жазбада да дәл осы сценарий айтылған. Кейін оны Бразилиядағы Wesley есімді қолданушы португал тіліне аударып, X желісіне таратқан.

Wesley ақпаратты даркнеттегі белгісіз дереккөзден алғанын айтқан. Оның жазбасында хакерлер әлемдегі ірі банктерге бір мезетте шабуыл жасап, клиенттердің есепшоттары туралы деректерді жоятыны, содан кейін интернет 90 күнге өшірілетіні баяндалған.

Қауесеттің ең ерекше тұсы – интернетті өшіру не үшін қажет екені туралы түсіндірмесі. Жазба авторының сөзінше, осы үш ай ішінде аса қуатты жасанды интеллект барлық цифрлық жүйелердің осал тұстарын жойып, әлемдік инфрақұрылымды қайта қалпына келтіреді.

Алайда Wesley дереккөзінің сенімді емес екенін өзі де мойындаған. Жазбада нақты хакерлік топтың атауы, шабуыл жасалатын банктер, техникалық жоспар немесе қандай да бір ресми құжат көрсетілмеген.

Соған қарамастан, оның жарияланымы миллиондаған қаралым жинаған. Қауесет кейін Instagram, Threads, Telegram және басқа платформаларға тарап, әр елде жаңа мәліметтермен толықтырыла түскен.

Factcheck.kz зерттеуінше, 17 қараша туралы тұспалдар бұдан да ертерек, қазан айының соңында QAnon конспирологиялық қозғалысына жақын аккаунттарда кездескен. Бірақ нақты осы күні бүкіл банк жүйесі күйрейді деген болжамның алғашқы авторын анықтау мүмкін болмаған.

Неліктен дәл 17 қараша?

Бұл күн кездейсоқ таңдалмаған болуы мүмкін. Өйткені 2026 жылғы 17 қарашада АҚШ-та шынымен де жалпұлттық ауқымдағы арнайы тексеру өткізу жоспарланған.

АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) елдегі төтенше жағдай туралы хабарлау жүйесін сынақтан өткізеді.

Бұл туралы ресми хабарлама 16 қыркүйекте, қауесет кең тарамай тұрып жарияланған.

Жоспар бойынша, 17 қарашада АҚШ-тың шығыс жағалауы уақытымен сағат 14:20-да телеарналар мен радиостанциялар шамамен бір минутқа қалыпты хабар таратуды тоқтатып, арнайы сынақ хабарламасын береді.

Онда жүйенің тексеріліп жатқаны және тұрғындарға ешқандай әрекет жасаудың қажеті жоқ екені айтылады.

Бұл – АҚШ-та төтенше жағдай кезінде халыққа ескерту тарату жүйесінің жұмысын тексеруге арналған жоспарлы шара. Оның банк есепшоттарын бұғаттауға, интернетті ажыратуға немесе электр желілерін тоқтатуға қатысы жоқ.

Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі осы ресми хабарламаны алдағы жаһандық апаттың дәлелі ретінде ұсына бастаған.

Үш ай интернетсіз қаламыз деген ақпарат қайдан пайда болды?

Factcheck.kz зерттеушілері қауесеттегі 90 күн туралы мәліметтің шығуына әсер етуі мүмкін тағы бір құжатты анықтаған.

2026 жылғы 30 қыркүйекте АҚШ Қорғаныс министрлігі әскери базалардың сыртқы қолдаусыз кемінде 90 күн жұмыс істеуге дайындығын арттыруға арналған меморандум жариялаған.

Құжатта энергиямен жабдықтаудың тұрақтылығы, қажетті қорлардың болуы, инфрақұрылымның беріктігі және киберқауіпсіздік мәселелері қозғалған.

Кейбір әлеуметтік желі қолданушылары мұны АҚШ билігі алдағы үш айлық жаһандық дағдарысқа дайындалып жатыр деп түсіндірген.

Алайда меморандумда 17 қарашада интернет өшетіні немесе әлемдік банк жүйесі күйрейтіні туралы ештеңе айтылмаған. Оның қауесеттегі 90 күнге тікелей негіз болғаны да дәлелденбеген.

Осылайша әртүрлі мақсатта жарияланған екі ресми құжат – төтенше хабарлау жүйесін тексеру және әскери инфрақұрылымның төзімділігін арттыру туралы мәліметтер – әлеуметтік желілерде бір үлкен апаттың белгілері ретінде түсіндіріле бастаған.

Бүкіл әлемдегі интернетті бір мезетте өшіру мүмкін бе?

Сарапшылар мұндай сценарийдің техникалық тұрғыдан шындыққа жанаспайтынын айтады.

Интернет – бір орталықтан басқарылатын жеке жүйе емес. Ол әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан мыңдаған тәуелсіз желілердің өзара байланысуынан тұрады.

Сондықтан бір серверді, байланыс операторын немесе деректер орталығын істен шығару арқылы бүкіл әлемдегі интернетті бір уақытта өшіру мүмкін емес.

Әрине, бұл интернет ешқашан істен шықпайды деген сөз емес. Кибершабуылдар, электр қуатының үзілуі, техникалық ақаулар немесе үкіметтердің шешімдері белгілі бір елде, өңірде немесе қызмет түрінде байланысқа кедергі келтіруі мүмкін.

Алайда барлық құрлықтағы интернетті бір мезетте үш айға тоқтату үшін көптеген тәуелсіз инфрақұрылымның қатар істен шығуы керек. Әлеуметтік желілерде тараған болжамда мұның қалай жүзеге асатыны түсіндірілмеген.

Банк жүйесіне қатысты да дәл солай. Әлемдегі барлық банктің ақшасы мен клиенттердің есепшоттары бір ғана деректер базасында сақталмайды. Қаржы ұйымдары ақпаратты қорғаудың бірнеше деңгейін, резервтік көшірмелерді және апаттан кейін жүйені қалпына келтіру механизмдерін пайдаланады.

Жеке банктердің кибершабуылдан зардап шегуі немесе төлем жүйелерінің уақытша тоқтауы мүмкін. Бірақ мұндай тәуекелдер әлемдегі барлық адамның ақшасы бір сәтте жоғалып кетеді деген мәлімдемені растамайды.

Қазақстан үкіметі не дейді?

Қауесет Қазақстанда да кең тараған соң, мемлекеттік органдар оған ресми түсініктеме берді.

5 қарашада Төтенше жағдайлар министрлігі 17 қарашада интернеттің өшетіні, жаппай кибершабуыл жасалатыны немесе тұрғындардың шұғыл түрде азық-түлік жинауы қажет екені туралы ешқандай ресми хабарлама таратпағанын мәлімдеді.

Кейін төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов та халықты алаңдамауға шақырды.

Ал 13 қарашада Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпаратты растайтын сенімді дерек жоқ екенін хабарлады.

Ведомство интернеттің бірыңғай басқару орталығы жоқ екенін және бүкіл әлемдегі байланысты бір мезетте ажырата алатын жалғыз техникалық нүкте болмайтынын түсіндірді.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов те журналистердің сауалына жауап беріп, 17 қарашаға жоспарланған кибершабуыл туралы ешқандай мәлімет естімегенін айтты.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның мемлекеттік органдары немесе қаржы ұйымдары мұндай жаһандық шабуылға қатысты расталған қауіп туралы ескерту жариялаған жоқ.

Азық-түлік пен қолма-қол ақша жинау туралы кеңестер ше?

Әлеуметтік желілерде тараған жарияланымдардың бір бөлігі адамдарды бірнеше аптаға жететін азық-түлік, су, дәрі-дәрмек пен қолма-қол ақша дайындауға шақырған.

Кейбір авторлар бұл кеңестерді әлем елдерінің билігі алдын ала қауіп туралы білгендіктен беріп жатыр деп түсіндірген.

Алайда шын мәнінде мұндай ұсыныстар бұрыннан бар.

Мәселен, Еуропалық комиссия 2025 жылы төтенше жағдайларға дайындық аясында тұрғындарға кемінде 72 сағатқа жететін қажетті қор ұстауды ұсынған. Бұл кеңес табиғи апат, электр қуатының үзілуі және басқа да төтенше жағдайларға қатысты.

Қазақстанның ТЖМ-і де үйде су, ұзақ сақталатын азық-түлік, дәрі қобдишасы, фонарь, қуаттау құрылғылары және аздаған қолма-қол ақша болғаны дұрыс екенін түсіндірген.

Бірақ бұл – 17 қарашада міндетті түрде апат болады деген ескерту емес, күнделікті қауіпсіздікке арналған жалпы ұсыныс.

Мұндай ақпаратты тарату кімге тиімді?

Қауесетті алғаш таратқан адамдардың нақты мақсатын анықтау мүмкін емес. Біреулер оны шынымен сеніп жариялауы, басқалары оқырман жинау үшін пайдалануы ықтимал.

Алайда мұндай қорқынышты жаңалықтардан пайда табудың нақты мысалдары да анықталған.

Аустриялық Mimikama фактчекинг ұйымы «цифрлық ақырзаман» туралы жазбаны жарнамамен қатар жариялаған сайтты зерттеген. Онда адамдарға апат кезінде өмір сақтап қалуға көмектеседі деген тауарлар ұсынылып, оларды шұғыл сатып алуға шақырған.

Бұл үрей туғызатын ақпараттың коммерциялық мақсатта да пайдаланылуы мүмкін екенін көрсетеді.

Тағы бір қауіп – интернет алаяқтары. Олар осындай қауесеттерді пайдаланып, адамдарға банк қызметкері атынан хабарласуы, ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды сұрауы немесе деректерді қорғауға арналған жалған сілтемелер жіберуі мүмкін.

Сондықтан дәл осы қауесетке бола барлық ақшаны банктен шешіп алу, бейтаныс адамдарға аудару немесе күмәнді бағдарламалар орнату қажет емес.

Қорытынды: 17 қарашада не болады?

16 қарашадағы жағдай бойынша, 17 қарашада әлемдік банк жүйесіне бір мезетте шабуыл жасалып, адамдардың ақшасы жоғалатынын немесе интернет үш айға өшетінін растайтын бірде-бір сенімді дәлел табылған жоқ.

Ақпараттың таралу жолы оның анонимді әлеуметтік желі жазбаларынан басталғанын көрсетеді. Кейін бұл әңгімеге шынайы ресми құжаттар, төтенше жағдайларға дайындық жөніндегі кеңестер және әртүрлі болжамдар қосылған.

Ең маңыздысы, ертең АҚШ-та өтетін төтенше хабарлау жүйесінің тексеруі алдын ала жарияланған жоспарлы шара ғана.

Сондықтан «17 қарашада цифрлық ақырзаман болады» деген ақпаратты шынайы жаңалық ретінде таратуға негіз жоқ. Бұл – расталмаған болжамдар мен нақты оқиғаларды байланыстыру арқылы пайда болған жалған ақпарат.

Ал қауіпсіздіктің ең дұрыс жолы – қорқынышты хабарламаларға бірден сенбей, олардың бастапқы дереккөзін тексеру керек және ресми органдардың хабарламаларына ғана сенген жөн.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары