Сайлауалды науқан: партиялар өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады

/
Сайлауалды науқан: партиялар өңірлердегі өзекті мәселелерді талқылады

Құрылтай сайлауы қарсаңында «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», ҚХП, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партиялары өңірлерде тұрғындармен, педагогтермен, медицина мамандарымен және кәсіпорын ұжымдарымен кездесу өткізді. Жиындарда жұмыс орындарын көбейту, инфрақұрылымды жаңғырту, ауылдарды дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, әлеуметтік қолдауды күшейту, отандық өндіріс пен кәсіпкерлікті қолдау мәселелері көтерілді.

«Әділет» партиясы Алматы облысының халқымен кездесті

«Әділет» партиясының сай­лауал­ды штабы Қонаев қаласында облыс тұрғындарымен кездесті. Жиында жұмыс орындарын көбей­ту, облыс орталығын дамыту, инже­нерлік инфрақұрылымды жаңғырту, салық ережелері және балалардың қауіп­сіздігі талқыланды.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай өңір­дегі өндіріс, логистика, туризм мен ауылдық аумақтарды дамыту ұсы­ныстарын таныстырды. Кан­ди­дат Рауан Кенжеханұлы өңірлерде жұмыс орындарын құру мәселесіне тоқ­талды.
Кәсіпкерлер палатасының өкілі Жан­на Қырғызалықызы салық заң­намасындағы өзгерістердің биз­нес­ке әсері туралы сұрақ қойды. Кан­ди­д­ат Ренат Бектұров салық жүйесін қара­пайым әрі түсінікті ету және әкім­шілік рәсімдерді азайту жөнін­дегі ұсыныстарды айтты.
Жиында қауіпсіз және инклю­зив­­ті орта құру, білім, медицина мен әлеу­меттік көмектің қолже­тім­­­ділігін арттыру, сондай-ақ әлеу­меттік ны­сандар салу жайы да сөз болды.

ЖСДП кандидаттары ауыл тұрғындарының мәселесін тыңдады

ЖСДП атынан Құрылтай де­путаттығына кандидаттар Бұланды ауданы тұрғындарымен кездесуін өткізді. Кітапханада өткен жиынға қоғамдық ұйым өкілдері, жастар және еңбек ұжымдарының мүше­лері қатысты.
Кандидаттар Ілияс Жанғали мен Ару Алшынбай «Прогресс жо­лын­дағы 20 белес» бағдарламасының өңір­лерді дамытуға қатысты бағыт­тарын таныстырды. Кездесуде эко­но­мика, ауылдарды қолдау, инф­ра­құрылымды жаңғырту, жұмыс орындарын ашу, білім мен меди­ци­налық қызметтердің қолжетімділігі де сөз болды.
Сұрақ-жауап барысында тұр­ғын­дар жолдардың жағдайы, ауызсу мен коммуналдық инфрақұры­лым­ның сапасы, медициналық кадрлар тапшылығы, жастарды жұмыспен қамту және бюджет саласы қыз­мет­керлерінің еңбекақысы туралы сұ­рақтар қойды. Сонымен қатар ауыл кәсіпкерлігі, тұрғын үй, интернет байланысы, әлеуметтік нысандар және зейнеткерлер мен мүмкіндігі шек­теулі азаматтарды қолдау мәсе­ле­лері көтерілді. Партия өкілдері ұсыныстардың назарға алынаты­нын мәлімдеді.

«Байтақ»: экологиялық мәдениет – тәрбиеден

«Байтақ» жасылдар партиясы­ның хатшысы, Құрылтай депутат­тығына кандидат Владимир Мар­тель Алма­тыдағы №80 мектептің педа­гоги­калық ұжымымен кездесті. Сай­лауал­ды науқан аясында өткен жиын­ға 30-ға жуық мұғалім қатыс­ты.
Кандидат партияның негізгі бағыттары мен бағдарламасындағы білім беру және қоршаған ортаны қорғауға қатысты ұсыныстарды та­ныстырды. Одан кейін кездесу ашық пікір алмасу форматында жал­ғасты.
Педагогтер оқушыларға эколо­гиялық білім мен тәрбие беру, бала­лардың табиғатқа жауапкершілік­пен қарауын қалыптастыру және мектептегі экологиялық мәдениетті дамыту мәселелерін көтерді. Сон­дай-ақ мектеп аумағын абаттандыру, ағаш отырғызу, көгалдандыру жұ­мыстарын жүйелі ұйымдастыру және оған оқушыларды тарту жө­нінде ұсыныстар айтылды.
Кездесуде мұғалімдердің еңбек жағ­дайы мен әлеуметтік қамсыздан­дырылуы да талқыланды. Ұжым өкіл­дері педагогтердің зейнет жа­сын төмендету мәселесін көтеріп, осы бағыттағы пікірлері мен ұсы­ныс­тарын жеткізді.

ҚХП дәрігерлермен әлеуметтік қолдау туралы ой бөлісті

Шымкенттегі №2 қалалық ауру­ха­нада ҚХП-дан Құрылтай депутат­тығына кандидаттардың медицина қызметкерлерімен кездесуі өтті. Жиынға бюджеттік ұйымдарда ең­бек ететін 50-ден астам дәрігер мен медицина маманы қатысты.
Кездесуде денсаулық сақтау қызметкер­лері­нің әлеуметтік жағдайы мен кә­сіби мәртебесін арттыруға қатыс­ты ұсыныстар таныстырылды. Кан­дидат Ләззат Ақтаева медицина са­ласындағы еңбек жағдайы, ма­ман­дарды әлеуметтік қолдау және дәрігерлерге түсетін әкімшілік жүк­те­ме мәсе­лелеріне тоқталды.
Партия өкілдері медицина қыз­меткерлерін қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетіл­ген ипотека енгізу және жасанды ин­теллект қолданылатын медици­на­лық қызметтің цифрлық жүйесін құру жөніндегі ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ дәрігерлер толтыратын есеп­тер мен өзге бюрократиялық рә­­сімдерді қысқарту мәселесі де кө­теріл­ді. Кездесуде денсаулық сақтау жүйе­сін дамыту және сала маман­дары­ның жұмыс жағдайын жақ­сарту жолдары талқыланды.

«Ауыл» партиясы «Таза Ауыл» экологиялық акциясын өткізді

Халықаралық жастар күніне орай «Ауыл» партиясы «Таза Ауыл» эко­­логиялық акциясын ұйымдас­тыр­ды. Іс-шараға партия төрағасы Қайрат Айтуғанов, Құрылтай де­пу­таттығына кандидаттар, жастар, қо­­ғам­дық ұйымдар өкілдері мен пар­тия белсенділері қатысты. Акция­ға 350-ден астам адам жинал­ды.
Қатысушылар бұлақ маңындағы аумақты қоқыстан тазартып, абат­тан­дыру жұмыстарын жүргізді. Со­нымен қатар бұлақ көздерін ашу ша­расы өткізіліп, табиғи нысанның са­нитарлық жағдайын жақсартуға ба­ғытталған жұмыстар атқарылды. Қай­рат Айтуғанов су көздерін сақ­тау мен табиғи аумақтарды қорғау мәселесіне тоқталды.
Партия мәліметінше, «Таза Ауыл» акциясы өңірлік филиал­дар­дың бас­тамасымен еліміздің барлық ай­мағында өтіп жатыр. Бүгінге дейін республика бойынша 100 акция ұйымдастырылып, елді мекендерді абат­тандыру, табиғи аумақтарды сақ­тау және жастардың эколо­гия­лық мәдениетін қалыптастыру жұ­мыстары жүргізілген.

«Ақ жолдықтар» сусын шығаратын кәсіпорынға барды

«Ақ жол» демократиялық пар­тия­­сының штабы Павлодардағы «Жа­на Роса» кәсіпорнына барды. Штаб мү­шелері өндірістік цехтарды аралап, азық-түлік және алкогольсіз су­сындар шығару үдерісімен таныс­ты.
Кәсіпорында 200-ден астам адам еңбек етеді. Зауыт қазақстан­дық на­рық­қа азық-түлік өнімдері мен алко­гольсіз сусындар шығара­ды. Кездесуде кәсіпорынның жұ­мысы, өндірісті дамыту және жұ­мыс орындарын сақ­тау мәселелері тал­қы­ланды.
Жиында партия төрағасы Дания Еспаева Құрылтай сайлауына арнал­ған бағдарламаның экономикалық бағыттарын таныстырды. Ол кәсіп­кер­лікті дамыту, отандық өндіруші­лер­­ді қолдау, бизнес мүддесін қор­ғау және экономиканың нақты сек­торы­на жағдай жасау жөніндегі ұсыныс­тар­ға тоқталды.
Кәсіпорын қызметкерлері өн­діріс­тің жағдайына, бизнесті жүр­гізу­ге және отандық өнімнің бәсе­ке­ге қа­білеттілігін арттыруға қатысты сұрақ­тарын қойып, ұсыныстарын біл­дірді. Тараптар кәсіпкерлер мен ең­бек ұжымдары көтерген мәселе­лер­ді шешу жолдары жөнінде пікір ал­масты.

Respublica штабы «Кублей» кәсіпорнының ұжымымен жүздесті

Respublica партиясының сай­лауалды штабы Оралдағы «Кублей» ет өңдеу кәсіпорнына барды. 
Кездесуде зауыттың санитар­лық-қорғау аймағындағы тұрғын үй құрылысына байланысты мәселе сөз болды. Санитарлық талаптар кә­сіпорын жұмысына кедергі кел­тіріп, сот даулары бірнеше жылға созыл­ған. Соның салдарынан зауыт сәй­кес­тік сертификаттарынан айы­ры­лып, өндірістің тоқтау қаупіне тап болған.
Партия мәліметінше, 2023 жы­лы оның басшылығы кәсіпорын ұжы­мымен кездесіп, мәселені жер­гілікті органдар мен Үкімет өкіл­дері­мен талқылаған. Кейін Ден­сау­лық сақтау министрлігі бұрыннан жұ­мыс істейтін кәсіпорындардың са­нитарлық-қорғау аймақтарын қай­та қарауға мүмкіндік беретін бұй­рық қабылдаған.
Штаб мүшелері ұжымға партия бағ­дарламасындағы отандық өнді­ріс­ті қолдау, салық жүктемесін азай­ту және кәсіпкерлердің құқық­та­рын қорғауға қатысты ұсыныс­та­рын таныс­тырды. 


 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары