Қазір әлеуметтік желі бетін аша қалсаңыз ақыл айтатын «ақылмандардан» аяқ алып жүргісіз. Бір курс сатып алып, оқып кеңес беретін псевдопсихологтар, физика мен космос жайында уағыз айтатын молдалар, тарих жөнінде айтатын әлеуметтанушылар, қалай баю керек екенін үйрететін коучтар – бүгінгі заманның «ақылмандары». Тренинг өткізіп ақылын ақыға сататындар да жетерлік. Дегенмен олардың айтқан ақылдарының рас, өтірігін бағамдап, ой таразысына салып, сыни ойлау жүйемізді қосып, сараптау бізге артылған жүк болмақ.
Сонау бір заманда бір поэзия өнерінен аса хабары жоқ ортақол ақынның «Патшаға арнап ғажап туынды жаздым. Осы туындымды хан қақпасының алдына іліп қойсам деймін» дегенде қасындағы атақты бір ақын «Сол туындыңның қасына өзіңді де іліп қоюыңа кеңес беремін» дейді. Сонда әлгі «не үшін?» деп сұрағанда «осынау «ғажап» туындыңызды сіздің шығарғаныңызды хан ием білуі керек емес пе?» деген екен. Иә, қаншама ғасырлар бойы кемталант өз «дарынын» жоғары бағалағанына куә болып келеміз. Мұндай жағдай барлық салада кездеседі. «Мен ештеңе білмейтінімді білемін» деген грек данышпаны Сократ секілді өзіңнің білмейтініңді білу үшін де білімпаз болуың керек, демек. Ал біз өзіміздің білмейтінімізді білеміз бе?! Күмәніміз бар. Бұған әлеуметтік желідегі аспандағы жұлдыздан көп ақылшылардың білмейтінін біреуге үйреткісі келгенін мысал етсек болады. Иә, әдетте, тәжірибесіз адамдар өзінің қабілетін асыра бағалайды. Керісінше, тәжірибелі адамдар, өз мүмкіндігін төмендетуге бейім. Бұл ретте Қытай данышпаны Лао Цзы «Білген айтпайды, айтқан білмейді» деп нақтылай түседі. Дегенмен осы бір құбылыстың психология-
да атауы да бар болып шықты. Ол қандай құбылыс десеңіз, лирикалық шегініс жасайық...
Даннинг-Крюгер эффектісі қалай пайда болды?
1995 жылғы сәуірде америкалық Питтсбургтегі екі банк тонады. Бір таңғаларлығы, ол тіпті жүзін жасыруға тырыспады. Тіпті, ол әр банктен шығар кезінде бейнебақылау камераларына қарап жымиған да екен. Банкте емін-еркін ешқандай бетпердесіз ойран салған қылмыскерді полиция лезде қолға түсіреді. Кейін белгілі болғандай бұл Макартур Уилер деген қылмыскер болып шықты. Бір күн өтпей сол күні түнде қолға түскен қылмыскердің сондағы таңданысында шек жоқ еді. Өз қылмысын мойындамай қанша тулағанымен ақыры оған камералардың бейнежазбасын көрсеткенде ғана сабасына түскен екен. Ол «менің бетімде лимон шырыны болған еді ғой», – деп міңгірлей беріпті. Уилер теріге лимон шырынын жағып алу бейнебақылау камераларынан қорғайды, камерадан көрінбейді деп ойлаған сыңайлы. Лимон шырыны көрінбейтін сия ретінде пайдаланылады емес пе, осы себепті Уилердің ойынша, ол бейнекамераға көрінбеуі керек еді. Бұл гипотезаны сынау үшін қылмыскер тонау алдында Polaroid-те бірнеше суретке түсіп те көрген екен. Бір таңғаларлығы, фотосуретте оның жүзі шынымен көрінбеген. Кейінірек, тәртіп сақшылары мұның да сырын анықтады. Сынақ барысында лимон шырыны қылмыскердің көзіне тамып кетеді. Көзі ашып, абыржыған Уилер өзін суретке түсіруде қалт кеткен екен. Демек, бос бөлмені түсірген. Полиция ақыры Уилердің есі ауыспаған және есірткі қолданбаған, бар болғаны ақымақтығымен қателесті деген тұжырым жасады.
Кейіннен Корнеллдегі психология профессоры Дэвид Даннинг пен оның аспиранттарының бірі Джастин Крюгер бұл құбылыстың керемет мысал екенін түсінді. Бұл құбылысты олар 1999 жылы зерттеп, ғылыми негіздеген. Зерттеушілер тобы студенттер арасында әзіл-оспақ, логикалық ойлау және грамматика бойынша тесттер өткізеді. Қатысушыларға нәтижелерін көрсетпес бұрын, Даннинг пен Крюгер олардан өз жұмыстарын пайызбен бағалауды сұрады. Барлық үш сынақта ең төменгі балл жинаған студенттер (шамамен 15%) өз нәтижелерін 50% жоғары бағалайды. Ал ең жоғары нәтижелерге қол жеткізген қатысушылар болса өздерін жоғары бағаламай, керісінше қарапайымдылық танытыпты. Сосын ғалымдар «қабілетсіз адамдар өздерінің қабілетсіздігін түсіне ала ма?» деген сұраққа бастарын қатырады. Осылайша, бұл мәселені шешу үшін ғалымдар ең төменгі балл жинаған қатысушыларды қайта шақырады. Оларға енді басқа студенттердің сынақтарын бағалау ұсынылады, содан кейін бастапқы тестілеу нәтижелерін қайта сараптау тапсырылады. Олар өздерінің қабілетсіздігін мойындамағанымен қоймай, керісінше өздеріне одан да жоғары ұпай береді. Келесі зерттеулерінде Даннинг пен Крюгер зертханадан шығып, мылтық атып машықтанатын жерге барады. Ол жерде олар мылтық атуға әуестенетіндерден қарудың қауіпсіздігі туралы сұрайды. Зерттеу барысында алдыңғы сынақтардағыдай атыс қаруы жөніндегі сұрақтарға ең көп қателескен қатысушылардың өз білім деңгейін айтарлықтай асыра бағалайтыны анықталды. Ақыры, ғалымдар «Өзінің біліксіздігін аңғармайтын адамдар: құзыретсіздігін мойындаудағы қиындықтардың өзін-өзі асыра бағалауға әсері» атты мақаласын жариялады. Ақырында, психологияда Даннинг-Крюгер эффектісі деген жаңа термин пайда болды.
Терминге байланысты тағы бір мысал. 2016 жылы Мэрил Стриптің «Примадонна» фильміндегі кейіпкерді еске түсіріңізші. Америкада ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген Флоренс Фостер Дженкинс есімді ханымның көк түйір таланты, тіпті қабілеті болмаса да өз дәуірінің әйгілі әншісі һәм пианисткасы болды. Өйткені өзінің ғажайып «дарынына» сенімді болғаны сонша, өзін күлкіге айналдырған тыңдармандарын оның ғажап талантын көре алмайды деп қабылдаған. Әкесінің басқа мамандық таңда деп берген кеңесіне қарамастан, Флоренс бар байлығын өз концерттерін ұйымдастыруға және оны жарнамалауға жұмсады. Айналасының оны «барлық дәуірлердің ең дарынсыз опера әншісі» дегеніне қарамастан ол әйгілі болды. Оның репертуарында Моцарттың, Вердидің, Брамс пен Штраустың туындылары болды. Ол әнді ешқашан нотаға сай орындамайтын және байғұс аккомпианаторлары оның сандаған қателігін, жарықшақ дауысын жасырамыз деп шаршайтын. Халық оның жексұрын дауысын тыңдап, күлкіге қарқ болу үшін ғана концерттеріне топырлап жиналатын. Қалай дегенмен де Флоренс өз арманына жетті. Ол мыңдаған көрерменнің алдында концерт берді және танымал болды. Ол өлгеннен кейін осынау ерекше әнші туралы деректі және көркем фильмдер түсірілді. Абайдың «Арсыз болмай атақ жоқ» дегені осындайда еске түседі.
«Болған жігіт болдым демес»
Даннинг-Крюгер эффектісіне сәйкес, тәжірибесіз адамдар қате тұжырым жасап, сәтсіз шешім қабылдайды. Олар өзінің сәтсіздіктері қате шешім мен тәжірибесіздіктің нәтижесі екенін түсінбейді және өздерінің «ергежейлі» қабілетіне сенеді. «Әдетте, түсінігі таяздар көп білеміз деп ойлайды, ал мүлде ақылынан айырылғандар бәрін білеміз деп ойлайды» деген Дж. Бруно ойы осы көріністі сипаттайды. Ал тәжірибелі адамдар, қабілетін адекватты бағалап, өз дағдыларына сәл күмәндануға бейім. Олар басқалар ыждағаттылықпен үйренсе өздері жасай алатын нәрсені олар да оңай меңгеріп алатынын біледі. Бұл ретте «Адамның шығу тегі» кітабында Чарльз Дарвин «Надандық білімнен гөрі сенімділікті жиірек тудырады» десе, Бертран Рассел: «Біздің әлемнің қиыншылығы – ақымақ адамдар тым сенімді, ал ақылды адамдар күмәнданғыш», деп нақтылайды. Өз «таланттары» мен «тәжірибелеріне» тым сенімді жандардың күлкіге қалып жатқанын өмірде жиі байқауға болады. Бұл барлық салада бар. Спортта танымал кәсіпқой боксшыларды жекпе-жекке шақырған әуесқойлар жетерлік. Кездесудің қандай нәтижемен аяқталғаны да көпке таныс. Біз жоғарыда өзін зор, өзгені қор санайтындар туралы сөз еттік. Енді монетаның екінші жағына қарай ойыссақ.
Кей жағдайда Даннинг-Крюгер эффектісі адамның өз мүмкіндігін кем бағалауымен де көрінеді. Бұл әдетте білімді мен таланттылар арасында жиі көрініс табады. Мұндай адам өзінің құзыреттілігін жеткілікті түрде бағалай алмайды. Мұндай синдромы бар адам өзін-өзі бағалаудың төмендігінен зардап шегіп, өз білімін жеткіліксіз деп санайды, айналадағылардың бәрі сауатты деп ойлайды. Айырмашылығы сол, біліксіз адамдарға қарағанда шынымен білімдар адамдар басқалардың сынауынан қашпайды және кері байланыс жасап қателігін түзетіп отыруға қауқарлы. Себебі олар Конфуций айтпақшы, «Нағыз білім – өз надандығыңның деңгейін білу» деген қағиданы ұстанатындар. Мұны қазақ бір ауыз сөзбен «Болған жігіт болдым демес, болдым десе болғаны емес» деп қысқа қайырады.
Ақылы «ақыл» заманы
Қазір мына ғаламтордың салтанат құрған ақпараттық қоғамы «ақылмандардың» дәуренін жүргізіп тұр. Ұялы телефон арқылы ақылды кейіп танытып, бір жөткірінсеңіз заматта миллиондаған адам тыңдаушыңызға айналады. Дегенмен біз өзіміз жетік білетін саламызда ақыл айтып жүрміз бе? Бір ғана мысал. 2020 жыл. Аты жаман ауру ғаламның апшысын қуырып тұрған шақ. Елді еңіреткен індет лезде таралып, халықтың тынышы қашқан кезде әлеуметтік желі арқылы індеттен қорғану мен емделуге арналған ақыл-кеңестерде есеп болмады. Бірі «қойдың құйрығын жеу керек» десе, бірі «шұбат пен қымыз ішкен пайдалы» дейді, енді бірі «лимон мен інжірді көп тұтыну керек» десе, келесі бірі «сарымсақ пен пияздан өзіңізді шектемеңіз» десіп жатты. Осы толған ақыл-кеңестер өз жемісін берді ме? Бұған нақты жауап беру қиын. Ал зияны болды ма деген сұраққа дәрігерлер тарапы жауап беріп жатты. Бұрыннан сырқаты бар дімкәс жандардың құйрық майды шамадан тыс пайдаланғанынан жүректері ауырып, мазасыз күй кешкендері, ал сарымсақты жиі әрі көп мөлшерде тұтынғаннан олардың асқазандары сыр берген. «Осындай жаттығу жасаңдар!» деген кеңестерді қолданған жүрек-қан тамыры ауруымен ауыратындар одан бетер дәрменсізденіп қалған. Әлеуметтік желілерден келіп жатқан қойдың құйрығының пайдасы жайындағы кеңес біздің халқымызға бұрыннан белгілі. Десек те, қойдың құйрығын қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек-қан тамырлары секілді созылмалы ауруы бар адамдарға тұтынуға болмайды. Сарымсақ туралы да солай айтуға болады. Оның құрамындағы аллицин жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартқанымен, оны шамадан тыс көп жеу қауіпті. Өйткені адамның одан улануы мүмкін. Айталық, адам сарымсақты аш қарынға жемегені жөн. Ал асқазаны ауыратындар ауруы асқынған кезде сарымсақты мүлде пайдаланбағаны дұрыс. Рас, әр адамның ағзасы да, жасы да әртүрлі. Бірақ «сарымсақ – пайдалы» деген кеңеске сақтықпен қараған жөн. Оны жиі, әрі көп тұтынғаннан ішке газ жиналып, жүрек айниды, бас ауырады. Тіпті, дене қызуы да көтеріледі. Сондықтан, қай емнің де пайдалы-зиянды жағын ескере жүрген абзал дейді дәрігерлер. Міне, бұл бір ғана жағдайда айтылған кеңеске бір ғана маманның бірген жауабы. Демек, кез-келген мәселеде өз саласының білгірінен кеңес алған жөн.
Бүгінде «Кітапты кедей адамдар оқиды», «Мерседесті молдалар ойлап тапқан» деген ойын ортаға салған ақылгөйлерді аз байқап жүрген жоқпыз. Бұларды ақпараттық алаяқ деп атауымызға да болады. Себебі бұл ақпараттарға имандай сенетін қауым тағы бар. Мұндайда С.Батлердің «Жарық дүниеде алаяқтардан да ақымақтар көп, өйтпегенде алаяқтардың өмір сүруіне ешбір себеп болмас еді», деген сөзі еске түседі. «Өзінің ақымақтығын білген адамды данышпанға тең десе де болғандай. Ал өзін данышпанға балаған ақымақ – шын мәніндегі ақымақ» деген ғұлама сөзі мен «Дүниеде ең оңайы – біреуге ақыл айту, ең қиыны – өз-өзіңді жөнге салып, өзіңді-өзің түсіну», – деген әл-Фарабидің сөзін естен шығармағанымыз абзал. Ал біз өзіміздің ақымақ екенімізді білеміз бе?!
Наурызбек САРША