Диплом дегредациясы: Кәсіби маман қалай қалыптасады?

Диплом дегредациясы: Кәсіби маман қалай қалыптасады?

Бұрын диплом жоғары табыс пен тұрақтылықтың кепілі саналса, бүгінде институционалдық салмағынан айырыла бастады. Жаһандық цифрландыру мен жасанды интеллектінің жедел дамуы академиялық білім беру жүйесіндегі монополияны бұзып, еңбек нарығын біршама өзгертті. 
Қазіргі университеттер мен кәсіби бі­лім беру жүйесі еңбек нарығының жыл­­­­­дам ыр­ға­ғына ілесе алмай, біршама қиын­дыққа тап бо­лып отыр. Ака­де­мия­лық орта консервативті әрі салмақты бол­­­­ғандықтан, өзгерістерге өте баяу бейім­деледі. Жаңа оқу бағдарламасын әзір­­леп, оны ресми аккредиттеуден өт­кізу жә­не оқытушылардың біліктілігін арт­тыру ке­мін­де 2-4 жылды алады. Ал тех­нология мен на­рық сұранысы әр 6 ай не­месе жыл сайын жаңарып жатқан за­ман­да созбалаңқылыққа са­лы­ну оқу ор­ны беретін білім мен шынайы өмір­дің та­лабы арасында үлкен алшақтық ту­­дырып отыр.
Бұл сәйкессіздік ең алдымен тео­рия­лық бі­лім мен қолданбалы дағ­дылардың аражігі­нен аңғарылады. ЖОО-лар теориялық негіз­дер­ге басым­дық берсе, жұмыс берушілерге бі­рін­ші күн­нен бастап өндірістік процеске кі­рісе ала­тын, заманауи бағдарламалық қам­та­­ма­сыз етумен және дербес құралдармен жұ­­мыс істей білетін мамандар қажет. Оның үстіне академиялық профес­сор­лық-оқыту­шы­лық құрамның басым бө­лігі нақты өндірісте немесе бизнес-ор­тада жұмыс істемегендіктен, бі­лім беру маз­мұны нарықтық қатынастан ал­­шақ­тап қалған. Сонымен қатар универ­си­тет­­тер тар шеңберлі мамандық бойынша те­рең білім беруге тырысқанымен, қазір ең жо­ғары бағаланатын бейімделгіштік, кросс-ко­мандалық коммуникация және сын тұрғы­сы­нан ойлау сияқты дағды­лар­ды оқытудың жүйе­лі әдістемесін қа­лып­тастыра алмай отыр.

Академиялық білімнің қажетсіз бо­лып қалуының тағы бір себебі техно­ло­гия­лық сер­пілісте. Төртінші өнеркәсіптік ре­волюция мен жасанды интеллект жо­ғары білімнен әл­де­қайда асып түсті. Сту­­дент университет қа­быр­ғасында төрт жыл бойы меңгерген тех­никалық білім­нің жартысына жуығы дип­ло­мын қолға алам дегенше өзектілігін жоғалтып үл­ге­реді. Оған қоса, сертификаттау бағдар­ла­­­­малары, микро-кредициалдар мен Cour­sera, edX сияқты платформалар бі­лім­­ге қойылған бұрынғы монополияның тас-талқанын шы­ғарды. Google, IBM, Microsoft сынды IT-гигант­тардың сер­ти­фикаттары дәстүрлі дипломға қарағанда кә­сіби дағдыны әлдеқайда жылдам әрі дәл айқындап берді десек, қателеспейміз. 

Экономикалық тұрғыдан алғанда, еңбек нарығында диплом инфляциясы етек алды. Жоғары білімі бар маман­дар­дың шектен тыс көбеюі оның бұрынғы құ­нын төмендетіп, жұмыс берушілерді тіпті карапайым лауазымдардың өзіне дип­лом талап етуге итермеледі. Бұл білім са­пасын көтерген жоқ, тек жұмысқа кіру ме­жесін жасанды түрде өсірді. Осының сал­дарынан университетте оқу бағасы өсіп, ал түлектердің жалақысы керісінше шатқаяқтады. АҚШ пен Еуропада жоғары бі­лімге жұмсалған инвестицияның ақ­талу мерзімі соңғы 15 жылда екі есеге ұзар­­ғаны – осы экономикалық дисп­ро­порцияның айқын дәлелі.
Сонымен бірге, еңбек нарығының өзін­дік әлеуметтік архитектурасы қайта құрылуда. Жұмыс берушілер бұрынғыдай қа­ғаздағы көрсеткішке емес, канди­дат­тың күрделі мәселелерді шешу қабілетіне, бейім­делгіштігіне және жұмсақ дағды­лары­на басымдық береді. Фриланс пен гиг-экономиканың өркендеуі «аптасына 40 сағаттық тұрақты штат» ұғымын ығыс­тырып, орнына маманның нақты портфолиосы мен рейтингін шығарды. Әсіре­се, IT, цифрлық маркетинг және креа­тивті индустрияда код жазу тесттері мен нақты кейстер академизмнің орнын басты. Десе де, медицина, заң, авиация секілді қатаң лицензиялауды талап ете­тін дәстүрлі салаларда диплом өз сал­м­а­ғын әлі де сақтап тұр.

Деректер мен дәйектер

Әлемдік статистика да осы бет­бұрыс­тың ақиқатын айғақтап отыр. ЭЫДҰ мен Халықаралық еңбек ұйы­мының деректеріне сүйенсек, дамы­ған елдердегі жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің үштен бірінен ас­та­мы өз әлеуеті мен біліміне сай кел­мейтін тө­менгі дәрежелі қызметтерді қанағат тұ­ту­ға мәжбүр. Ал Дүниежүзілік эконо­ми­калық форумның зерттеулері көр­сет­кендей, халықаралық ірі компа­ниялар­дың тең жартысынан астамы кадр таң­дауда түйіндемедегі дипломға емес, ең алдымен маманның нақты дағдысы мен қабілетіне басымдық бере бастаған. Со­ның айқын көрінісі ретінде, кейінгі он жыл­да Big Tech гиганттарының қата­рын­да арнайы дипломы жоқ, бірақ өз ісінің ше­бері саналатын мамандардың үлесі 40-50 пайызға дейін бір-ақ көтерілді. Burning Glass Institute & Harvard Business Review зерттеуі бойынша,  2014 жылдан бері АҚШ-тағы жұмыс хабарландыру­ла­ры­ның 46 пайызында орта және жоғары буын лауазымдарына қойылатын «бака­лавр дипломы міндетті» деген талап өз кү­шін жойды.
Әлемдегі ең беделді әрі танымал оқу ор­нының бірі Гарвард бизнес мектебі өз баяндамасында жұмыс берушілердің 70 пайыздан астамы дағдыға негізделген жалдау жүйесі дәстүрлі диплом жүйесіне қарағанда анағұрлым әділ және тиімді нә­тиже беретінін растаған.
Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының пайымдауынша, жа­қын жылдары әлемдегі әрбір екінші қыз­меткер кәсіби тұрғыда қайта оқып, жаңа дағды меңгеруге мәжбүр болады. Ең­бек нарығындағы мұндай өзгеріс сұра­нысқа ие болудың жалғыз жолы – үздік­сіз ізденіс екенін айқын көрсетті. Сарап­шылардың пікірінше, бұл бәсекеде топ жара­тын басты қабілеттерге салқын­қан­ды аналитикалық ойлау, шығармашылық еркіндік және кез келген соққыға төтеп бере­тін икемділік пен психологиялық төзім­ділік жатады.  
McKinsey Global Institute жүргізген зерт­теуінде автоматтандыру мен жасан­ды интеллект 2030 жылға қарай жаһан­дық еңбек нарығының «келбетін» түбе­гей­лі өзгертеді деп мәлімдеді. Мамандар ал­дағы жылдары жоғары технологиялық сауаттылық пен күрделі когнитивті қабі­лет­терге, атап айтқанда сыни ойлау мен түйт­кілдерді шешуге деген сұраныс 55 пайыз­ға артады. Керісінше, біркелкі қай­таланатын қол еңбегі мен базалық ког­нитивті тапсырмалардың салмағы 15-20 пайызға дейін құлдырап, өзектілігін жо­ғалтады.
LinkedIn платформасындағы жұмыс орын­дары талап ететін дағдылар 2015 жыл­­дан бері 25 пайызға жаңарыпты. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 50 пайыз­­ға жетіп, еңбек нарығындағы кәсі­би талаптардың тең жартысы толықтай қай­та «түзіледі».  
Ақпараттық технологиялар нары­ғы­на мамандандырылған АҚШ-тың алдың­ғы қатарлы Gartner компаниясының зерт­­теуінше ірі халықаралық ком­па­ния­лар­дың 60 пайыздан астамы кадр сая­са­тында бұрынғы қатып қалған лауа­зым­дық нұсқаулықтардан бас тартып, икемді дағ­дыларды енгізуге көшкен. Бұл тәсіл қыз­меткерді тар шеңбердегі бір міндетке бай­лап қоймай, оның бойындағы мықты қа­сиеттерін нарықтың өзгермелі сұраны­сы­на сай тиімді қайта бөлуге мүмкіндік бере­ді. 
Диплом талап етпейтін, кәсіби және тұл­ғалық дағдыға негізделген мұндай тә­­жірибеге көшу әлемдік еңбек нарығын­да экономикалық өзгерістермен қатар әлеуметтік трансформациялар тудырды. Университет түлектерінің дипломына емес, үміткерлердің нақты қабілетіне сүйен­ген кезде бос жұмыс орындарын то­лықтыру уақыты едәуір қысқарған. Жұ­мыс өнімділігі де арта түскен. LinkedIn пен Burning Glass Institute зерттеулері көрсеткендей диплом талабы алынып тас­талған лауазымдарда жұмыс істейтін ма­мандар академиялық талаппен келген қызметкерлерден өнімділік немесе ұжым­­да тұрақтау мерзімі жағынан еш кем түспейді, керісінше мол тәжіри­бе­сінің арқасында жаңа ортаға әлдеқайда жылдам бейімделеді. Бұл ретте HR про­цестерінің объективтілігі артып, түйін­демедегі беделді оқу орнының атауы мен субъектілік факторлар екінші орынға ысы­рылып, нақты тесттер мен портфо­лио нәтижелері шешуші рөл атқара бас­тады.
Экономистер мен әлеуметтану­шы­лар­дың пікірі екіге жарылады. Бірін­ші тарап бұл жүйені мүмкіндіктер тең­дігінің құралы десе, екінші тарап бел­гілі бір әлеуметтік қауіптерді алға тар­та­ды. Жүйені жақтаушылардың айтар уәжі ақылға қонымды. Қымбат ЖОО-да оқуға қар­жылай жағдайы жоқ, шалғай өңір­лер­ден шыққан немесе әлеуметтік осал топ­тағы талантты жастар үшін бұл мо­дель мансап жолында серпіліс жасайтын нақ­ты әлеуметтік лифтке айналды. Өз бетін­ше онлайн білім алып, сертификат жи­наған немесе мықты портфолио түз­ген кез келген талапты маман ірі тран­с­ұлт­тық компанияларға жол таба алады. Ал керісінше сыни көзқарастағы әлеу­мет­танушылар дағдыға негізделген эко­номика кейде формальды емес немесе әлеу­меттік тұрғыдан қорғалмаған сапа­сыз еңбекке және тұрақсыз гиг-эко­но­ми­ка­ға әкеп соғатынын ескертеді. Мұнда олар тұрақты еңбек шарты, әлеуметтік па­кет, медицинaлық сақтандыру мен зейнетақы аударымдарынан қағылып, мамандардың құқығы толық қорғалмай қалуы мүмкін. Осылайша, кәсіпо­дақ­тар­дың «қорғанысынан» тыс қалған мұндай қыз­меткерлер жұмыс берушілердің ал­дын­да өте осал күйде қала береді.
Дегенмен әлемнің озық білім беру жүйе­лері бұл алшақтықты еңсерудің ин­новациялық модельдерін сәтті қолданып ке­леді. Алдыңғы қатарда Германия, Швей­цария және Аустрияда кеңінен та­ра­­ған дуальді білім беру моделі тұр. Бұл жүйе­де студенттер уақытының 30-40 пайызын университетте немесе колледж ау­диториясында теорияға арнаса, 60-70 пайызын нақты өндірісте қызметкер ретінде жалақы ала отырып өткізеді. Бұл мо­дель түлектердің жұмысқа орналасу көр­сеткішін 90 пайыздан асыруға мүм­кіндік берді. Германияда дуальді білім беру жүйесінен өткен студенттердің 74 пайыздан астамы оқуын аяқтаған бойда өз­дері тәжірибеден өткен компанияларға тұрақты жұмысқа орналасады.
Ал АҚШ пен Сингапурде микро-кре­ди­циалдар және модульдік білім беру фор­маты қарқынды дамуда. Дәстүрлі төрт жылдық бакалавриаттың орнына сту­денттерге қысқамерзімді (3-6 айлық) нақ­ты дағдыларды беретін MicroMasters жә­не NanoDegrees сияқты модульдер ұсы­нылады. Бұл модульдерді жинай оты­рып, студент қажет болған жағдайда то­лық дипломға қол жеткізеді немесе бір­ден нарыққа шығып кете алады. 
Силикон алқабы, Израиль және Оң­­­­түстік Кореяда университет пен бизнестің кластерлік интеграциясы сәт­ті жүзеге асырылған. Мұнда универ­си­­­­­теттер ірі индустриялық гиганттармен бір­лескен R&D (зерттеу және әзірлеу) ла­бораторияларын ашып, оқу бағдар­ла­маларын бизнес өкілдерінің тікелей сұ­ранысына сай бекітеді, ал үздік сту­дент­терге екінші курстан бастап-ақ жұмысқа ор­наласуға ұсыныстар түседі. Сонымен бірге Франциядағы School 42 немесе Minerva University модельдері сияқты лек­циялық форматтан толықтай бас тартып, білім беруді шынайы кейстер мен компаниялар беретін өндірістік тап­сырмаларды шешуге негіздеген проб­ле­маға бағытталған және жобалық оқыту тә­сіл­дері де өзінің жоғары тиімділігін дә­­лелдеп отыр. Футурологтардың ай­туын­­ша, бүгінгі бастауыш мектеп оқу­шы­лары 65 пайызы болашақта қазір әлі жоқ не­месе жаңадан қалыптасып келе жат­қан мамандықтар бойынша жұмыс істейтін болады. 

Отандық нарықтың заңдылықтары

Жаһандық еңбек нарығын шай­қалт­­қан бұл тектоникалық өз­­­­­герістер Орталық Азияны, соның ішін­де Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Қайта біздің икемі бөлек, заңы басқа отан­дық нарықта бұл үдеріс өзіндік ұлт­тық сипат алып, тереңдей түскен ішкі дис­пропорциялармен көрініс табуда.
Қазақстанның еңбек нарығында дип­­ломы бар мамандардың көптігі мен жұ­мыс берушілердің нақты сұранысы ара­сында үлкен алшақтық қалыптасқан. Мем­лекеттік органдар мен еңбек сарап­шыларының деректеріне сүйенсек, елде «диплом гиперинфляциясы» мен кадр тапшылығы бір мезгілде қатар жүріп жатыр.
Мұндағы басты мәселе диплом мен нақ­ты дағдының арақатынасында бо­лып отыр. Отандық ЖОО мен колледж тү­лектерінің басым бөлігі оқу бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай, басқа салаға кетеді. Бұл уни­верситет дипломының еңбек нары­ғын­дағы басты сапа белгісі ретіндегі инс­титуционалдық салмағы азайғанын ай­ғақтайды. Сонымен қатар нарық ұсы­натын бос орындардың жартысына жуы­ғы жоғары академиялық білімді мүл­де талап етпейді. Сондықтан елімізде «дип­ломды жұмыссыздық» немесе ма­ман­ның өзінің кәсіби біліктілігінен тө­мен орында қызмет етуі қалыпты үрдіске ай­налып барады. 
Жұмыс берушілер сұранысына ие бағыттарды сараласақ, на­рық­та мүлде өзгеше картина қалыптасқан. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының және Электрондық еңбек биржасының мә­ліметінше, сұранысқа ие бос орын­дар­дың 45-50 пайызына жуығы орта ар­нау­лы білімі бар жұмысшы мамандарға, атап айтқанда құрылысшылар, машина жүр­гізушілері, дәнекерлеушілер, техник­тер мен техникалық қызмет көрсету ма­­­мандарына тиесілі. Сондай-ақ әлеу­мет­тік секторда, соның ішінде мек­теп мұ­ғалімдеріне, әсіресе жаратылыстану-ма­тематика бағыты бойынша, ба­ла­бақша тәрбиешілеріне, мейір­би­келер мен дәрігер­лерге сұ­ра­ныс тұрақты түр­де жо­ға­ры. Ал IT, ин­же­нер­лік және өндірістік секторда ки­бер­қауіпсіздік, Data Science, ав­томат­тан­ды­рылған өн­діріс­тік жүйе­лер­ді басқару ин­женерлері, сон­дай-ақ тау-кен мен өң­деу өнеркәсібінің гео­лог­та­ры мен бұрғылау супер­вай­­зер­лері ең жоғары жалақы ұсы­ны­латын, бірақ табуы өте қиын тапшы кадр­лар қатары­нан түс­пей келеді.
Бұл орайда ЖОО мен колледж тү­­лек­терінің арасында айтарлықтай ал­шақ­тық байқалады. Жұмыс берушілер тү­лектердің теориялық базасы болға­ны­мен, қазіргі зауыт жабдықтарын, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді немесе бизнес-процестермен жұмыс істей алмайтынын жиі алға тартады. Сонымен бірге жастар арасында іскерлік комму­ни­кация, командада жұмыс істеу, жауап­кершілік алу, стреске төзімділік және тайм-менеджмент секілді дағдылар ақсап тұр. Тіпті, IT немесе инженерлік ма­мандық түлектерінің өзінде халық­аралық құжаттамамен жұмыс істеуге немесе заманауи цифрлық аналитикалық құралдарды қолдануға қажетті кәсіби ағылшын тілі деңгейінің төмендігі кері әсерін тигізуде.
Еліміздегі білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту статистикасы мәселенің ауқымы қаншалықты терең екенін айқын көрсетеді. Жыл сайын еліміздің ЖОО-лары мен колледждерін 150 мыңнан астам түлек бітіріп шығады. Ұлттық статистика бюросы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, жоғары оқу орны түлектерінің шамамен 35-40 пайызы алғашқы жылы өз маман­дығы бойынша жұмысқа орналаса ал­майтынын немесе басқа салаға ауыса­ты­нын мәлімдеді.  
Электрондық еңбек биржасында жарияланатын 1 миллионнан астам жылдық бос орынның басым бөлігі бі­ліктілігі төмен немесе орташа жұмысшы мамандарға бағытталғаны байқалады. Мұны Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігінің деректері де растайды. Бізде заң, экономика және гуманитарлық бағыттағы дипломды мамандар шамадан тыс көп болса, керісінше инженерлік-техникалық, агрономиялық және педа­гогикалық бағыттарда кадр тапшылығы жоғарылап барады.

Ару ҮКЕНОВА,  
PhD, Astana IT University, Шығармашылық индустриялар 
мектебінің ассистент-профессоры:

Диплом – қабілеттің кепілі емес

Қазір IT саласына кіру үшін міндетті түрде төрт жыл университетте оқу қажет емес. Қысқа курстар, кәсіби сертификаттар, ашық білім ресурстары және нақты жобалар арқылы бірнеше айдың ішінде бастапқы дағды игеріп, жұмысқа орналасуға болады. Бұл – білімге қолжетімділікті кеңейткен оң өзгеріс. 
Иә, бүгінде дипломның өзі қабілеттің кепілі емес. Ол белгілі бір оқу бағдарламасының талаптары орындалғанын көрсетеді, бірақ түлектің жаңа технологияны өздігінен меңгеретінін, сапалы код жазатынын немесе командада тиімді жұмыс істейтінін автоматты түрде дәлелдемейді. Мәселен, IT маманының кәсіби жұмысы мен информатика саласындағы ғылыми зерттеуді бір өлшеммен бағалауға болмайды. Әзірлеушінің міндеті көбіне берілген талапқа сай жұмыс істейтін, қауіпсіз және қолдауға болатын жүйе жасау. Ғалымның міндеті – бұрын толық жауабы болмаған мәселені анықтап, тексерілетін сұрақ қою, әдіс таңдау, балама түсіндірмелерді қарастыру және нәтижені басқа зерттеушілер қайта тексере алатындай ұсыну. Бағдарламаның жұмыс істеуі ғылыми гипотезаның дәлелденгенін білдірмейді. Осы тұрғыдан дипломның құндылығы қағазда емес, оған дейінгі сапалы үдерісте. Егер докторлық бағдарламада білікті жетекшілік, зерттеу семинары, әдіснама дайындығы, ашық рецензия және академиялық адалдық болмаса, PhD атағы ғылыми қабілеттің әлсіз белгісіне айналады. Керісінше, талаптары жоғары бағдарлама зерттеушінің белгісіздік жағдайында сенімді білім өндіре алатынын бірнеше жыл бойы тексереді. Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы (UNESCO) ғылым еркіндігімен қатар зерттеушінің қоғам алдындағы жауапкершілігін, адалдығын және нәтижелердің ашықтығын маңызды норма ретінде көрсетті. 
Жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуы білім мен диплом туралы пікірталасқа жаңа өлшем қосып отыр. Бүгінде жасанды интеллект қысқа уақытта бағдарламалық код жазып, үлкен көлемдегі деректі өңдеп, күрделі мәселені талдап, тіпті басқарушылық шешімнің бірнеше нұсқасын ұсына алады. Соның нәтижесінде бұрын бірнеше жылдық тәжірибені қажет еткен кейбір міндеттерді аз уақытта орындауға мүмкіндік пайда болды. Адамның жаңа мамандықты меңгеруіне, кәсіби бағытын өзгертуіне және өз саласында жоғары нәтижеге жетуіне жол ашып отыр. Алайда технология ұсынған жауаптың жылдамдығы оның дұрыстығына кепілдік бермейді. Жасанды интеллект деректегі бұрмалауды қайталауы, шынайы көрінетін қате ақпарат ұсынуы немесе шешімнің адамға, ұйымға және қоғамға тигізетін ұзақмерзімді салдарын ескермеуі мүмкін. Сондықтан болашақ маманға дайын құралды қолдану ғана жеткіліксіз. Ол жасанды интеллект ұсынған нәтижеге күмән келтіріп, оның дереккөзін тексеріп, дәлелінің сапасын бағалап және қолданудың этикалық шекарасын анықтай білуге тиіс. UNESCO-ның Жасанды интеллект этикасы жөніндегі ұсынымында да адам құқықтары, ашықтық, жауапкершілік және адам бақылауы ЖИ қолданудың негізгі қағидалары ретінде белгіленген. 
Осы тұрғыдан қарағанда, дипломның рөлі жоғалып жатқан жоқ, бірақ оның мағынасы өзгеріп келеді. Диплом адамның білім алуды аяқтағанын білдірмеуі керек. Ол белгілі бір академиялық даярлық кезеңінен өткенін және әрі қарай өздігінен білім алуға қажетті негіз қалыптастырғанын көрсетуге тиіс. Университеттің міндеті студентке бір ғана бағдарламалау тілін немесе қазір сұранысқа ие құралды үйретумен шектелмейді. Ол адамға жүйелі ойлауды, дереккөзбен жұмыс істеуді, өз пікірін дәлелдеуді, өзгенің сынын қабылдауды және шешімінің салдарын бағалауды үйретуі қажет.
Қысқа курс нақты дағдыны жылдам меңгеруге көмектеседі, ал университет сол дағдыны кең теориялық және қоғамдық контексте түсінуге негіз береді. Технологиялар тез өзгергендіктен, университетте алынған білімнің өзі де тұрақты түрде жаңартылып отыруы керек. Адам қай мамандықта жұмыс істесе де, кәсіби курстар, ашық ресурстар, тәжірибе және жасанды интеллект арқылы өзін дамытуын жалғастыруға тиіс. Демек, қазіргі қоғамға дипломы бар адамдардан бұрын, білім алуды тоқтатпайтын адамдар қажет.
Жоғары жауапкершілік жүктелетін басшылық қызметтерде терең академиялық даярлықтың болуы маңызды артықшылық деп есептеймін. Университетте адам кәсіби пәндерді меңгерумен қатар оқытушылардың бағалауынан өтеді, өз тұжырымын негіздеуді, қарсы пікірді тыңдауды және академиялық талаптарды сақтауды үйренеді. Магистратура мен докторантурада бұл дағдылар тереңдей түседі: білім алушы мәселені бірнеше қырынан талдап, дәлел мен жорамалдың айырмасын ажыратып, қолданған әдісінің шектеулерін көрсетуге дағдыланады.

P.S. 

Түйіндей айтқанда, дипломның институционалдық монополиясы ыдыраған кезеңде еңбек нарығындағы басты капитал дипломдағы мөр емес, маманның бейімделгіштігі мен үздіксіз оқуға дайындығы болмақ. Еліміздің білім беру жүйесі бұл майданнан тыс қала алмайды. Заман талабына сай нарық өз ережесін диктаторлық жолмен орната бермек...

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары