Сеул сапары: Стратегиялық бетбұрыс пен саяси салмақ

/
Сеул сапары: Стратегиялық бетбұрыс пен саяси салмақ

Осы аптада Мемлекет басшысы Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Бұл сапарды кезекті дипломатиялық кездесудің бірі деп бағалау, қол қойылған келісімдердің санымен немесе инвестициялық жобалардың жалпы құнымен өлшеу жеткіліксіз. Сеулдегі келіссөздердің мазмұнына қарап Қазақстан мен Корея бұрыннан қалыптасқан экономикалық байланысты енді технология, өндіріс, энергетика және экономикалық қауіпсіздық мәселелерімен ұштастыруға ниетті деп сеніммен айтуға болады.

15 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Ли Чжэ Мёң екі елдің қарым-қатынасын «бо­­­­лашаққа бағдарланған жан-жақты стра­те­гиялық серіктестік» деңгейіне көтеруге ке­лісті. Бұған дейінгі стратегиялық серік­тес­тік 2009 жылы орнаған еді. Корея Президенті кеңсесінің ресми мәліметіне сүйенсек, ендігі ын­тымақтастық аясы сауда мен инвес­ти­ция­мен шектелмей, экономикалық қауіпсіздік, озық өндіріс, ғылым мен технологияны жә­не адамдар арасындағы байланыс сияқты ба­ғыттарға дейін кеңеймек.

Қазақстан енді тек шикізат көзі емес

Президенттің Сеулдегі қазақ-корей іс­кер­лік дөңгелек үстелінде келтірген мәлі­ме­ті­не сәйкес, 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3 миллиард доллардан ас­ты. Корея Қазақстан экономикасына осы уа­қытқа дейін 12 миллиард доллардан астам ин­вестиция салған. Елімізде Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank секілді компанияларды қоса алғанда, корей капиталы қатысатын мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Яғни, екі мемлекет ара­сында бизнестің өзіне таныс ортасы әл­деқашан қалыптасып қойған деп сеніммен айта алмыз.
Корея да Қазақстанды Орталық Азия­да­ғы ең ірі сауда және инвестициялық серік­тес­терінің бірі ғана емес, энергия мен маңыз­ды минералдарға бай мемлекет ретін­де қарас­тырады. Корея Президентінің кеңсесі Қазақ­станмен ынтымақтастықты экономикалық қауіп­сіздікпен тікелей байланыстырып отыр. Президент Ли Чжэ Мёң Қазақстанды энер­гия мен табиғи ресурстарға ғана бай мем­лекет емес, жоғары технологиялық сала­ларда әлеуеті зор және Кореяның эко­но­ми­ка­л­ық қауіпсіздігі үшін маңызды серіктес деп атады. Сеул Қазақстанның индустриялық жаңғыруына өзінің өндірістік және цифр­лық технологиялары арқылы қатысуға дайын екенін де мәлімдеді.
Бұл риториканың астарында бүгінгі әлем­дік экономиканың нақты өзгерістері жа­тыр. Жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, энер­гия көздерін әртараптандыру, страте­гия­лық металдарға қолжетімділік қазір клас­сикалық сыртқы сауда мәселесінен эко­номикалық қауіпсіздік мәселесіне ай­налды. Корея сияқты технологиялық эко­номикаға тұрақты шикізат базасы маңызды болса, Қазақстанға шикізатты жай экспорт­тау­дан гөрі оны өңдейтін технология мен өн­діріс қажет. Сеул келіссөздерінің негізгі мәні осы екі сұранысты түйістіруде жатқаны рес­ми құжаттардан анық байқалады. 
Келіссөздерде аса маңызды ми­не­рал­дар­дың жеткізу тізбегін тұ­рақ­тандыру мәселесі де жеке қаралды. Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қыр­күйекте өт­кен алғашқы «Орталық 
Азия – Корея Рес­публикасы» саммитінде бұл бағытты өңір­лік деңгейге шығаруды ұсынды. Мем­лекет басшысының айтуынша, ал­да­ғы жұмыста өндірісті жергіліктендіруге, тех­нология беруге, өңірлік кооперацияға жә­не дайын өнімді өзге нарықтарға шы­ғаруға мән берілуі керек. Ол осы мақсатта «Ор­талық Азия – Корея» өнеркәсіп және тех­ноло­гия­лық даму серіктестігін құру ту­ралы бастама көтерді. «Ресурс – тех­но­логия – өнеркәсіп» мо­делінің мәні – қа­зақ­стандық кен орын­дары мен кореялық тех­нологияны байланыс­тырып, тек ши­кізат өндірумен шектелмейтін толық өн­дірістік тізбек қалыптастыру. Ал­ма­­ты­да Сирек және сирек кездесетін метал­дар­­ды зерттеу орталығын құру жөнінде уағ­­­даластық жасалды. Ақорданың мә­лі­ме­­тін­ше, Корея стратегиялық санатқа ен­гізген он минералдың бәрі Қазақстанда кездеседі. Қазақстан тарапы геологиялық зерттеуден және өндіруден бастап терең өңдеуге, одан әрі жартылай өткізгіштерге, аккумуля­тор­лар­ға, электромобильдер мен робот техни­ка­сы­на қажетті ком­по­нент­тер шығаруға дейін­гі циклді да­мы­туды ұсынды.

Прагматикалық өзек

Энергетика – екіжақты қатынас­тың тағы бір маңызды бағыты. Корея үкіметінің хабарлауынша, биыл сәуір­де Қазақстаннан 18 миллион бар­рель мұнай сатып алу жөнінде басталған жұ­мыстың жалғасы ретінде Сеулдегі сам­мит кезінде мұнай саласындағы ын­тымақтастықтың базалық келісімі жа­сал­ған. Екі ел энергия ресурстарын бір­ле­сіп игеру мүмкіндігін де талқыламақ. Бұл Кореяға жеткізу көздерін әр­тарап­тан­дыруға мүмкіндік берсе, Қазақстан Азия нарығындағы энергетикалық қа­ты­нас­ты кеңейтуге мүмкіндік алмақ. Президент Тоқаев Сеулдегі өңірлік сам­митте Кореяға энергия ресурстарын жет­­­­кізуді қайта жандандыруға дайын еке­нін айтып, геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеру ісінде де ын­тымақтастықты кеңейтуге болатынын мә­лімдеді. Қазір Hyundai Engineering Қара­шығанақ газ өңдеу зауыты жобасына қа­тысып отыр.
Атом саласы да күн тәртібіне жеке ба­ғыт ретінде енді. Тараптар атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пайдалану жө­ніндегі меморандумға сүйене отырып, ядролық энергетиканың толық циклі бойын­ша ынтымақтастықты кеңейтуге ке­лісті. Қазақстан жағы шағын модульді реакторларға қызығушылық танытып, KHNP және Doosan Enerbility компа­ния­ларымен технологиялық ықпалдастықты те­реңдетуге дайын екенін мәлімдеді.
Сеулдегі уағдаластықтар атом энерге­ти­касындағы ынтымақтастық алаңын кеңей­теді, алайда оларды автоматты түр­де қандай да бір нақты атом стан­са­сын салу жөніндегі түпкілікті шешім деу жаңсақтық болмақ. Ресми құжаттарда әзір­ге ынтымақтастық, технология, зерт­теу және салалық байланыс туралы ғана айтылады.
Автомобиль өндірісі – өзгерістің ең анық мысалы

Қазақстанда Hyundai мен Kia көлік­тері шығарылады. Өндіріс жолға қойыл­ған. Ақорданың мәліметіне сүйенсек, қа­зір екі елдің ортақ портфелінде ав­то­мо­биль жасау, машина жасау, металлургия жә­не өзге салалардағы жалпы құны 4 мил­лиард доллардан асатын 51 жоба бар. 2025 жылы Қазақстанда шамамен 170 мың автомобиль шығарылыпты, оның елеулі бөлігі – Hyundai мен Kia мар­калары. Мемлекет басшысы Орталық Азия – Корея саммитінде сөйлеген сө­зінде Қазақстандағы Корей автокөлік кә­сіпорындарының айналасында толық­қанды өндірістік кластер қалыптастыру мүмкіндігіне тоқталды. Оның пікірінше, осы тәжірибені өзге салаларға да тарату­ға болады.
Сапар кезінде бұл бастама жаңа келісімдермен негізделді. Өнеркәсіп жә­не құрылыс министрлігі сапар ая­сын­да жалпы сомасы 401,9 миллион доллар бо­латын 15 құжатқа қол қойылғанын ха­­­­­барлады. Соның бірі – «Астана Моторс» пен Hyundai Motor Company арасындағы жаңа Hyundai Tucson моделін өндіру жө­ніндегі 67 миллион долларлық келісім. Кореялық компания жаңартылған мо­дель­ді шағын торапты әдіспен шыға­ра­тын технологиясын Қазақстанға бермек. Бұ­дан бөлек, автомобиль дискілерін өн­діру туралы 50 миллион долларлық ме­морандум бекітілді.

Капиталдан – технологияға

Сапар кезінде ең көп назар аударт­қан жаңалықтың бірі – шамамен 19 миллиард долларлық коммерциялық ке­лісімдер. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты кезде­су­де де, Орталық Азия – Корея самми­тін­де де айтты. Ресми мәліметке сүйенсек, бұл сапар аясында жасалған коммерция­лық келісімдердің жалпы құны. Яғни, түр­лі кезеңдегі жобалар мен міндетте­ме­лердің ықтимал ауқымын білдіретін портфель. Олардың шынайы экономика­лық салмағы жобалардың қаржылан­ды­рылуына, құрылыстың басталуына, өн­ді­рістің іске қосылуына және нақты ка­пи­тал салымына қарай анықталады.
Қаржыландыру арналары да қатар пы­сықталып жатыр. «Бәйтерек» холдингі мен Shinhan Financial Group Қазақстан­дағы инвестициялық жобалар мен биз­несті қаржыландыру үшін 500 миллион дол­ларға дейін қаражат тарту туралы меморандумға қол қойды. Сонымен бірге хол­динг Кореяның Экспорт-импорт бан­кімен және шағын және орта бизнес пен стар­таптарды қолдайтын KOSI инс­титу­ты­мен келіссөз жүргізді.

Alatau City – байланыстың жаңа алаңы

Сапар кезінде Alatau City жобасының бірнеше рет айтылуы да тегін емес. Қа­зақ­стан жаңа қаланы кореялық капитал, инженерлік тәжірибе, цифрлық тех­нология және білім жүйесін бір алаңда бірік­тіруге болатын жоба ретінде таныс­тырды. Ақорданың дерегіне сәйкес, Корея­ның KIND корпорациясы қаланың бас жоспары мен тұрғын аудандарын жо­балауға қатысып жатыр. Президент екі­жақты келіссөз кезінде Alatau City-ге ерекше мән беріп, шетелдік инвестор­лар­ға қажетті құқықтық кепілдіктер жа­са­латынын атап өтті. Сондай-ақ Алатауда Кореяның озық ғылым және технология институты KAIST құрылымын ашуға қа­тыс­ты келісім жасалып жатқаны мәлім бол­ды.
Корея Президенті кеңсесінің рес­ми қорытындысында Alatau City-ді дамыту, деректер мен цифрлық тех­нология, болашақ авиациялық мобильдік және ғылыми-білім беру жобалары ын­тымақтастықтың жаңа бағыттарының қатарына енгізілген.

ЖИ күн тәртібіне шықты

Қазақстан мен Корея арасындағы бай­ланыс туралы сөз бола қалса, ең ал­ды­мен автомобиль, құрылыс немесе мұ­най-газ саласы еске түсетін. Бұл жолғы са­парда жасанды интеллект, деректер, ғы­лым және технология да келіссөздердің не­гізгі тақырыптарының қатарына шық­ты.
Қазақстан Сеул ұлттық ғылым және тех­нология университетімен бірлескен Жа­санды интеллект институтын, Павло­дар облысында қуаты бір гигаватқа дейін жетуі мүмкін деректерді өңдеу орта­лық­тары экожүйесін және кореялық Samsung Electronics пен SK Hynix сияқты ком­паниялармен микроэлектроника мен жартылай өткізгіштер саласында бай­ланыс орнауы мүмкін екенін айтты. Өңір­лік саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен бірлесіп Орталық Азия­ға арналған AI Talent мамандар даярлау бағ­дарламасын бастауды ұсынды.
Корея тарапы екі ел арасында ЖИ мен ғылым саласындағы байланысты кеңей­ту туралы уағдаластық жасалғанын хабарлады. Сонымен қатар жаңа ғы­лы­ми-білім жобаларын жүзеге асыру мәсе­ле­сі талқыланғаны айтылған.

Екіжақты қатынастан – өңірлік саясатқа

16 қыркүйекте Сеулде мемлекет бас­шылары деңгейіндегі алғашқы «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті. Осыған дейін 2007 жылдан бері жұ­мыс істеп келген Корея – Орталық Азия ынтымақтастық форумы негізінен министрлік деңгейінде дамыған еді. Биыл бұл механизм алғаш рет мемлекет басшылары деңгейіне көтерілді. Корея бас­шылығы саммит қарсаңында Орта­лық Азиямен байланысты жоғары саяси деңгейге көтеріп, өңірдің даму қажет­тіліктерін Кореяның жеткізу тізбегі мен нарығын әртараптандыру мүддесімен ұштастыруды көздейтінін ашық мәлім­деді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бі­рінші «Орталық Азия – Корея Респуб­ли­касы» саммитінде Кореядан Орталық Азия арқылы Еуропаға шығатын тұтас көлік-логистикалық тізбек қалыптас­тыру­ды ұсынды. Қазақстан Транскаспий ха­лықаралық көлік бағытының өткізу қа­білетін таяу жылдары 20 миллион тон­наға жеткізуді, ал ел аумағындағы жал­пы транзит көлемін 100 миллион тон­наға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Ақор­да дерегіне сәйкес, кейінгі 6 жылда Орта дәліз арқылы өткен жүк тасымалы 5 есе өскен. Президент Пусан порты мен Қа­зақстанның Каспийдегі порттары ара­сында тәжірибе және ақпарат алмасуды да ұсынды. 
Саммит қорытындысы бойынша «Сеул декларациясы» қабылданып, ын­тымақтастықты институционал­дан­дыру, бейбітшілік пен тұрақтылық, ин­но­вация мен өркендеу және адамдар ара­сындағы байланыс секілді бағыттар ай­қындалды. Кореяның ресми мәліметіне сәй­кес, тараптар саммитті тұрақты фор­матқа көшіруге, өнеркәсіп пен жеткізу тізбегі бойынша министрлік тетіктерін дамытуға, жасанды интеллект, ғылым, кли­мат, энергия және аса маңызды ми­нералдар саласындағы әріптестікті кеңей­туге келісті. Келесі саммитті екі жыл­дан кейін Қазақстанда өткізу жос­пар­да бар.
5 қыркүйектегі бизнес кездесуде Қа­зақстан–Корея бірлескен логистикалық кәсіпорнын құру бастамасы да айтылды. CJ Logistics пен LX Pantos секілді корея­лық компаниялардың Қазақстандағы жобалары айтылды.

Тарихи байланыс тыс қалған жоқ

Экономикадан бөлек, мәдени-гу­ма­нитарлық байланыстың да та­мыры тереңде жатыр. Қазақстанда 120 мың­нан астам корей ұлтының өкілі тұра­­ды. 
Корея тарапы ресми келіссөздерде 2021 жылы генерал Хон Бом Доның сүйе­гін тарихи отанына қайтаруға Қазақ­стан­ның көрсеткен көмегін екі ел ара­сын­дағы ерекше сенімнің белгісі деп баға­лайтынын бірнеше рет атап өтті. Президент Ли Чжэ Мёң Қазақстан хал­қы­ның кезінде жер аударылған корей­лерді қабылдағанын да еске салды. 
Бұл тақырып екі ел басшыларының кез­десуінде де қозғалды. 2027 жылы ко­рейлердің Орталық Азияға жер ауда­рыл­ғанына 90 жыл толады. Қасым-Жомарт Тоқаев осы датаға байланысты ар­найы іс-шара өткізуді және жастар, бі­лім мен мәдениет байланысын кеңей­те­тін жаңа бағдарлама әзірлеуді ұсынды.

Айдар Құрмашев, 
ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің басшысы: 

Болашаққа бағытталған әріптестік

– Алғашқы «Ор­та­­лық Азия – Корея Рес­публикасы» саммитін­де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өнер­кәсіп­тік және технологиялық даму бойынша әріп­тес­тік құруды ұсынды. Оның мақсаты – технология трансферті мен сыртқы нарықтарға шығуға ба­ғытталған бірлескен өндірістік жобаларды қа­лыптастыру. Президенттің айтуынша, сапар ая­сында жалпы құны шамамен 19 млрд дол­лар­ды құрайтын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Бұл – іске асырылуы алдағы уақытта ба­ғалануға  тиіс уағдаластықтардың жалпы кө­ле­мі.
Мен үшін бұл ұсыныстың ең мазмұнды бөлігі – кореялық инвестицияларды отандық кә­сіпорындардың дамуымен байланыстыру мүм­кіндігі. Дәл осы тақырыпты біз кеше Сеулде өт­кен сараптамалық семинарда талқыладық. Пре­зидент жылына 70 мың автомобиль шы­ғаруға есептелген KIA Qazaqstan жобасын мы­сал­ға келтіріп, осындай ынтымақтастық моде­лін басқа салаларда да қолдануды ұсынды. Мұн­дағы экономикалық әсер зауыттың өзімен ғана шектелмеуі мүмкін: тұрақты тапсырыстар жет­кізушілерге құрал-жабдыққа инвестиция салуға, сапа талаптарын игеруге және мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Келесі қадам – бұл кәсіпорындардың басқа тапсырыс берушілермен де жұмыс істей алу қабілетін қалыптастыру.
Аса маңызды шикізат саласында Президент бір­лескен қазақ-корей компаниясын құруды ұсын­ды. Сондай-ақ Алматыда сирек және сирек жер металдарын зерттеу орталығын құру жө­нін­де уағдаластыққа қол жеткізілді. Әзірге бұл – ұсыныс пен орталық құру туралы уағдаластық қана, алайда олар шикізатпен жұмыс істеуге анағұрлым нақты негіз қалыптастырады.
Бұдан әрі Қазақстанда нақты қандай ма­те­риал­дарды өңдеудің тиімді екенін және дайын өнім­ді кім сатып алатынын айқындау қажет. Ко­реялық серіктес технология мен өнеркәсіптік тап­сырыс берушіге қолжетімділікті ұсына ала­ды. Ал Қазақстан тарапы ресурстық базаны, энер­гия мен судың құнын бағалауы тиіс. Мұн­дай жобада өнімді ұзақмерзімді жеткізу туралы келісімнің маңызы шешуші болуы мүмкін: нақ­ты сұраныс болмаса, заманауи жабдықтың өзі жо­баның рентабельділігін қамтамасыз ете ал­май­ды.
Бұл мәселе Президент сөзінің көлік-ло­гис­тикалық бөлігімен де байланысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ляньюньган арқылы өтетін бағыттарды Орталық Азиямен байланыстырып, Еуропаға шығуды, сондай-ақ Пусанның Қазақстанның Кас­пийдегі порттарымен өзара іс-қимылын да­мытуды ұсынды.
Кәсіпорын үшін мұндай байланыстың құн­ды­лығы нақты көрсеткіштермен өлшенеді: та­сымалдау қанша тұрады, жеткізу мерзімі қан­ша­лықты болжамды және бүкіл маршрут бойын­ша кім жауап береді. Егер осы жағдайлар қа­зақстандық зауытқа өнімін шетел нарық­тарына шығаруға мүмкіндік берсе, көлік дәлізі өн­дірісті дамытудың маңызды факторына айна­лады. Сонымен қатар Өзбекстанға немесе Қыр­ғызстанға жеткізілетін өнімдер үшін өңір ішін­дегі логистикалық байланыстарды дамыту бойын­ша жеке жұмыс қажет.
Дәл осы жерде «Орталық Азия – Корея Рес­публикасы» форматының практикалық мәні көрі­неді. Мысалы, кореялық компания Қа­зақ­стандағы өндіріске қатысып, компоненттердің бір бөлігін көршілес елден сатып алып, дайын өнімді бірнеше нарықта өткізе алады. Мұндай жобаны іске асыру үшін үкіметтер нақты рәсім­дерді келісуі, ал компаниялар коммерциялық мүд­делерін растауы қажет.
Ұсынылып отырған әріптестік ірі инвес­тор­лардың айналасында күрделі тапсырыстарды өз бетінше орындай алатын жергілікті ком­па­ния­лар қалыптасқан жағдайда тұрақты нәтиже бе­ре алады. Бұл жағдайда Қазақстанның өнді­ріс­тік мүмкіндіктері кеңейіп, оларды әртүрлі сырт­қы серіктестермен экономикалық байла­ныс­тарды дамыту үшін пайдалануға мүмкіндік туа­ды.

Андрей Чеботарев,
саясаттанушы:

Жаңа форматтағы алғашқы қадам

– Сеулде өткен алғашқы «Орталық Азия – Корея Рес­пуб­ликасы» саммиті өңір мен Оңтүстік Корея арасындағы қа­ты­насты жаңа деңгейге шығарды. «C5+K» форматының не­­гізі қаланғанына 19 жылдан астам уақыт өтсе де, алты мем­лекеттің басшылары алғаш рет бір үстел басында кез­дес­ті. Осы тұрғыдан алғанда, Сеулдегі жиын бұған дейін не­гізінен министрліктер мен сарапшылық алаңдар шең­берін­де дамып келген байланысты жоғары саяси деңгейге көтерген оқиға болды.
Саммиттің басты нәтижелерінің бірі – 28 тармақтан тұратын Сеул дек­лара­ция­сының қабылдануы. Құжатта мемлекет басшылары кездесулерді тұрақты түрде, екі жылда бір өткізуге келісті. Саммит әр жолы қатысушы елдердің бірінде өтіп, оны қа­­былдаған мемлекет «C5+K» форматына төрағалық етпек. Келесі саммитті 2028 жы­лы Астанада өткізу жөніндегі Қазақстан бастамасы да қолдау тапты.
Бұл шешімнің маңызы тек кездесулердің мерзімді өткізілуінде емес. «C5+K» енді бір реттік саяси диалог емес, тұрақты жұмыс істейтін көпжақты алаңға айналуға бет алып отыр. Әртүрлі деңгейдегі консультацияларды жүйелеу де осы мақсатқа бағыт­тал­ған.
Сеул декларациясында ынтымақтастықтың ауқымы да едәуір кеңейтілді. Қауіпсіздік, сауда мен инвестиция, көлік, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, энергетика, критикалық минералдар, цифрлық трансформация, ғылым мен технология негізгі бағыттардың қатарына енгізілді. Бұдан бөлек, өңдеу өнеркәсібіндегі нормативтік-құқықтық талаптарды өзара жақындастыру мәселесіне де назар аударылды.
Нақты қадамдардың бірі – Орталық Азия елдерінің бейінді мемлекеттік орган­дарында Korean Desk арнайы бөлімшелерін ашу туралы уағдаластық. Бұл құрылымдар кореялық компанияларға жергілікті нарықта жұмыс істеуге көмектесіп, әкімшілік жә­не институционалдық мәселелерді жедел шешуге тиіс. Мұндай тетіктің пайда болуы Орталық Азия елдерінің кореялық бизнесті өңірге тартуға мүдделі екенін көрсетеді.
Саммитте Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары да өз ұсыныстарын ортаға сал­ды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Корея Рес­публикасы» өнеркәсіптік және технологиялық даму серіктестігін құруды ұсынды. Бас­таманың мәні – байланысты тек саудамен шектемей, бірлескен өндіріс, технология жә­не өнеркәсіптік кооперацияға көбірек көңіл бөлу. Қазақстан тарапы көлік мәселесін де жеке көтерді. Орта дәліз бен TRIPP бағытын ұштастыру арқылы Оңтүстік Кореядан Ор­талық Азия арқылы Еуропаға дейінгі тұтас көлік-логистикалық тізбек қалып­тастыру ұсынылды. Сонымен қатар жастар арасындағы байланыс пен білім және мә­дени алмасуды кеңейтуге арналған Central Asia – Korea Future Generation бағдар­ламасын іске қосу бастамасы айтылды.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «C5+K» аясындағы Сыртқы істер ми­нистрлері кездесулерінің рөлін күшейтіп, оларға қабылданған шешімдердің орын­далуын бақылау міндетін жүктеуді ұсынды. Бұдан бөлек, инвестициялар жөніндегі мемлекеттік мекемелер кеңесін құру және таулы өңірлердің климаттық орнықтылығы бойынша жеке серіктестік қалыптастыру идеясын көтерді.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев ұзақмерзімді «Орталық Азия – Корея Рес­публикасы: озық даму серіктестігі» тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның бас­тамаларының қатарында критикалық минералдар бойынша өңірлік инвес­ти­ция­лық альянс, климат пен көміртек саласындағы серіктестік және адами капиталды «тап­сырыс – даярлау – жұмысқа орналастыру» қағидаты бойынша дамыту да бар.
Алайда бұл форматтың шынайы салмағы алдағы жылдары анықталады. Негізгі өл­шем – қабылданған декларацияның немесе жарияланған бастамалардың саны емес, олардың нақты жобаларға, инвестицияға, өндіріс пен технологиялық коопера­цияға қаншалықты айналатыны. Осы тұрғыдан 2028 жылы Астанада өтуі жос­парланған келесі саммит алғашқы екі жылдың нақты нәтижесін бағалайтын маңыз­ды кезең болмақ.

P.S. 
Сеул сапарын қорытындыласақ, екі ел өзара байланысын бірден бірнеше бағытта кеңейтпек: мұнай, атом энергетикасы, аса маңызды минералдар, автомобиль өндірісі, инфрақұрылым, қаржы, жасанды интеллект, ғылым және жаңа қалаларды дамыту. Корея Президенті кеңсесінің мәліметінше, саммит барысында түрлі бағыт бойынша 13 меморандум жасалды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өз саласы бойынша ғана жалпы құны 401,9 миллион доллар болатын 15 құжатқа қол қойылғанын хабарлады. Екі елдің мүддесі нақты жобаларда тоғысса, қазақ-корей қатынасы инвестиция көлемінен бөлек жаңа өндіріс орындары мен технологиялар арқылы өлшенбек.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары