Арал теңізінің өткенін емес, болашағын «қайтару» керек

/
Арал теңізінің өткенін емес, болашағын «қайтару» керек

Бүгінде Арал теңізін қалпына келтірудің іс жүзінде екі бағыты қалыптасып отыр. Біріншісі – суды қайтарып, бұрынғы су экожүйесінің ең болмағанда бір бөлігін қалпына келтіру. Екіншісі – теңіздің құрғаған табанын көгалдандырып, өңірді қалыптасқан жаңа табиғи жағдайға бейімдеу. Екі бағыттың да өзіндік негізі бар. Алайда олардың арасында түбегейлі мәселе жатыр: бұрынғы теңіз табанын қайтадан су басқан аумаққа айналдыру керек пе, әлде оны біржола орнықты құрлық ландшафты ретінде қалыптастыру қажет пе? Бұл сұрақтың жауабы Арал өңірінің алдағы ондаған жылдағы болашағын айқындайды. Мақалада экологиялық дағдарыс аймағын қайта жандандыруға қатысты жаңа деректер мен ғылыми, экономикалық және қоғамдық тұрғыдағы тәсілдер қарастырылады.

Бірнеше су айдынына айналған теңіз

Қазіргі Аралды біртұтас су ай­ды­ны ретінде қарастыру мүмкін емес. Кезінде әлемдегі ең ірі ішкі теңіз­дер­дің бірі болған аумақта қазір бір-бірінен оқшауланған бірнеше су жүйе­сі мен құрғап қалған ұлан-ғайыр жер жатыр. Осыдан ондаған жыл бұрын балықшы кемелері жүр­ген теңіз табанында жаңа шөл – Арал­құм қалыптасты. Алайда Арал­дың бүгінгі тарихы тек теңіздің тар­тылу тарихы емес. Кейінгі жиыр­ма жылда мұнда экологиялық үде­ріс­терді ішінара болса да, кері қай­та­руға болатынын көрсететін тә­жіри­бе жинақталды.
Оның ең айқын мысалы – Қазақ­стандағы Солтүстік немесе Кіші Арал (Қазақарал). 2005 жылы Сыр­да­рия өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау жобасы аясында Көкарал бөгеті салынды. Ол теңіздің солтүстік бөлігін оңтүс­тік­тегі Үлкен Аралдан бөліп тастады. Соның арқасында Сырдариядан кел­ген су бұрынғыдай кедергісіз оң­түс­тікке ағып кетпей, Қазақаралда жинала бастады. Нәтижесі айтар­лық­тай болды. Қазақстанның Су ре­сурс­тары және ирригация ми­нистр­лігінің деректері бойынша, 2025 жылы Қазақаралдағы су көлемі 27 км³-ден асты, ал су айдынының ау­мағы 3 400 км²-ге жетті. Кіші Арал­дағы су деңгейі Балтық жүйесі бойын­ша 42 метрден (мБЖ) жоғары­лады, ал мысалы оңтүстіктегі Батыс Аралда бұл көрсеткіш шамамен 20 метр көлемінен аспайды. Көкарал жобасы жүзеге асырылғаннан кейін судың тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, 8-15 промилле (г/л) ара­лы­ғына түсті. Теңізде 20-дан астам ба­лық түрінің жиынтықтығы қал­пына келді. Осы тұрғыдан алғанда, Кө­карал бөгеті жай ғана гидротех­ни­калық құрылыс емес. Ол су тұрақ­ты келіп тұрған жағдайда Аралдың бір бөлігін қалпына келтіруге бола­ты­нын іс жүзінде дәлелдеді. 
Осы тәжірибе енді келесі сұрақ­ты қоюға мүмкіндік береді: егер Қазақаралды ішінара қалпына келтіру мүмкін болса, бұрынғы теңіз табанының басқа бөлік­те­рін қалпына келтіріп, айдынын толтыруға бола ма?

Судың оралуы – жергілікті экономиканың жандануы

Қазақаралды қалпына келтірудің эко­логиялық нәтижесі оның экономикалық әсе­рімен тікелей ұштасып отыр. Су ай­ды­ны­ның ұлғаюы, тұздылықтың төмендеуі және су экожүйелерінің қалпына келуі кезінде бү­кіл Арал өңірі экономикасының дәстүрлі не­гіздерінің бірі болған балық шаруашылығы қай­та жандануына жол ашты. Кіші Арал қал­пына келтірілгенге дейін Сырдария аты­рауын­дағы көлдерден жылына небәрі 100 тон­наға жуық балық ауланса, жоба жүзеге асы­рылғаннан кейін теңіздегі жылдық аулау кө­лемі 7 мың тоннаға дейін өсті. Ресми де­ректер бойынша, 2024-2025 жылғы балық ау­­лау маусымында Кіші Аралдың өзінен 
6 362 тонна балық ауланды. Қазір теңізде ме­кендейтін 20 балық түрінің 16-сы кәсіптік мақ­­сатта ауланады. Балық қорының қал­пы­на келуі оны өңдеу мен саудаға да серпін бер­ді. Қа­зір Арал ауданында 15-тен астам ба­лық өң­деу цехы мен шағын зауыт жұмыс іс­тейді, олар­дың төртеуі өнімдерін Еуропа­лық одақ нарығына шығаруға құқылы. Өңір­дегі кә­сіптік балық аулаудың 90 пайыздан астамы Кіші Аралдың үлесіне тиетінін де атап өткен жөн. 
Демек, судың оралуы тек экожүйені қал­­пы­на келтіріп қойған жоқ. Ол тұтас бір шар­уа­­­­­­шылық тізбегін қайта қалып­тас­тырды: су айдыны → балық қоры → ба­лық аулау → өңдеу → тасымалдау жә­не сауда → экспорт → жұмыс орын­дары. 
Бұл үдерістің жағалаудағы ауылдар үшін маңызы ерекше. Балық шаруашылығының жандануы дәстүрлі кәсіптің ғана емес, соған байланысты жұмыс орындарының да қайта оралуын білдіреді. Қазақаралды қалпына келтіру қорытындылары туралы ресми материалдарда бұрын құлдырауға ұшыраған Қаратерең, Қарашалаң, Ақбасты, Тастүбек және басқа да балықшы ауылдарының қайта жандана бастағаны, жаңа үйлер салынып, тұрғындардың бір бөлігінің елді мекендерге қайта оралғаны атап көрсетіледі. Басқаша айтқанда, мұнда су тек экологиялық емес, экономикалық қорға да айналды. Оның қайта оралуы экологиялық апат салдарынан жоғалған шаруашылық қызметтердің бір бөлігін қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Алайда «суландыру шаралары» – аумақты қай­та сумен қамту бағытының басты шектеуі бар. Ол – судың тұрақты келуі. Кіші Арал ең ал­дымен Сырдария ағынына, ал Аралдың оңтүстігінде сақталған су айдындары Әму­да­рияға тәуелді. Сонымен бірге осы екі өзен­нің суы Орталық Азиядағы бес мемлекеттің ауыл шаруашылығына, елді мекендеріне, өнеркәсібі мен энергетикасына қажет.
Сондықтан Аралды одан әрі қалпына келтіруді тек инженерлік міндет ретінде қарастыруға болмайды. Бұл – бүкіл Арал алабындағы суды қаншалықты тиімді пай­далануға байланысты мәселе, ал түптеп кел­генде Орталық Азия мемлекеттерінің ор­тақ су қорын өзара келісіп басқару қабі­летіне келіп тіреледі. Осы тұста мәселе ауқы­мы кеңейе түседі. Қазақарал тәжірибесі суды қайтаруға, сонымен бірге экожүйе мен эко­номиканы ішінара қалпына келтіруге болатынын дәлелдеді. Бірақ осы тәжірибені бұрынғы Арал теңізінің оңтүстіктегі басқа бөлік­теріне де қолдануға бола ма? Оған өңір­дің су қоры жете ме? Аралды одан әрі сумен қам­ту бағытының мүмкіндігі мен шегі дәл осы сұрақтың жауабына байланысты.

Аралқұмда орман пайда болғанда 

Егер Аралды қалпына келтірудің бі­рін­ші бағыты суды қайтаруға негізделсе, екін­ші бағыт қалыптасқан жаңа жағдайды мойындаудан туындайды: бұрынғы теңіз та­банының едәуір бөлігі таяу болашақта құр­лық күйінде қалуы мүмкін. Мұндай жағ­дайда міндет су айдынын қалпына келтіру емес, жаңа аумақты экологиялық тұрғыдан ор­­нықты әрі адам үшін қауіпсіз етуге ауы­са­ды. Осыдан Аралқұмды «көгалдандыру ша­­­­­ра­лары», яғни ауқымды орман-мелио­ра­ция­лық жұмыстар жүргізу бағыты қалыптасты. Құрғаған теңіз табанына ең алдымен қара сек­сеуіл, сондай-ақ жыңғыл (тамарикс), сар­сазан, қарабарақ және тұз бен қуаңшылыққа төзімді басқа да өсімдіктер отырғызылады. Бұл өсімдіктер ылғал тапшылығы мен то­пы­рақтың жоғары тұздылығы жағдайында тір­шілік етіп, борпылдақ топырақты бекітеді жә­не желмен көтерілетін құм, тұз бен шаң­ның таралуын азайтады. Мамандардың дерек­­тері бойынша, сексеуіл екпелері жел жыл­дамдығын алғашқы жылдың өзінде 20,5 пайызға, екі жылдан кейін 34,6 пайызға, ал бес жыл­дан соң 87,4 пайызға дейін төмендете ала­ды. Міндеттің де, атқарылып жатқан жұ­мыстың да ауқымы орасан. Арал теңізінің құр­ғаған табанының жалпы аумағы шама­мен 6 млн гектар деп бағаланады. Соның 2,8 млн гек­тар­ға жуығы Қазақстан аумағында орна­лас­қан. Дәл осы ұлан-ғайыр кеңістік Орталық Азиядағы тұз аралас шаңның ауаға көтеріліп, алыс аймақтарға таралуының ірі көздерінің біріне айналды. Қазақстан да Өзбекстаннан кейін кейінгі жылдары «кө­гал­­­дандыру» жұмыстардың көлемін күрт ұлғайтты.

Тек 2021-2025 жылдары Қазақстан аумағындағы құрғаған теңіз табанының 1 млн гектарға дейінгі бөлігінде осындай жұ­мыстар жүр­гі­зілді. Өзбекстанда көгал­дан­дыру жұмыстары бұдан да кең көлемде – 1,5 млн гектардан ас­там аумақта жүзеге асыры­лу­да. Бұл ба­ғыт­тың мақсаты түсінікті. Теңіз шегінгеннен кейін орасан зор аумақтағы бұрынғы түпкі шөгінділер желдің тікелей әсеріне ұшырады. Топырақ бөлшектерімен бірге ауаға тұздар мен әртүрлі ластаушы зат­тар көтеріліп, Арал өңі­рінен алыс аймақ­тарға дейін таралуы мүм­кін. Өсімдік жамыл­ғысы жер бетін бекі­тіп, жаңа шөлді ланд­шафт­тың ең қозғалмалы бө­ліктерін біртін­деп орнықты экожүйеге ай­налдыруға тиіс. Бұл тәсілдің басты артық­шы­лығы – бұрынғы теңіз табанына өзен суы­ның орасан көлемін қайта жіберуді қа­жет етпейді. Сондықтан тұрақты су айдынын қал­пына келтіру қазіргі су мөлшерімен мүм­кін емес немесе эконо­микалық жағынан тиім­сіз аумақтарда ор­ман-мелиорациялық жұ­мыстар балама ше­шім бола алады. 
Алайда дәл осы жерде түбегейлі сұрақ туын­дайды: егер бұрынғы теңіз табаны мақ­сатты түрде орнықты шөл немесе шөлейт эко­жүйеге айнал­дырылса, бұл болашақта сол аумақ­тар­ға судың қайта оралу мүмкіндігін бар­ған сайын азайтпай ма? 
Соңғы уақытқа дейін «суландыру мен кө­галдандыру» арасындағы таңдау негізінен су тапшылығы, тұзды-шаңды дауыл­дар және экожүйелерді қалпына кел­тіру тұрғысынан талқыланып келді. Енді бұл мәселеге тағы бір өлшем қосылды – Аралдың көміртек теңгерімі.

Неліктен құрғаған теңіз табаны көміртек көзіне айналады?

2026 жылдың шілдесінде беделді Science ғылыми журналында жарияланған жаңа халықаралық зерттеу Аралдың тартылу сал­да­ры­на басқа қырынан қарауға мүмкіндік бер­­ді. Испанияның Бланес озық зерттеулер орта­лығының (CEAB-CSIC) ғалымы Рафаэль Марсе (Rafael Marcé) жетекшілік еткен ха­лық­­аралық зерттеушілер тобы Арал теңізінің құр­ғаған табанында тікелей зерттеу жүргізді. Ға­лымдардың есептеуі бойынша, теңіз қар­қын­ды тартыла бастаған 1960 жылдардан бері оның құрғаған табанынан атмосфераға ша­мамен 748 млн тонна CO₂ бөлінді. Оны­мен қоса, теңіз түбіндегі шөгінділерде сақ­тал­ған органикалық көміртек қорының әлі де едәуір бөлігі бар. Егер теңіз табанының құр­ғауы мен органикалық заттардың то­ты­ғуы жалғаса берсе, болашақта атмосфераға та­ғы шамамен 605 млн тонна CO₂ бөлінуі ық­тимал. Бұл үдерістің себебі теңіз түбіндегі шө­гінділердің жағдайының өзгеруіне бай­ла­нысты. Олар су астында жатқан кезде құра­мын­дағы органикалық көміртек атмос­фера­лық оттегімен тікелей жанасқандықтан едәуір дәрежеде оқшауланады. Су тартыл­ған­нан кейін шөгінділер ашық ауада қалады. Ор­ганикалық заттар оттегі бар ортада ыды­рай бастайды да, олардың құрамындағы кө­міртек атмосфераға CO₂ түрінде бөлінеді. Де­мек, Аралдың тартылуының бұрын көп ес­керіле бермеген тағы бір салдары бар: теңіз өмір сүрген кезеңде оның түбіндегі шө­гін­ділерде жиналған көміртектің бір бөлігі теңіз құрғағаннан кейін қайтадан атмос­фера­ға таралады. Осылайша, Аралқұм бұрын кө­міртекті сақтап келген кеңістікті CO₂ шы­ғаратын көзге айналдырып отыр. Сон­дық­тан Арал мәселесі енді тек өңірлік эко­логиялық мәселе ғана емес, әлемдік климат өзгерісі тұрғысынан да назар аударуды қа­жет етеді. Зерттеудің Аралды қалпына кел­тіру­дің қазіргі бағыттары үшін маңызды та­ғы бір қорытындысы бар. Аралқұмда жүр­гізілген өлшеулер қалыптасып жатқан өсім­дік жамылғысының осы көмірқышқыл га­зы шығарындыларын толық өтеу мүм­кін­дігі шектеулі екенін көрсетті. Сондықтан ға­лымдар құрғаған теңіз табанының бір бө­­­лігін қайтадан су басуын көміртектің ат­мосфераға одан әрі бөлінуін тежеудің ық­ти­мал тиімді жолдарының бірі ретінде қарас­тырады. Бұл зерттеудің Science журналында жариялануы жұмыстың жоғары ғылыми сараптамадан өткенін көрсетеді. Дегенмен оның қорытындыларын Аралдың болашағы туралы мәселенің түпкілікті шешімі ретінде қабылдауға болмайды. Бұл – су жағдайы, эко­логия, экономика және жергілікті халық­тың мүддесімен қатар ескерілуге тиіс жаңа ғы­лыми дәлел. Әрине, бұл қорытынды Арал­құмды көгалдандыру немесе сексеуіл егу бағытының қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Мұнда екі тәсілдің атқаратын қызметін ажы­рата білу маңызды. Өсімдік жамылғысы ең алдымен топырақты бекітуге, жел эрозиясын азайтуға және тұз аралас шаңның таралуын тежеуге қажет. Ал суды қайтару, жаңа зерттеу көр­сеткендей, су астында қалған шөгін­ділер­дегі органикалық көміртектің тотығуын бә­сең­дету арқылы CO₂ шығарындыларын азайтудың қосымша мүмкіндігін береді. Сон­дықтан мәселе «су ма, әлде орман ба?» де­ген қарапайым таңдауға тірелмейді. Негізгі мін­дет – Аралқұмның қай бөлігінде суды қай­тару экологиялық тұрғыдан тиімді, ал қай аумақта өсімдік жамылғысын қалыптастыру анағұрлым орынды екенін анықтау. Әрине, бұл қорытынды Аралқұмды көгалдандыру бағытының пайдасы жоқ дегенді білдірмейді. Мұнда екі тәсілдің атқаратын қызметін нақ­ты ажыратып алған жөн. Орман-мелио­ра­ция­­лық жұмыстардың басты мақсаты – то­пырақты бекіту, жел эрозиясын және тұз аралас шаңның таралуын азайту, өсімдік жа­мылғысын қалпына келтіру және құрлық эко­жүйесін тұрақтандыру. Ал жаңа зерттеу көр­сеткендей, суды қайтарудың қосымша ар­тықшылығы болуы мүмкін: қайтадан су астында қалған түпкі шөгінділердегі орга­ни­калық заттардың тотығуын тоқтату немесе едәуір бәсеңдету. Мәселеге осы тұрғыдан қара­ғанда, жаңа шөлді аумақтар үшін «су ма, әлде орман ба?» деген таластың мәні де өз­гере­ді. Енді әңгіме бұрынғы теңіз табанының бү­кіл аумағына ортақ жалғыз бағытты таң­дау туралы емес, Аралқұмның әр бөлігіне екі тәсілдің ең тиімді үйлесімін табу туралы бо­лып отыр. Суландыру мен көгалдандыру бір аумаққа қатар үміткер болуы мүмкін, алай­да олардың нәтижесінде қалыптасатын ландшафттың түпкі сипаты мүлде бөлек бола­ды. Жоғарыда келтірілген зерттеуден Арал­құмды көгалдандыру қате бағыт деген қорытынды жасауға болмайды. Өйткені ға­лымдар өсімдік жамылғысының тиімділігін ең алдымен көміртекті сіңіру қабілеті тұр­ғысынан бағалайды. Ал орман екпелерінің бас­қа да маңызды міндеттері бар: топырақты бе­кіту, тұз аралас шаңның таралуын азайту, өсімдік жамылғысын қалыптастыру және құрлықтағы биоалуантүрліліктің біртіндеп қалпына келуіне жағдай жасау. Сондықтан екі бағыттың қайсысы «дұрыс», қайсысы «бұ­рыс» дегеннен гөрі, «олардың әрқайсысын нақ­ты қай жерде қолдану керек?» деген сұрақ қойған жөн.
Сонымен бірге суды қайтару бағы­ты­ның да түбегейлі шектеуі бар. Арал теңізі орасан үлкен өзенсу жүйесінің ең соңын­да орналасқан. Су теңізге жеткенше жүз­деген, тіпті мыңдаған шақырым жол жү­ріп өтеді. Ал осы жол бойында су ауыл шар­уа­­­шылығына, қалалар мен елді мекендерге, өнеркәсіп пен энергетикаға пайдаланылады. Сон­дықтан теңізді қалпына келтіру мәсе­ле­сін Арал өңірінің өзінде жаңа бөгеттер неме­се каналдар салумен ғана шешу мүмкін емес. Арал­ға ақырында қанша су жететіні, ең ал­ды­мен, өзендердің жоғарғы және орта ағы­сында судың қаншалықты тиімді пайда­ла­ны­латынына байланысты. 
Көптеген сарапшы, соның ішінде жо­­ғарыда аталған зерттеудің авторлары да, теңіз­ді қалпына келтірудің негізгі мүм­кін­дік­терінің бірін дәл осы жерден кө­реді. Ол қа­зіргі суару жүйелеріндегі су­дың орасан шы­ғынын азайтумен ті­келей байланысты. Яғни, мәселе Аралға қосымша қанша су беру ке­ректігінде ғана емес, қазірдің өзінде бар су­дың теңіз­ге жеткенше қаншасын жо­ғалт­пай сақтап қалуға болатынында. 
Бұл тәсіл Қазақстанның су шаруа­шы­лы­ғын дамытудағы қазіргі бағытымен де үн­де­седі. Елде Ислам даму банкі мен БҰҰ Даму бағ­дарламасының қатысуымен «Климатқа тө­зімді су ресурстарын дамыту» жобасы жү­зеге асырылып келеді. Мыңдаған шақырым ка­­налдарды жаңғырту, су үнемдеу техноло­гия­­ларын енгізу, гидротехникалық құры­лыс­тар­ды қайта жаңарту және бұрынғы теңіз табанының бір бөлігін қайтадан сумен қамту орасан әрі, ең бастысы, ұзақмерзімді инвес­тицияны қажет етеді. Осы тұста тағы бір тү­бегейлі сұрақ туындайды: суды қайтаруға ке­тетін шығынды кім және қалай қаржы­лан­дырады? Мемлекеттік бюджет үшін Арал­ды қалпына келтіру көптеген басқа мін­детпен қатар қаржы талап етеді. Халық­ара­лық қаржы ұйымдары да жобалардың өзін-өзі ақтау мүмкіндігін, тәуекелдерін және ұзақмерзімді нәтижесін бағалауға тиіс. Оның үстіне экологияны қалпына келтіру жұ­мыстары әрдайым тез әрі тікелей өлше­нетін қаржылық пайда әкеле бермейді. Сон­дық­тан ғылыми мақалада ұсынылған Арал­ды қалпына келтіруді көміртектік қаржы­лан­дырумен байланыстыру ойы ерекше на­зар аударады. Әңгіме көміртек кредиттерін пай­далану туралы болып отыр. Бұл – Орта­лық Азия үшін салыстырмалы түрде жаңа халықаралық нарықтық құрал. Белгіленген та­лаптар орындалған жағдайда ол парниктік газ­дар шығарындыларын азайтуға немесе олар­дың алдын алуға экономикалық құн төлеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда кө­міртекті реттеудің заңнамалық негізі қа­лыптасқан, ал оған қатысты нарықтық те­тік­тер біртіндеп дамып келеді. Арал жағ­дайын­да оның мәні қарапайым: егер құрға­ған теңіз табанына суды қайтару CO₂-нің одан әрі бөлінуіне жол бермесе, осы кли­мат­тық нәтиже көміртек бірліктерімен есеп­те­ліп, белгілі бір нарықтық құнға ие болуы мүм­кін. Ал одан түскен қаражатты теңіз та­ба­нына суды қайтару мен су шаруа­шы­лы­ғын жаңғыртуды қаржыландыру көздерінің бірі ретінде пайдалануға болар еді. Зерт­теу­шілердің есебі бойынша, болашақтағы шы­ға­рындылардың бір бөлігін болдырмау елеу­лі «көміртек қорын» қалыптастыруы мүм­кін. Оның ықтимал нарықтық құны 3,1-15,8 млрд еуро аралығында бағаланады. Осы­лайша, Арал үшін түбегейлі жаңа эко­номикалық үлгі пайда болады: суды қайтару тек экологиялық нәтиже беріп қана қой­майды – тарауы мүмкін көміртек шыға­рын­ды­ларының алдын алудың өзі теңізді қал­пына келтіруге жұмсалатын ықтимал қаржы көзі­не айналады. Бұл ойдың тартымдылығы да осында. Мұндай жағдайда Аралқұм мен жал­пы Арал мәселесін үнемі қаржы жұм­сауды қажет ететін экологиялық проблема ре­тінде ғана емес, парниктік газдар шы­ға­рын­дыларының алдын алу есебінен сыртқы қар­жы тарта алатын климаттық жоба ре­тінде де қарастыруға мүмкіндік туады. Деген­мен әзірге бұл – дайын қаржылық жүйе емес, ғылыми-экономикалық тұжырым. Бол­дырылмаған шығарындылардың шынымен осы жобаның нәтижесі екенін дәлелдеу, олар­ды ұзақ мерзім бойы есепке алу әдіс­темесін әзірлеу, көміртек бірліктерінің екі рет есептелуіне жол бермеу және, ең бастысы, Аралға судың тұрақты келуін қамтамасыз ету қажет. Зерттеу авторларының өздері де кө­міртек жобаларының сенімділігіне қатыс­ты мәселелер бар екенін атап өтеді. Соған қарамастан, олар Арал жағдайын мұндай тетік­ті одан әрі әзірлеуге жеткілікті ғылыми не­гізі бар мысал ретінде қарастырады. Әри­не, көміртек бірліктері су тапшылығы мәсе­ле­сін өздігінен шеше алмайды. Бірақ олар су­ды үнемдеу мен оны Аралға қайтаруды қар­жыландыру мәселесін шешуге көмек­те­сетін құралдардың біріне айналуы мүмкін.

Аралға өткенін емес, болашағын қайтару

Аралдың болашағы туралы әңгімені қоры­тындылай келе, оны қалпына келтіру­дің тағы бір маңызды қырына – адами және зияткерлік әлеуетіне назар аударған жөн. Жо­ғарыда сөз болған парниктік газдарды зерт­теу жұмысы Аралқұмның ұлан-ғайыр әрі жетуі қиын аумағында, яғни құрғаған теңіз табанының өзінде зерттеулер жүргізуді қажет етті. Осы жерде халықаралық ғылым Қазақаралдың маңында ондаған жыл бойы өмір сүріп келе жатқан адамдардың тәжіри­белік білімімен ұштасты. Зерттеудің жергі­лікті серіктесі Арал өңірінің балықшылары және тұрғындарымен көп жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан «Арал Теңізі» қо­ғам­дық бірлестігі болды. Бұл мысалдың маңызы бір ғана ғылыми жобаның аясынан әлде­қай­да кең. Ол өңір тұрғындарының экологиялық зерт­теулердің нысаны немесе олардың нә­ти­­жесін алушы ғана емес, Арал туралы жаңа бі­лімді қалыптастыруға тікелей қатысушы бола алатынын көрсетеді. 
Осы жерде тұрақты тұратын адамдардың қо­лында тіпті ең заманауи спутниктік түсі­рі­лім немесе қысқамерзімді ғылыми экс­педиция бере алмайтын құнды дүние бар. Ол – нақты бір жер туралы жылдар бойы жи­нақталған тәжірибелік білім. Балықшылар аулау көлемінің, балық түрлерінің құрамы мен уылдырық шашу мерзімдерінің өзгеруін бақылайды. Жағалаудағы ауыл тұрғындары судың, жағалау сызығының, атыраудағы көл­дердің, жайылымдар мен өсімдік жамыл­ғысының жағдайындағы өзгерістерді күн­делікті көріп отырады. Осындай бақылаулар кәсіби зерттеу әдістерімен ұштастырылған жағ­дайда жүйелі экологиялық бақылаудың бір бөлігіне айнала алады. Дәл осы тұста аза­­­­­маттық ғылымның маңызы артады. Оның мақсаты кәсіби зерттеушіні жергілікті ба­қылаушымен алмастыру емес. Керісінше, ғылыми әдістемені сол аумақта үнемі өмір сүретін адамдардың тұрақты бақылауымен ұш­тастыру. Арал үшін мұның маңызы ерек­ше. Ғылыми экспедиция ерте ме, кеш пе аяқ­­­­­талады.

Халықаралық жобаның белгілі бір мерзімі бар. Қаржыландыру да бір күні тоқтайды. Ал жергілікті тұрғындар қалады. Де­мек, олармен бірге өңірде жинақталған де­рек­тер, бақылау дағдылары, зерттеу тә­жірибесі және осы білімді келесі ұрпаққа жет­кізу мүмкіндігі де сақталуға тиіс. Мұны Арал­дың зияткерлік жаңғыруы деп атауға бо­л­ады. Өңір туралы білім сырттан ғана «әкелінбеуі»  керек. Ол Арал өңірінің өзінде қа­лыптасып, жинақталып және сақталуға  тиіс. «Арал Теңізі» сияқты ұйымдар жергілікті қауымдастықтар мен академиялық ғы­лым­ның арасын байланыстыратын буынға ай­нала алады. Осы арқылы өңірдің өзіндік ғы­лыми-зияткерлік ортасы біртіндеп қалып­тасады. Бұл – болып жатқан өзгерістерді ба­қы­лай алатын, ғылыми зерттеулерге қаты­са­тын және қабылданатын шешімдерді тал­қы­лауға атсалысатын адамдар мен ұйым­дар­дың желісі. Сондықтан Аралдың қайта жаң­ғыруын тек су деңгейімен, сексеуіл егіл­ген аумақтың көлемімен немесе балық қо­рының мөлшерімен өлшеуге болмайды. Қа­зақарал тәжірибесі суды қайтаруға және оны­мен бірге су экожүйесі мен жергілікті эко­номиканың бір бөлігін қалпына келтіруге бо­латынын дәлелдеді. Орман-мелиорация­лық жұмыстар таяу болашақта су қайтып келуі екіталай құрғаған теңіз табанын тұ­рақ­тандыруға мүмкіндік бар екенін көрсетіп отыр. Ал көміртек теңгерімін зерттеу теңіз шө­гінділерінің біржола құрғауының кли­маттық салдарын зерттеудің де маңызды еке­нін айғақтап отыр. Бірақ осы бағыт­тар­дың барлығы, түптеп келгенде, адамдар үшін жүзеге асырылады. Арал өңірінің тұрғын­дары үшін теңіз – экологиялық саясаттың жай ғана нысаны емес, олардың өмір сүретін кеңістігі. Сондықтан Аралды қалпына кел­тіру су, балық пен өсімдік жамылғысын қай­тарумен ғана шектелмеуі керек. Ол жер­гілікті қауымдастықтарға өз өңірін зерттеуге және оның болашағын айқындауға қатысу мүмкіндігін де қайтаруға тиіс. Сонда негізгі мәселе «теңізді қайтару керек пе, әлде шөлді көгалдандыру керек пе?» деген қарапайым таңдаудан әлдеқайда кеңейеді: Аралдың қай бө­лігіне әлі де суға толтыруға болады, қай ау­ма­ғын өсімдікпен бекіту қажет, осы ау­мақ­тарды орнықты табиғи-шаруашылық жүйеге қа­лай біріктіруге болады және оны қалып­тас­тыруда осында тұратын адамдар қандай рөл атқаруға тиіс? Бұл сұрақтың жауабын табуға ондаған жыл, қомақты қаржы, ғылы­ми зерттеулер және Орталық Азия мемле­кет­терінің өзара келісілген іс-қимылы қажет бо­лады. Бұрынғы Ұлы Аралдың айдынын то­лықтай қайта қалпына келтіру, сірә, мүм­кін емес. Бірақ қайта жаңғыру өткенді дәл­ме-дәл қайталау деген сөз емес. Суды қай­таруға болады. Балықты қайтаруға болады. Өсім­дік жамылғысы мен экономиканы қалпына келтіруге болады. Бірақ одан кем емес маңызды міндет – Арал өңірінің өзін-өзі зерттеу, білім жинақтау және өз бола­ша­ғын қалыптастыруға қатысу қабілетін қайта орнықтыру. Сондықтан бүгінгі міндет Аралға өткенін қайтару емес, осында өмір сүріп жат­қан адамдармен бірге оның болашағын қай­тару. 

Махамбет ТАИРОВ, 
биолог

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары