Қостанай облысының Рудный қаласында мас күйде көлік жүргізіп, жол апатына себеп болған азамат сот шешімімен әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қостанай облыстық соттарының мәліметінше, іс Рудный қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралған.
Іс материалдарына сәйкес, 2026 жылдың қыркүйегінде жүргізуші мас күйде Франко көшесімен келе жатып, қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне тиесілі металл жарықтандыру бағанасына соғылған.
Салдарынан коммуналдық мүлікке материалдық шығын келген.
Медициналық куәландыру жүргізушінің оқиға кезінде орташа дәрежеде мас болғанын анықтаған.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін толық мойындады.
Сот құқық бұзушылықтың сипатын, қоғамдық қауіптілік деңгейін және істің өзге де мән-жайларын ескере отырып, жүргізушіні кінәлі деп таныды.
Оған 20 тәулік әкімшілік қамақ тағайындалып, 7 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.