Жуырда атыраулық сәнгер Ксения Володинаның әлемдегі үздік 5 шаш шеберінің қатарына енгені туралы отандық БАҚ жарыса жазды. Әсіресе, пабликтерде шебердің қолынан шыққан, Тұмар патшайымның құрметіне жасалған шаш үлгісінің суреті көп тарады. Шаш үлгісі өте майда әрі күрделі өрілгендіктен, әлеуметтік желі қолданушылары алғашында бұл фотоны жасанды интеллектінің көмегімен жасалған сурет деп ойласа керек. Осы шаш үлгісі арқылы көптеген әлемдік чемпионатта жеңіске жеткен Ксения жуырда әлемге әйгілі ONE SHOT Hair Awards конкурсында ТОП-5 hair-стилистінің тізіміне енді. Алдағы уақытта өзінің шығармашылық ізденісін жалғастырып, Қазақстанның ұлттық мәдениетін заманауи шаш өнері арқылы әлемдік сахнада танытуды көздейтін Ксенияға хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Бір сұхбатыңызда шаш өру бала кезіңізден хобби болғанын оқып қалдым. Қай уақыттан бастап бұл қызығушылығыңыз кәсіпке айналды?
– Иә, шаш өруге бала кезден қызықтым. Кішкентайымнан үлкен-кішінің шашын өргенді жақсы көретінмін. Сол үшін де 9-сыныптан соң колледжге шаштараз модельер мамандығына оқуға түстім. Мұнда да басқа шаш үлгілерін жасау емес, тек шаш өру ісі қызықтырды. Мұны бітірген соң өмірлік жағдайыма байланысты мамандығым бойынша жұмыс істемедім. Сонда да көршілерім, құрбыларым, таныстарымның шашын өріп жүрдім. Ал кәсіби түрде екінші сәбиімді дүниеге алып келгеннен кейін айналыса бастадым. Себебі екіншім – мүмкіндігі шектеулі, ерекше бала. Біреудің қол астында жұмыс істей алмайтынымды түсіндім. Ол баланы бағу үшін үйде жұмыс істеуім керек болды. Сол кезде «Неліктен ақшаға шаш өрмеске?» деп шештім. Басында аз сомаға таныстарымның шашын өріп беріп жүрдім. Кейін бірте-бірте келушілер қатары көбейді. Әдепкіде клиенттерімді екі жыл үйде қабылдадым. Содан соң «Шаш өруді оқытшы» деген ұсыныстар келіп түсе бастады. Бірден оқытуға кірісіп кеткенім жоқ. Алдымен кәсіби тұрғыда өзімнің де біліктілігімді арттырғым келді. Сол мақсатпен басқа қалаларда шеберлік сыныптарына бардым, құны қымбат курстарды да алдым. Сол аралықта брейдингтен ТМД елдері арасындағы қатысушылар арасында онлайн чемпионат өтетінін естіп қалдым. Бағымды сынап көргім келді. Ол үшін келісті модель, кәсіпқой фотограф, макияж жасайтын маманның көмегі қажет еді. Ал менде оларды жалдайтын қаражат болмады. Сөйтіп қаламыздың үздік фотографына барып, жағдайымды айтып, тегін көмектесуін өтіндім. Ол бірден келісе кетті. Сол аралықта шашын өргізуге рұқсатын берген көрші қыз да, тегін көмектескісі келетін визажист те табыла қойды. Алғаш рет қатысқан ол чемпионатта еш жүлде ала алмадым, алайда маған мұндай сындағы жарыстарға қатысу ұнап қалды.
– Шашты түрлі тәсілмен өріп, сәндеу техникасы саналатын брейдингті көбіне африкалық шаш үлгісімен ғана байланыстырамыз ғой. Брейдингтен түрлі чемпионат өтетінін білмеппіз де.
– Мен де алғаш естігенде таңғалдым. Жалпы, шаштараздар арасында түрлі жарыс өтіп тұратынын білетінмін. Алайда брейдингтен өткен чемпионаттағы процесс өзіме қатты ұнады. Бірінші реттен жолым болмаса да, келесі жылы тағы қатысуға бел будым. Жай шаш өріп қоймай, әдемі әрі қызықты дүние жасағым келді. Бір жыл ішінде тәжірибе жинақтауды мақсат еттім. Астанада кәсіби шеберден жеке сабақ алдым. Сөйтіп, айтқанымдай, 2024 жылы өткен келесі чемпионатта бірінші орын алдым. Жалпы, маған фотограф, визажистпен жұмыс істеген ұнап қалды. Осыдан соң олармен бірлесіп жұмыс істеуді қолға алдым. Африкалық шаш үлгілерін ғана емес, бізді ерекшелейтін этностильде де шаш өріп бастадым. Сол аралықта этносильдегі фото күндерін ұйымдастырдық.

– Тұмар патшайымның құрметіне атаған шаш үлгісі де сол аралықта жасалды ма?
– Иә. Дегенмен мұның өзіндік тарихы бар. Жоғарыда айтқан чемпионатты ұтып алған соң, маған хейт жазғандар көп болды. Олар «Әділетсіз ұттың», «Жолы болды», «Қазақстаннан жалғыз қатысушы болған соң, төреші болысты» дегендей пікір көп жазылды. Сол кезде шамданып, «А солай ма? Келесі жарыста тағы да өз деңгейімді көрсетейін» деп буырқанып алғаным бар. Келесі чемпионатта шаштараз шеберлері Woman Power концепциясы бойынша жарысу керек болды. Мен халқымыздың қайсар әйелдерінің кейпін көрсетуді мақсат еттім. Біздің тарихта ең ұлы әйел кім? Әлбетте, Тұмар патшайым. Оның айбар да асқақ келбетін, мінезін шаш үлгісі арқылы көрсету үшін көп іздендім. Алдымен киносын қарадым. Көп тың дерек оқыдым. Ержүрек қолбасшы әрі ел билеген патшайым болғасын шашты тек тік өре салғым келмеді. Тәуекелге бел буып, Тұмар патшайымның келбетін ұлттық ою-өрнектерімізбен үйлестіруді көздедім. Әдепкіде қалай істерімді білмей дал болдым. Сосын ішінде ою-өрмегі бар боямақты қолданып, ондағы өрнектерді қағазға түсірдім. «Мынаны бұлай өруге болады, ал мына оюды осылай өруге болады» деп болжап, ойша сызбасын құрастырдым. Кейін мұны жасанды шашта өріп шықтым. Сосын мұны әріптестеріме, фотографтарға көрсеткен едім, олар жоғары бағасын беріп, қолға алу керек екенін айтты. Сосын барып модель қыздың шашын өрдік. Содан соң Атырауда үш локацияда фотосессия жасап, бұл жобаны соңына дейін жеткіздік.

– Бұл шаш үлгісін екі күн істепсіз. Рас па?
– Жалпы, мұны істеуге 13 сағат кетті. Бірінші күні 9 сағат шаш өрдім. Екінші күні болатын түсірілім алдында модель сергек жүруі керек. Сол үшін мұның жалғасын екінші күнге қалдырып, онда тағы 4 сағат өрдім. Бәрі ойдағыдай шыққан соң, чемпионатқа дәл осы шаш үлгісін жіберуді ұйғардым. Әлбетте, мұның басқа шаш үлгілерінің арасында ерекшеленетіні белгілі. Сөйтіп, 2025 жылы ТМД брейдинг шеберлері арасында өткен ол жарыста тағы 1-орын алдым. Марапаттау рәсіміне Мәскеуге арнайы барып қайттым. Сосын бұл жұмысты Нью-Йоркте IBI Beauty Awards марапатына онлайн жібердім. Бағым жанып, ол жақтан да 1-орын алдым. Ұйымдастырушылар маған Нью-Йорктен Оскар сыйлығына ұқсас, әдемі, десе де ауыр кубок беріп жіберіпті. Осыдан соң жарыстарға онлайн емес, барып қатысуды мақсат еттім. Өте қатты қуандым. Әйгілі топ-стилист, шаштараз-модельер Георгий Кот үнемі әлемдік деңгейде чемпионат өткізеді. Былтыр Сочиде өткен жарысқа Қазақстан құрамасының сапында қатыстық. Құрамада брейдинг бағыты бойынша қатысқан мен ғана болдым. Сөйтіп, осы бағыт бойынша абсолютті чемпион атанып, үлкен кубок иелендім. Айым оңынан туып, тағы да олжалы қайттым. Сол уақытта маған брейдинг бойынша ұлттық құраманың бапкері болуды ұсынды. Қазіргі білген-түйгеніммен ғана бапкер болмай, тағы да біліктілігімді көтеруді көздедім. Сөйтіп, Сочиге барып, аттестациядан өтіп, халықаралық деңгейдегі шаштараз бапкері төлқұжатын иелендім.
– ТМД шеберлері арасында шашасына шаң жұқтырмай жүрген сіз биыл шаш сәні саласындағы әлемдегі ең ірі байқаулардың бірі – ONESHOT Hair Awards-та ТОП-5 үздік hair-стилистердің қатарына еніп, кәсіби деңгейіңізді тағы бір мәрте дәлелдедіңіз.
– Әлемнің түпкір-түпкіріндегі 100-ге жуық шаштараз мамандары қатысатын байқауда үздік бестікке кіру мен үшін – үлкен жетістік. Мұнда бір номинацияға 2 мыңнан астам өтініш келіп түседі екен. Сол 2 мыңның ішінен менің жобамның үздік бестікке кіруі көңіл қуантпай қоймайды. Тағы бір жетістік, шетелдегі әріптестерім маған дауыс бергенін, өрілуі қиын өрнектерді жасап шығарған ерекше шаш үлгісінің бірінші орынға лайық екенін айтып, ағынан жарылғаны да төбемді көкке жеткізді.

– Тұмар патшайымның құрметіне жасаған шаш үлгісінің суреті Париждегі беделді көрмелердің біріне қойылады екен.
– Иә. Осы шаш үлгісі жан-жаққа таралған соң, Парижде көрме өткізумен айналысатын бір қыз хабарласты. Ол менің жұмысымды галереядағы Art hair бөліміне қоюға рұқсат сұрады. Онда туындысын қойғысы келетіндердің қатары көп болса керек. Әрі арнайы шақыру алу керек екен. Бұйырса, 13 қазанда Париждегі галереяда менің жобам талғамы жоғары Еуропа көрерменінің назарына ұсынылады.
– Сізге сұхбаттасуға хабарласқанымда үш сағаттан соң босайтыныңызды айтып қалдыңыз. Бір шаш үлгісін өру осыншама уақыт ала ма?
– Әрқалай. Ең оңайы кемі үш сағатта өріледі. 10-12 сағат жасалатын жұмыс та бар.
– Осыншама сағат бойы тік тұрып, шаш өруге шаршамайсыз ба? Ұзақ уақытты талап ететін бұл жұмыста күш-қуатыңызды қалай сақтайсыз?
– Еш шаршамаймын, керісінше ләззат аламын. Бұл іс маған медитация іспетті. Әлбетте, аяғым, белім ауыратыны анық. Десе де, қолым ауырмайды. Маған Instagram-ға салатын видеоны жарты сағат монтаждағаннан гөрі 10-12 сағат шаш өрген әлдеқайда оңай. Шаш үлгілері бар видеоны монтаждап біткенше дегбірім қашады. Ал шашты сүйсініп өремін. Мен шаш сәндеудің түр-түрін білемін. Дегенмен шаш өруден басқасы оң жамбасыма келмейді, көңіліме қонбайды. Менің ісім емес екенін сеземін. Ал шаш өру процесінде басқа әлемге сүңгіп кетемін.
Былай қарап тұрсаңыз, шаш қиып қана ақша тауып жүре беруге болады ғой. Маған көп шаштараз «Мұны қайтесің? Одан да басқа шаш үлгілерін жасап, қыруар қаражат тапсаңшы» деп ақыл айтады. Олар тек ақша табуды бәрінен биік қояды. Бұл да дұрыс. Бұл – қажеттілік. Алайда мен үшін шығармашылық бірінші орында тұрады. Мен тек шаш өріп қоймаймын, өнер туындысын жасай аламын. Дегенмен бұл құлшынысымның кері әсері отбасыма тиеді. Өйткені бүкіл ақшамды чемпионатқа, шығармашылыққа жұмсаймын. Сағаттап үйде болмаймын.

– Қазақша акцентсіз, таза сөйлегеніңізге таңмын. Қазақ тілін мектептен бастап үйрендіңіз бе?
– Мен – Құлсарының тумасымын. Қазақтардың арасында өстім. Ойнауға шыққанда олар орысша, мен қазақша түсінбей дал боламыз. Ақыр аяғында қазақша үйреніп алдым. Кейін мектеп пен балалар үйінде қазақшам жақсара түсті.
– Балалар үйінде тәрбиелендіңіз бе?
– Иә, мен 5 жасымда жетім қалдым. 12 жасымда Атыраудағы балалар үйіне қабылдандым. Онда да қазақтар көп болды. Олар менің шүлдірлегеніме «Мына қыз не қыл дейді?» деп түсінбейтін. Мектепті орысша оқыдым, алайда 1-9 сынып аралығында қазақ тілін беске оқыдым. Ал орыс тілінен үнемі төрттіке шығатынмын. Балалар үйінде түрлі сайыстарға қатыстым, өте белсенді болдым. Абайдың «Онегиннің Татьянаға жазған хатын» жаттап, жарысқа қатыстым. Қадыр Мырза Әлінің «Қазақтарды шетел қонақтарына таныстыру» өлеңін де жатқа білемін. Жалпы, қазақша көп кітап оқыдым. Қазақша көп кеш жүргіздім. Балалар үйі маған өмірлік сабақ берді. Сол жерде көргенім, сезінгенім, бастан өткергенім мені шыңдады. Айтпақшы, шаш өруді де балалар үйінен үйрендім. Біз үнемі сахналық қойылымдар қойып, жазғы лагерьлерге көп баратынбыз. Бәрін өзіміз ойлап тауып, өзіміз ұйымдастыратын едік. Ол кезде интернет деген жоқ. Қызықтың бәрін өзіміз жасайтынбыз. Қазір жарыстан жарысқа қызыға, жүгіріп жүріп қатысатыным да сол себептен шығар.

– Өмірге деген құлшынысыңыздың, әр нәрсеге қызығушылығыңыздың жоғары екені бірден аңғарылады.
– Мен өміріме ризамын! Қазір екі бала тәрбиелеп отырмын. Көп жыл үй кезегінде тұрдым. Мемлекет пәтер берді. Жалға алсам да, бұл – мен үшін үлкен көмек. Мен Қазақстанды шексіз жақсы көремін. Мемлекет маған білім, үй бергенін үнемі айтып жүремін. Жарыстарға барғанда Қазақстаннан екенімді мақтана айтамын. Балалалар үйінде жүргенде «Маған неге әділетсізсің, өмір? Неге мен мұндамын? Неге өзгелер секілді анамның қасында емеспін?» деп налыған кезім көп болды. Мұның бәрі қай уақытта өзгергенін білесіз бе? Екінші балам дүниеге келген соң, дүниетанымым өзгере бастады. Аяғым ауыр кезде дәрігерлер баламның бір бүйрегі болмайтынын айтты. Туған соң аман қалу қаупі екіталай деп тағы ескертті. Сөйтіп, босануға Астанаға жіберді. Балам бір бүйрекпен туды, екі рет ота жасалды. Бір жасқа дейін көп ауырды, бір жыл бойы ауруханада тұрдым десем де болады. Соған қарамастан өмірден позитив іздеп, шығармашылыққа бет бұра бастадым. Психологпен жұмыс істедім. Уақыт өте келе, қатты ауыр сөз айтып, біреуді кінәлауды қойып, керісінше барыма шүкір деуді үйрендім. Балалық шағым ауыр өтпесе, қазір көп жайтты көтере алмай, морт сынып қалар едім. Керісінше, балалар үйінде шыңдалғанның арқасында қазір көп түйткілді мәселені оңай шешемін. Тағы бір айта кетерлігі, жақсылық жасауды қолға алдым. Өзіңізді салыстырудан, қызғаныш пен реніштен алыстап, назарыңызды өзіңізге, балаларыңызға және жақсылық жасауға бұру – жанға жеңілдік әкелетін таңдау. Қазір балалар үйіне шеберлік сынып өткізіп тұрамын. Кейде балалардың шашын тегін өріп беремін. Мен біреуге көмек берсем, маған Құдай еселеп қайтаратынын білемін.

– Ендігі меже қандай?
– Өкініштісі сол, Атырауда мұндай шаш үлгісі Алматы, Шымкент, Астанадағыдай аса танымал емес. Мен кейде апта бойы жұмыссыз отырамын. Күйзеліске түспеу үшін шығармашылыққа бет бұрамын. Шашын түрлі үлгіде жасағысы келетіндер «Ұят болады?», «Көршілер не айтады?» дегеннен ары аса алмай, тартыншақтайды. Оған қоса, Атырауда бьюти индустрия жоқтың қасы. Сол себепті алдағы уақытта үлкен қалаға көшкім келеді. Үлкен нарыққа шығып, модельер, дизайнерлермен жұмыс істесем деймін. Шеберлік сыныбын тек Қазақстанда емес, шетелде де өткізгім келеді. Көп адаммен үлкен жоба істеуді армандаймын.
Астанада 18-20 қыркүйек аралығында халықаралық чемпионат өтеді. Әлемнің 40 елінен қатысушылар келіп, мыңдаған маман өзара кім мықтыны анықтайды. Бізде жарыстарға қатысу өз есебімізден жүргізіледі. Қазір негізгі мәселе – демеуші іздеп, Қазақстан чемпионатына қаражат табу. Былтыр Сочидегі чемпионатқа 2,5 млн теңгеге жуық ақша жұмсадым. Сондықтан сол чемпионатта Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетіп, жүлделі болсам деймін.
– Іске сәт!
Әңгімелескен
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ