Абайдың «Екі кеме құйрығын, Ұста – жетсін бұйрығың» дейтіні бар ғой. Оны, әрине, әр нәрсенің басын бір шалып, ешбірінен оңды нәтиже шығармайтын жолбикелер туралы айтқан болса керек. Ал қабілет-қарымы ерекше адам бірнеше саланы теңдей игеріп, бәрінде өзін көрсете алатыны талай дәлелденген. Бұл орайда, ғылым мен әдебиетті қатар алып жүрген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі және көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бағдат Телтаев есімізге түседі. Ол сөз өнерінде де, ғылымда да өзін танытқан тұлға. Әдеби салада 1997 жылы «Өлеңбаян» жыр жинағы жарық көрді. Поэзиялық шығармалары 2014 жылы Қазақ поэзиясының «Жыр маржаны» атты 10 томдық антологиясына, 2020 жылы «Шу өңірі ақындарының антологиясына» және 2025 жылы «Меркілік ақындар әлемі» кітабына енді. Тұңғыш республикалық жас ақындар мүшәйрасының және Артығали Ыбыраев атындағы республикалық жыр жарысының жүлдегері. Ал ғылымдағы жолына келсек, Алматы автомобиль-жол институтын бітірген, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстандағы жол құрылымдары механикасының ғылыми мектебін құрушы. 3 ғылыми ашылымның, 900-ге жуық мақаланың, 8 монографияның, 40 авторлық куәліктер мен патенттердің авторы. Сонымен бірге 10 оқу құралы және 5 терминологиялық сөздікті әзірлеп баспадан шығарған.
– Бағдат Бұрханбайұлы, сіз ақын және ғалым ретінде танылған тұлғасыз. Әдебиетке, сосын ғылымға құштарлығыңыз қалай басталды? Не себеп болды?
– Жалпы, адам бойындағы білімге құштарлық жас кезінен басталады-ау деп ойлаймын. Тек соған бірдеңе себепші болса, жолы болады.
Төрт жасар кезім болуы керек, бір күні әкемнің газет оқып отырғанын көрдім. Үйде, кешке таман, шай ішіп отырғанымызда. Сол кезде «Социалистік Қазақстан» деген атпен шығатын, қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті ғой.«О, мынау өйтіпті ғой, бүйтіпті ғой» деп газеттегі жаңалықтарды айтып отыр. Мен әкемнен «Газет айтып жатыр ма?» деймін. «Жоқ айтпайды, жазады. Оны оқып үйрену керек» деді.
Ол кезде телевизор жоқ. Радио ғана бар. Енді газетке қызықтым. Ойланам, «оны қалай оқуға болады» деп. Содан кейін бір күні әкеме менің де газет оқығым келетінін айттым. Әкем: «Ой, балам, оқу үшін алдымен әріп тану керек. Қазақ тілінде 42 әріп бар, соның бәрін оқып білсең ғана газет-журнал, кітап оқи беретін боласың», – деді.
Сосын әкем әріптерді үйрете бастады, «мынау «а» деген әріп, мұның үлкені мынау, кішісі мынау. Үлкен әрібі сөйлемнің басында келеді» деп. «А» әрпін білген күні газетті қарадым. Қай жерде «а» әрібі бар, бәрін оқып шықтым. Сөйтіп, әкем 42 әріпті түгел үйретіп шықты. Сосын әріптерді қосып, сөз оқуды, одан тұтас сөйлемдерді оқи бастадым. Сөздерді оқып үйренгенде керемет бір сезім болды. Бәрін біліп алған сияқты бір сезімде жүрдім. Өйткені кез келген жерде басылған сөзді оқи беремін. Әкемнен жазулардың қара сөзбен, өлеңмен жазылатынын білдім. Газетке басылатын жазулардың түгелге жуығы қара сөз болатынын, өлеңнің негізінен «Жұлдыз» сияқты журналға, кітаптарға басылып шығатынын ұқтым.
Біздің үйде бір үлкен қалың кітап жататын, сыртқы мұқабасы жоқ. Ашып қарасам – бәрі өлеңмен жазылған екен. Қазақша кітап болған соң сөздері түсінікті. Кейбір сөздері болмаса, жалпы тілге жеңіл және әдемі ұйқастырып жазылған. Патшалар, батырлар туралы, соғыстар туралы айтылған, оқыған сайын қызықтырып әкетіп барады...
– Қандай кітап екен ол?
– Кейін білдім ғой, кітап болғанда да анау-мынау емес, атақты ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің Фирдоусидің «Шахнамасынан» аударған «Рүстем –Дастаны» екен, 1961 жылы Мұхтар Әуезовтің алғысөзімен шыққан! Ғаламат кітап енді. Оқығанды бірден тартып алады. Сөйтіп, әдеби шығарма оқуды «Шахнамадан» бастаппын! Менің сөз өнеріне құштар болуыма, кейін ақындық жолға түсуіме себеп болған сол шығар деп ойлаймын. Өйткені адамға жас кезінде не нәрсе қатты әсер етсе, соның көп пайдасы тиеді ғой.
– Бірақ кейін техникалық сала бойынша білім алып, ғылым жолына түсіп кеттіңіз ғой...
– Иә... Өмір деген күтпеген бұрылыстарға толы ғой, адамның сана түпкірінде – түйсігінде тағдырына әсер ететін ақпараттар жатады. Күндердің күнінде сол ойыңды оятып, болашағыңды белгілейтін шешімдерге әкеледі-ау деймін.
Мәселен, мен неге кішкене кезімнен хат танып, «Рүстем – Дастан» секілді әдеби туындыдан нәр алып, өлеңге құштар бола тұра ғылымға кеттім? Былай қарағанда, өмірімді әдебиетке арнап сол жолда еңбектенсем бәрі заңды болмас па еді? Демек, ғылымға келуіме әлгі сана тереңінде өміріме әсер еткен бір жағдайдың себебі бар.
– Ол қандай жағдай?
– Мен Жамбыл облысы, Меркі ауданындағы Жауғаш батыр деп аталатын ауылда дүниеге келдім. Мына жағы – Қырғызстан, мына жағы – Баласағұн.
Біздің ауылда асфальт төселген жол жоқ болатын, өз еліміздің үлкен жолына шығу үшін де, Қырғызстанға бару үшін де тегіс жол жоқ. Шаңдатып, қара жолмен жүреміз. Ауданға баратын жолға шығу үшін 5-6 шақырым, Қырғызстанға өту үшін 10 шақырымдай жерге жаяу барамыз. Автобус жүрмейді. Көлікке жету үшін жаңағы айтқан, 5-6 не 10 шақырым жаяу жүру керек...
Бала кезімізде әке-шешемізге еріп талай жаяу жүріп, жүк көтерісіп, көтеріп, жолсыз, жаяу жүрудің азабын тарттық. Пәлен шақырым топырақ кешіп, күн ыстықта жаяу жүрудің қиындығы миыма әбден сіңіп қалған болуы керек, сол кезде «Өскенде жоғары білім алып, ауылыма жол салатын маман болсам» деп ойлайтынмын. Ойымды әкеме айтып, жол салу үшін қандай оқу оқу керегін сұрағанымда, ол маған «Алматыда Автомобиль жолдары институты бар, соны оқығандар жол салады» деген. Сөйтіп мектеп бітірген соң басқа жаққа бұрылмай, Алматы автомобиль жолдары институтына құжат тапсырдым. Жолым болып студент атандым. Жақсы оқыдым. Қоғамдық жұмыстарда белсенді болдым.
Техникалық оқу орнына түскеннен кейін бірінші курста жоғары математика, физика, химия секілді пәндер оқытылса, сызба геометрия, теориялық механика, материалдар кедергісі деген қиын сабақтар болады. Оның орысша аталымын қысқартып «начертат», «термех», «сопромат» дейді. Соған орай студенттер арасында начертатты тапсырдың ба – студент атандың, термехты тапсырдың ба – ғашық болсаң болады, сопроматты тапсырдың ба – үйленуге болады» дейтін әзіл бар. Сол сабақтардан алынатын сынақта құлап, оқудан шығып қалатындар аз болмайды...
– Ғылымдағы жолыңыз қалай басталды?
– Институтта Қазақстанның жол ісі бойынша тұңғыш профессоры Бақытжан Мұртазиннің кафедрасында білім алдым. Ол кісі шәкірттерінің қарым-қабілетін танитын сұңғыла кісі еді.
Үшінші курста оқып жүргенімде ұстазым, доцент Бақыт Атымтаев «Мына баладан болашақта ғалым шығуы мүмкін» деп мені Қазақ КСР ҒА корреспондент-мүшесі (кейін ҚР ҰҒА академигі) Шмидт Айталиевке алып барды. Шмидт Мұсаұлы өмірде көпті көрген тәжірибелі ғалым ғой, маған сенім артты. Сөйтіп, мен бастауы академик Қаныш Сәтбаевтан басталатын, академик Жақан Ержанов негізін қалаған механика ғылыми мектебінің есігін аштым.
1991 жылы Алматы автомобиль-жол институтының (бүгінгі М.Тынышбаев атындағы ALT университеті) жол факультетін қызыл дипломмен бітірген соң аталған білім ордасындағы ғылыми кеңестің шешімімен оқытушылық қызметке қалдым. Академик Ш.Айталиев аспирантураға қабылдатып, сол кісінің және физика-математика ғылымдарының кандидаты Ә.Ысқақбаевтың жетекшілігімен әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика кафедрасының зертханасында КСРО ҒА академигі Ю.Работнов (Москва) пен Қазақ КСР ҒА академигі Ж.Ержановтың әдістемелері негізінде асфальтбетон үлгілеріне сынақтар жүргіздім.
1994 жылы Ұлттық ғылым академиясы Механика және машинатану институтында жол төселімдерінің механикасы бағыты бойынша кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылым кандидаты атанған соң ұстазым академик Ш.Айталиевтің кеңесімен бірден докторлық диссертация тақырыбы бойынша жұмыс істеуді бастап кеттім. Шмидт Мұсаұлы мені «Қазақстан механиктерінің атасы» саналатын өзінің ұстазы, атақты академик Жақан Ержановпен таныстырды. Ол кісі мені сырттай біліп жүрсе керек, докторлық диссертациям бойынша бірінші ғылыми кеңесшісі болуға келісімін берді. Сөйтіп ғылыми жұмысымды төрт жылда жазып шығып, жол төсемелерінің құрылымдарын жобалау әдістерін және беріктікке есептеулерді жетілдіруге арналған докторлық диссертациямды Алматыда бір институт пен бір академияда, Бішкекте бір институт пен бір университетте және Ташкентте екі институтта талқылаудан өткізіп, Мәскеу автомобиль-жол институтының докторлық кеңесінде алдын ала қорғаудан өтіп, 1998 жылы қорғап шықтым.
– Осы аралықта әдебиеттен қол үзіп кетпедіңіз бе?
– Әрине, бұл кезеңде негізінен ғылыммен айналыстым ғой. Бірақ әдебиетті де ұмытқан жоқпын. Исраил Сапарбаев, Мәди Қайыңбаев, Аманхан Әлімұлы секілді ағалармен араластым. Өзіміз қатарлы Аманғазы Кәріпжанов, Бауыржан Бабажанұлы, Әділ Ботпанов секілді жас ақындармен бірге жүрдік. Сенбі, жексенбі күні ҚазМУ-дің журфагінің жатақханасында жүргенмін. Өзіміз секілді жас ақындармен жарысып өлең оқимыз. 1990 жылы алғаш өткен ақындар мүшәйрасында үшінші орын алдым. Көрнекті ақын Сағи Жиенбаев батасын берді. Ол кездері Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ұлықбек Есдәулет ағамыз Жастар кеңесін басқаратын. Ұлықбек Есдәулет пен Ғалым Жайлыбай ағаларымыздың да ағалық қамқорлықтарын көрдім. Айтыстарға қатысып, бірнеше рет жүлделі орындарды да иелендім. Ерік Асқаров ағамызға шәкірт болып, біраз уақыт ілесіп жанында жүрдім. Ерік ағам Сәкен Жүнісов ағамыз бен таныстырды. Сәкен ағам батасын берді.
Бірінші курста оқып жүргенде «Туған жер» деген әңгіме жазып, бірнеше өлеңдерімді алып белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевқа барғаным бар. Ол кісі жазғанымды ұнатып, «Аудитория» деген студент жастар жинағына ұсынды. Ол кезде жас қаламгерлердің прозалық туындылары басылатын «Арман қанатында», жас ақындардың поэзиялық шығармалары енгізілетін «Аудитория» деген дәстүрлі әдеби жинақтар болатын. Біздің тұсымызда еліміздің экономикасы тұралап жатқан кезде шықпай қалды ғой.
Ол кезде қазіргідей қаптаған басылымдар жоқ. Жастарға арналған «Жалын» журналына шығу бір арман. Бірақ менің жолым болды.
«Жалын» журналында «Талаптың мініп тұлпарын» деген айдармен болашағынан үміт күттіретін жастардың шығармалары жарияланып жататын. Менің өлеңдерімді «Жалынға» ұсынған Мәди Қайыңбаев пен Мереке Құлкенов ағаларымыз болды. Мереке ағамыз: «Бағдат айналайын, жолың болсын. Өлеңдеріңді дайындап, журналдың бас редакторы Мұхтар Шаханов ағаңа бердім. Енді оның жариялануын бір Құдай, сосын Мұхаң ағаң шешеді» деді. Сөйтіп, өлеңдерім «Жалынға» қазақтың ірі ақындарының бірі Есенбай Дүйсенбаевтың алғысөзімен жарияланды. О, оның әсері сұмдық қой енді. Туындыларың Шахановтың сынынан өтіп, журналға шығуы – ақын ретінде мойындалу деген сөз!
Дегенмен кейін ғылымға бет бұрған соң уақытымның көбі соған арналды. 1997 жылы «Өлеңбаян» деген жыр жинағым шықты, екіншісін алдағы уақытта шығарсам ба деп отырмын. Алғашқы жыр жинағымды студент кезімде «Жалын» баспасынан Есенбай Дүйсенбаев ағамыз шығармақшы болған...
Мені Жазушылар одағына мүшелікке ұсынғандар қатарында Темірхан Медетбеков пен Әділғазы Қайырбеков ағаларымыз да болды.
– Сізді қазақ ғылымындағы ең жас ғылым докторларының бірі дейді...
– Иә, ғылым докторы атанғанымда 32 жаста едім. Менің ғылыми бағытым – жол құрылымдарының механикасына арналғандықтан, елімізде осы саланың бастауында тұрғандардың қатарында атымыз аталып жатады. Еңбегіміздің бағаланғаны шығар, 2008 жылы шыққан «Қазақстан» деген 10 томдық ұлттық энциклопедияның 8-томында менің өмірбаяным мен суретім беріліпті.
Жалпы, өз елін сүйетін адам сол елінің болашағы үшін беріле еңбек ету керек. Атақ-даңқты ойлап, еңбегім бағалана ма, бағаланбай ба деген алаңмен өмір сүрген пенденің ісі алға баса бермейді. Әрине, өмірде еткен еңбегінің лайықты бағасын алмай өткен тұлғалардың кездесетіні өкінішті. Десекте, қандай да бір салада жеткен жетістігің, еңбегіңнің мән-маңызы ұмытылмайды. Елі барда, халқы барда өз ісіне адал азаматтар ескерусіз қалмайды деп ойлаймын.
– Ғылым мен сөз өнерін қатар алып жүру қиын емес пе?
– Мен өмірде ғалым болып та, ақын болып та өмір сүріп жатырмын деп ойлаймын. Бір-біріне кедергісі жоқ, болса, ол – уақыт тапшылығы. Меніңше, ақынның жүрегімен және ғалымның көзімен қарау керек, сонда көрінбейтін нәрсенің өзін көре аласың. Адамның миында логика мен фантазия біріксе ол құдіретке айналады. Орыс әдебиетінің классик ақыны А.Пушкин «Геометрияға да шабыт керек» дегенді біліп айтқан.
Білім – ғылым ашқан жаңалықтардан құралады. Ғылым – үнемі ізденіс, құпияны табу. Ғалымдар ғылымға белгісіз құпияларды табуға ұмтылады. Сол жолда адасып та жатады. Мысалы, Альберт Эйнштейн жалпы салыстырмалы теориясын жасаған кезде математикалық мәселелермен айналысып, кеңістіктің қисықтығын математикалық әдіспен өрнектеймін деп үш жыл ізденген. Өзі де математик болған, логикасы мықты, Құдай қарым-қабілет, дарын берген адам. Үш жылдан кейін барып: «Бұл жолым нәтиже бермейді екен» деп, қайтадан үш жыл бұрынғы бастаған нүктесіне келген. Сөйтіп, қайтадан басынан бастап зерттеп барып нәтижеге жеткен.
Көрдіңіз бе? Ондай тарихта көп. Демек, ізденуші үшін, яғни ғалымға да ұшқыр қиял, фантазия қажет. Яғни, бұл тұрғыдан келгенде, ақындық керек. Көрдіңіз бе? Ендеше, ғылымның дамуына ақындықтың фантазиясы, қиялы күш-қуат беріп, алға жетелеп тұрады десек, қателеспеспіз!
– Орыстың белгілі ақыны Борис Слуцкий 1959 жылы «Физиктер мен лириктер» деген өлең жазып, қаламгерлерді төмендетіп, ғалымдарды көтермелегені бар ғой. Оның соңы біраз дау-дамайға себеп болғаны бар. Сол қазіргі заманда да қайтадан көкейкесті мәселеге айналып бара жатқан жоқ па?
– Бұл сұраққа ішінара жоғарыда аздап жауап беріп кеттім-ау деймін. Дегенмен толықтырып, мәселеге кеңірек тоқталғанымыз жөн шығар.
Иә, кезінде Б.Слуцкийдің сондай өлең жазып, қоғамда ғалымдар мен әдебиетшілер екі жарылып айтысқаны рас. Бірақ ақын заман тудырған құбылысты алға тартып, сол арқылы сөз өнерін төмендеткені тым ұшқары әрекет болды. Өткенді ұмытуға болмайды ғой, ұмытсақ, бүгінгі жаңалықтың түп-негізі қайда жатқанын білмей, күндердің күнінде адасамыз. Әдебиеттегі қиял ұшқырлығы бар ғылымның негізі. Ертегілерде айтылатын «ұшатын кілем» оқиғасы бүгінгі ұшақ, тікұшақ атаулыдан бұрын пайда болды ма, кейін пайда болды ма? Осы сұрақтың жауабының өзі әдеби шығармалардағы фантазияның ғылымға түрткі болғанын білдірмей ме?
1950-жылдардың соңында КСРО-да және өзге елдерде ғылым мен техника қарқынды дами бастады: алғашқы жасанды жер серігі ұшырылды, атом энергетикасы өркендеді. Осы кезде қоғамда «Болашақ кімдікі: нақты ғылымдар ма, әлде өнер мен поэзия ма?» деген сұрақ туды. Слуцкий өз өлеңінде сол заманның шындығын дөп басып сипаттады: физиктер (ғалымдар, инженерлер) алдыңғы қатарға шығып, лириктердің (ақындар, жазушылар) танымалдылығы төмендей бастағанын мойындады. Бірақ адамның жанын, ой-қиялын дамытатын, оны ізгілікке тәрбиелейтін сөз өнерінің құдіретін жоққа шығаруға бола ма?
Алысқа бармай-ақ қояйық, өзіміздің әл-Фараби бабамыз музыканы зерттеп, алғаш рет теориясын жасап, «Музыканың үлкен кітабы» деген еңбек жазды. Өзі де ақын болған ғой. Ғалым ретінде математикадан бастап, астрономияға дейін сол замандағы саланың бәріне арнап трактат жазған. Сосын ғылымды дамытқанда бойымызға сөз өнері арқылы сіңетін ізгілік атты қасиетті қалай ұмытамыз? Жаны ізгілікке толы адам пышақты ет кесетін құрал ретінде таниды, ал ниеті бұзық адам оны оп-оңай суық қаруға айналдыруы мүмкін. Атом энергиясын адамзатқа пайдасы тиетін АЭС салуға болады, енді біреулер соның күшін адамзатты жоятын аса қатерлі бомбаға айналдырды. Екеуін де ғылым жолында жүрген адамдар жасап шықты. Сонда ізгілік қай жағында? Әдебиет адамды ізгілікке тәрбиелейді, ізгілікке арқа сүйемеген ғалым – ғылым күшін жаман нәрсеге пайдалануы әбден мүмкін. Әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп отырғаны сол ғой.
Қазіргі ақпараттық технология заманында еңбек етіп жатқандар да сол тағылымды есінен шығармауы керек. Енді жасанды интеллект заманы басталды. Қазірдің өзінде оның пайдалы да, зиянды жағы да көрініп жатыр. ЖИ-ге «ән салдырып», сурет жасатып, мәтін жаздырып жатқандар көп. Байқап қолданбаса, мұның соңы өнер, әдебиет саласына тигізетін зардабы мол болуы мүмкін. Егер оны ғылымға пайдаланып өмірді жеңілдететін жолды тапса, уақыттан ұту үшін қиын тапсырмаларды орындатып, адамға пайда әкелетін жағын дамытса нұр үстіне нұр. Бірақ қаншама адамның көз майын тауысып жасаған еңбегін оп-оңай пайдаланып, адам баласын ойланудан шеттететін болса – ол аса қатерлі құбылыс. Демек, ізгілікті ұмытпау керек. Ізгілікке тәрбиелейтін сөз өнері!
– Бәрекелді, сөз өнері құдіретінің ғылымға тигізетін пайдасы жөнінде тамаша ойлар айттыңыз! Енді ғылымдағы өз салаңыз туралы айтып берсеңіз: Қазақстандағы жолдардың сапасы қалай және жол салуда қандай әлемде қандай жаңа технологиялар өндіріске еніп жатыр?
– Мен бұл саланы жол салу өнері деп атар едім. Жақсы жол салу үшін терең білім, қомақты тәжірибе және жоғары мәдениет қажет. Бізде де сапалы, жақсы жолдар бар. Біз де үздіксіз ізденіс үстіндеміз... Әлемдегі қандай заманауи технологиялар болмасын, олардың бәрі дерлік біздерге белгілі. Оларды біртіндеп меңгеріп, өндіріске тәп-тәуір енгізіп те жатырмыз.
Кейінгі жылдары Қазақстанда жол жөндеу және салу қарқыны күрт артты. Мәселен, Үкімет мәліметінше, 2025 жылы елімізде шамамен 13 мың шақырым жол жөнделіп, құрылыс саласында тарихи рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жолдардың 94 пайызы жақсы және қанағаттанарлық күйге жеткізілген.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы атты ғасыр жобасы ел аумағы арқылы өтетін ең ірі халықаралық транзит дәлізіне айналды. Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау уақытын айтарлықтай қысқартты.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Астана қаласын өзге аймақтармен байланыстыратын «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс» және «Орталық-Батыс» бағыттарында заманауи көпжолақты автобандар салынды.
«Астана – Алматы», «Астана – Қарағанды», «Алматы – Қорғас» сияқты маңызды бағыттардағы ірі жобалар толық аяқталып, өңірлер арасындағы қатынас қауіпсіз әрі жылдам болды.
Тізе берсек, еліміздің жол құрылысы саласында мұндай жаңалықтар көп. Бұл Тәуелсіздігін алғанына 35 жыл толғалы отырған еліміз үшін үлкен жетістік. Өзге де салаларда жетістігіміз аз емес, тек отаншылдық көзқарасымызды күшейтуіміз қажет!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ