Заманмен үндес «Ақиқат»

/
Заманмен үндес «Ақиқат»

Биыл «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының жарық көргеніне 105 жыл толды. Басылымның алғашқы саны «Қызыл Қазақстан» деген атпен 1921 жылы 15 қыркүйекте Орынбор қаласында жарық көрді. Басылымда Абдолла Асылбеков, Ерғали Алдоңғаров, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Нәзипа Құлжанова және т.б. майталман тұлғалар еңбек етті. Әр жылдары журналдың аты бірнеше рет ауысты. «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деп аталған кезеңдері болды. 

Тәуелсіздіктің қарсаңында сол кездегі бас редактор Камал Смаиловтың бас­­­­тамасымен «Ақиқат» деп өзгертілді.  Бір ға­сыр­дан астам уақыт бойы үздіксіз жарық көр­ген басылымды тек ақпарат таратушы құ­рал деп бағалау жеткіліксіз. «Ақиқат» – әр дәуір­дегі қазақ қоғамының ойлау жүйесін, ру­хани ізденісін көрсететін басылым дер едім. Осы тұрғыдан келгенде, журналдың ес­кі сандары – өткен күннің сарғайған па­рақ­тары ғана емес, ұлт санасының қалыптасу жолын танытады.  
Бүгінгі Aqiqat журналы өзінің 105 жыл­дық салиқалы жасына қарамастан заманға сай болуға, уақыт көшінен қалмауға күш с­а­лып келеді. Журналдың байырғы дәс­түр­лерін сақтай отырып, еліміздің ақпарат кеңіс­тігінде өз үні бар басылым ретіндегі абы­­рой-беделге ие. Басылым заманауи тех­но­­логиялардың барлық түрін кеңінен қол­да­нып келеді. Полиграфиялық безендіру, кон­тентке жұмыс істеу, әлеуметтік же­лі­лер­мен де байланыс орнату жолға қойылған. Ең бастысы журналдың өзіндік болмысы сақ­талды. Журналдың «Ақиқат» аталуының өзін­де де терең мағына бар. Себебі «ақиқат» ұғы­мы – бір адамның немесе бір кезеңнің ға­на меншігі емес. Ол қоғамдағы түрлі пі­кір­дің, көзқарастың, тәжірибенің өзара тоғысуы арқылы айқындалатын ғылыми категория. Сондықтан мұндай басылымның міндеті дайын тұжырымдарды оқырманға ұсынумен шектелмейді. Оның басты мұраты – қоғамды ойландыру. Ой қозғалған жерде қоғамдық сана жаңғырады, ал қоғамдық сана жаң­ғыр­ған жерде елдің дамуына жол ашылады.
Белгілі бір жылдары мен де осы ба­сы­лым­да еңбек еткенімді мақтаныш етемін. Студенттік кезден аралас-құралас бо­лып келе жатқан досым Аманхан Әлімұлы 2012 жылы «Ақиқат» журналының бас ре­дак­торы қызметіне тағайындалды. 
Аманхан досым менен журналдың ал­да­ғы нөміріне қоғамдық мәселені қозғайтын бір мақала жазып беруімді тапсырды. Осы­лай­ша, журналмен тығыз байланыс жасап, қыз­метке қабылдандым. Сол жылдары Қа­зақстанның білім және ғылым саласында үл­кен өзгерістер болды. Елдегі жоғары білім жүйесі жалпыеуропалық «Болондық жүйеге» ауыс­тырылған еді. Өкінішке қарай, сол кезде «Ақи­қат» республикалық Жоғарғы аттес­та­ция­­лық ғылыми мақалалар шығаратын жур­­налдар тізімінен шығарылды. Бұл «Ақи­қат» журналының мәртебесін өзгертіп, жаңа стратегиясын айқындауға алып келді. Әрине, бұл бұрындары «Заң» газетінде, өзге де ба­сылымдарда өткір  публицистикасымен та­нымал Аманхан Әлімұлы үшін аса көп қиын­дық тудырған жоқ. Журналдың бағы­тын ұлттық мүдде мен болмыс, ұлттық мә­де­ниет пен дүниетаным, ұлттық экономика мен әлеуметтік маңызды мәселелерді кө­теруге бұру маңызды деген шешім қабыл­данды.
Бұл өзі «айтуға оңай», бірақ «атқарылуы қиын» іс еді. Себебі еліміздегі қалыптасқан бас­қару жүйесі оны сынауға тыйым салып қойғаны белгілі. Аманханның өзі айтпақшы, ондай жағдайда журналға «өткірдің жүзімен» жү­руге, «сауысқаннан сақ болуға» тура ке­ле­ті­ні анық еді. Енді, редакция алдында «осы ст­ратегияны қалай жүзеге асырамыз?» деген риторикалық экзистенциялық сұрақ тұрды. Талқылай келе, «дөңгелек үстел» форматында өтетін «Келелі кеңес» айдарын ашуды жөн көр­дік. «Келелі кеңеске» қоғамға белгілі, ай­тар ойлары бар азаматтар шақырылды. Сөй­тіп, өткір мәселелерді қозғаудың жолын тап­тық. 


Кейіннен анықталғандай, бұл шешім журнал үшін өте дұрыс болып шық­ты.  «Келелі кеңес» айдарына заңғар жазушы Қаб­деш Жұмаділов, академик Асқар Жұ­ма­діл­даев, саясаттанушы Дос Көшім, өзге де та­нымал экономист ғалымдар, жазушылар, ақын­дар, қоғам қайраткерлері, ұстаздар, кә­сіпкерлер тұрақты спикерлер ретінде қа­ты­сып жүрді. 
Сарапшылардың айтқан ойлары құн­ды пікірлер ретінде әрі тәуелсіз­дігі­міз­дің тарихын зерттеуші болашақ ғалымдар үшін қоғамдық ойдың көкжиегін көрсететін материалға айналды. «Қазақстандағы қазіргі діни ахуал мәселелері», «Дін және мемлекет», «Қазіргі қазақ мәселесі», «Қайта құру қазаққа не берді?», «Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?». «Қазақтың ұлттық мінезі және менталитеті қандай?» деген сынды маңыз­ды тақырыптар көтерілді. Міне, осы та­қырыптардан-ақ көзіқарақты, ойы сергек оқыр­ман «Ақиқат» журналының мақсаты мен мүддесін тани алады. Әрине, мұндағы ай­­­тылған ой пікірлердің көбі жүзеге аса бас­тағанын байқауға болады. Қазір еліміздің мемлекеттік дамуында қазақ ұлтының «мем­лекет құраушы» мәртебесі айқындалды. Ұлт­тық мәдениетіміз бен дәстүріміз, мәдени құн­дылықтарымыз  еліміздің   барлық аза­мат­тарын біріктіретін әрі бірегейлендіретін нақ­ты рухани күшке айналуда. 
Қоғамның рухани деңгейі оның қандай сұ­рақ қоя алатынынан және сол сұрақтарға қан­шалықты адал жауап іздейтінінен кө­рі­не­ді. Осы тұрғыдан алғанда, «Ақиқат» жур­на­лының тарихи миссиясы – әр кезеңнің маңызды сұрақтарын күн тәртібіне шы­ға­рып, ұлттық ойдың үзілмеуіне қызмет ету. Дәуір алмасады, қоғамдық құндылықтар өз­­гереді, ақпарат тарату құралдары жаңа­ра­ды. Бірақ адамның ақиқатты тануға, өт­кенін пайымдап, болашағын бағдарлауға деген қа­жеттілігі өзгермейді. Демек, «Ақиқаттың» да қоғам алдындағы рухани міндеті жаңа маз­мұнмен толығып, жалғасып келеді.
– Бүгінгі басты мақсат – журналымыздың оқыр­мандар санын көбейту. Келесі мәселе «Ақи­қат» журналын – индекстелетін ғылы­ми басылымдар санатына да қосқымыз ке­леді. Өйткені бізде ғалымдардың зерттеу ма­қалалары жарияланып тұрады. Олар да осы мәселе туралы бізден сұрайды. Жоғары бі­лім министрлігі осы мәселеге назар аудара­ды деген сенімдеміз. «Қазақ газеттері» ЖШС-на қарасты «Ақиқат» пен «Мысль» журнал­дары бұрын ВАК журналдарының тізімінде бол­ған. Бұл журналдарда 2011 жылға дейін публицистика мен ғылыми мақалалар қатар жарияланып келген. Осы дәстүрді қайта жаң­ғыртуымыз керек. Әрине, біз таза ғы­лыми журналға айнала алмаймыз. Өйткені таза ғылыми журналдың талаптары бөлек. Ғылыми мақала­ларды жеке блок ре­тінде жария­лап тұруға әбден болады деп ойлаймын. Сонымен қатар бұ­рын­ғы жур­налдар санын қа­рап отыр­сақ, оның беттерінде ми­нистр­­лердің, жоғары лауа­зымды тұл­­ғалардың мақа­ла­лары жа­рия­­ланып тұрған екен. Бұл да жур­налдың ел өмі­ріндегі саяси сал­­мағының жоғарылығын көрсе­те­­ді. Сон­дықтан да, осы дәстүр­ді жаң­ғырт­­қымыз келеді, – дейді қазір­гі бас ре­дакторы Дәуіржан Төлебаев. 
Иә, «Ақиқат» бұл – мемлекеттік басылым. Мемлекеттік ойдың мінбері. Сондықтан бұл басылымда мемлекеттік атқарушы органдар­да қызмет істейтін адамдар жиі жарияланып тұрғаны өте маңызды. Бұл журналдың мәр­те­бесіне әбден лайық. Алайда мемлекеттік ойдың мінбері болу – тек ресми ұстанымды жария­лау деген сөз емес. Мемлекет пен қо­ғам­ның арасы шынайы ой, ашық пікір және жауапты сөз арқылы жалғасқанда ғана мұн­дай мінбердің беделі артады. Қоғамның өзекті мәселелерін дөп басып айтуда, халық­тың көкейіндегі сауалдарды билік өкілдеріне жеткізуде «Ақиқат» журналы мемлекет мүд­десі мен қоғамның мәселелерін тоғыс­тыра­тын парасат алаңына айнала білді. 

Әбдірашит БӘКІРҰЛЫ,
философ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары