Басы бірігіп туған сиам егіздеріне күрделі ота жасалды

/
Басы бірігіп туған сиам егіздеріне күрделі ота жасалды
SSM Health Cardinal Glennon Children's Hospital / YouTube

АҚШ-тың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласында дәрігерлер бас сүйегі бірігіп туған екі жасар сиам егіздерін сәтті ажыратты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Хияб пен Вухбто есімді апалы-сіңлі Эфиопияда дүниеге келген. Олар бас тұсынан бірігіп туған.

Күрделі операция 24 сағаттан астам уақытқа созылып, оған түрлі бағыттағы дәрігерлерден құралған үлкен мамандар тобы қатысқан.

Егіздер 2025 жылғы наурызда операцияға дайындық үшін АҚШ-қа жеткізілген. 2026 жылғы наурызда олар екі жасқа толған.

Қазір Хияб пен Вухбто Мэриленд-Хайтс қаласындағы Ranken Jordan балалар ауруханасында оңалту курсынан өтіп жатыр.

Дәрігер Ник Хоулкамптың айтуынша, қыздардың жағдайы біртіндеп жақсарып келеді. Олар жеке оңалту сабақтарына қатысып, операцияға дейін өздігінен орындай алмаған қарапайым қимылдарды меңгере бастаған.

Мәселен, қазір егіздер денесін тік ұстап отыра алады. Дәрігерлер алдағы уақытта олардың өздігінен тұрып, кейін жүруді үйренуіне мүмкіндік бар екенін айтады.

Сонымен бірге қыздар тамақ ішуді, сөйлеуді, бір-бірімен қарым-қатынас жасауды және бірге ойнауды үйреніп жатыр.

Мамандар үшін операцияның сәтті өтуімен қатар, балалардың кейінгі өмірге бейімделуі де маңызды. Сол себепті егіздермен бірнеше бағыттағы мамандар тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.

Мұндай сиам егіздері шамамен әр 50-100 мың босанудың бірінде кездеседі. Статистикаға сәйкес, олардың арасында қыз балалар ұлдарға қарағанда жиірек дүниеге келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар