Қазіргі қазақ әдебиетіндегі орта буын өкілдерінің бірі, жазушы, сыншы, аудармашы Серік Нұғыманды айтары бар аз қаламгердің бірі десек, қателеспейміз. Кейінгі жылдары прозамызда өзгеше туындыларымен көрініп жүрген ол әдеби атмосферамыздағы бар мен жоқты бағамдай білетін сыншылық қабілетімен де көзге түсіп жүр. Әлемге белгілі бірталай қаламгердің шығармаларын қазақшалаған. Он шақты кітаптың авторы. Біз жазушымен өз шығармашылығы жайында әңгімелесе отырып, осы күнде қазақ әдеби үдерісінде болып жатқан өзгерістердің де сырына үңілдік.
– Серік Үсенұлы, қаламгерлердің ішінде әу баста өзге саланың маманы бола тұра кейін жазу өнеріне келгендер аз емес. Біздің қазақ ақын-жазушыларының арасында мамандығы бойынша философы да, геологы да, металлургы да, басқасы да табылады. Сіз де жоғары білімді қаржы-экономика саласы бойынша алған екенсіз. Әдебиетке қалай қадам бастыңыз?
– Балалық шалалықтың салдары болу керек, менің орта мектептегі оқуым ортадан төмен болды. Ол кейін, біздің елдегі жүйемен айтқанда, ҰБТ-ның нәтижесіне әсер етті. Көптен армандап жүрген көңілдегі жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бұйырғанын қанағат тұтып, қаржы-қаражаттың оқуын оқыдым. Кейін сол мамандық бойынша жұмысқа тұрдым. Бекер обалы кәне, қалада қалуға мүмкіндік алдым. Артынан аңғардық қой, бұл шіркін тіршілікке өте қолайлы мамандық болып шықты. Айлық жоғары, қосымша беретін тағы біраз сыйлық ақшасы бар дегендей. Талайдың қолы жетпейтін аспандағы жұмыс екен. Шаңырақ көтергенде, көпке созбай баспанасын да берді. Бірақ...
Бірақ солай екен деп, бала күннен басталған көкейкесті арман тұншығып қалған ба?! Көкіректің бір түпкірінде бұғынып жата бермей, кейде бас көтеріп, қолға еріксіз қалам алдырып тұрды. Басында өлең жазып жүрдім. Ол бір қытай қазақтарында өлеңге деген қызығушылықтың шарықтаған шағы болатын. Өлеңге ғана емес, жалпы сөз өнеріне деген ынта ерекше болды. Соның алдында ғана түрлі саяси айыппен қудаланып, Тарымға айдалып кеткен үлкен ақын-жазушылардың қайта келіп, өздерінің сүйікті істерімен емін-еркін шұғылдана бастаған, жаппай ізденіске бет бұрған оңды уақыт болатын. Кешікпей екі елдің (Кеңес-Кытай) ара-қатынасының жақсаруына байланысты шекара ашылып, Қазақстан ақын-жазушыларының шығармалары көптеп келе бастады. М.Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» жыр жинағы жарыққа шыққанда Қытайдағы қазақ поэзиясында үлкен сілкініс болды. Артынша Т.Молдағалиевтің, Қ.Мырзалиевтің топтама өлеңдері жарияланып, сусап тұрған егінге су жіберілгендей айтулы оқиға болып жалғасын тапты. Көп өтпей басқа да ақындармен таныстық. Сөйтіп, банктің есеп-қисабымен жағаластырып, шамамыз жеткенше жазып жүрдік. Тағы бір қызық жай, сол тұста мен жасап жатқан Құлжа қаласына жан-жақтан келіп, біраз жас ақындар жиналып қалды. Жүре келе таныстық, Серік Дәуіт, Ыдырыс Әділхан, Сәулет Тоқтыбай, Еркін Нұрбай, Тұрсынжан Пәзілханұлы деген жігіттер қатарынан оза шауып, төске өрледі. Кейін ортамызға Керім, бүгінгі белгілі ақын Құл-Керім Елемес пен Дәулетбек Байтұрсынұлы келіп қосылып, қатарымыз қалыңдай түсті.
Алайда мен сол кезде өзімді үйірінен адасып қалған жабағы тайдай сезінетінмін. Өйткені орта бөлек қой. Жұмыс ырғағы бөтен. Күндіз жаның сүймейтін «қара жұмыспен» айналысып кеп, тек кеш батқан соң ғана ақ қағазға төнуге тура келеді. Шаршаңқы адамда қайдағы шабыт, көш соңында қалған көтерем өгіздей елестетіп жүрдім өзімді көз алдыма. Сөйтіп, екі ортада теңселіп жүріп арада он неше жыл өткен, Бір күні енді бір жағына шықпасам үлкен өкінішке душар болатынымды біліп, шұғыл шешіммен жұмысымды тастап, елге қарай тартып отырдым. Отыздан асқан жасыма қарамай, он екі жылымды берген соншама көп уақытта үзіп-жұлып жазған екі прозалық кітабымды ғана арқалап келдім.
– Өткен ғасырдың соңында Қытайдан атажұртыңызға оралдыңыз. Соған дейін қазақ елінде жасалған әдебиетпен толық таныс па едіңіз?
– Менің әкем әдебиетке өте жақын адам еді, жас кезінде ептеп жазыпты да. Кейін ауылдағы түрлі қызметке жегіліп, тастап кетіпті. Бірақ жанынан, жүрегінен тастамапты. Көңіл түпкірінде сақтапты. Үйде үнемі бала кезінде оқыған жазушылары туралы айтып отыратын. Абай, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин деген есімдерді мен алғаш сол әкемнің аузынан естіп, құлағыма құйып өстім. Бауыржан Момышұлы секілді әдебиетке қатысы жоқ саналатын өзге де қаншама атақты адамдарды білдім. Сөйтсем, Бәукең үлкен жазушы екен.
Мен орта мектепті бітіретін жылдары әлгінде атаған жазушылардың кітаптары баспадан бірінен соң бірі шығып, кітап дүкендеріне түсе бастады. «Қазақ солдаты», «Ботагөз», «Қарағанды», «Сын мен шығарма», біраз жылдан кейін «Абай өлеңдері», «Абай жолының» төрт томын таласа-тармаса оқыдық. Содан былай оқимын деген кісіге кітап тіпті де көбейе түсті.
Сонымен қатар бұл кезде Қытайдағы саяси ахуалдың жақсаруына ілесіп, баспасөз де қарыштап дами бастаған еді. Үш аймақтан үш әдеби журнал ашылып, өлке орталығы Үрімжіден бұрын шығып тұрған «Шұғыла» журналының жұмысы қайта жанданып, оқырмандармен жаңа бейнеде қауышты. Жергілікті қазақ жазушыларының шығармалары да жаңа деңгейге көтеріліп, сапасы арта түсті. Ендігі назар әлемге аударылып, соның нақты көрінісі ретінде «Көкжиек» деген, шетел әдебиетіне арналған жаңа журнал жарық көрді. Айта кетуіміз керек, ол басылымға бас редактор болып Әзімхан Тішәнұлы ағамыздың келуі «іздегенге сұраған» дегендей керемет жағдай болды. Ағамыз өте сауатты, терең білімді, қытайшаның да жілігін шағып, майын ішкен ғалым адам болатын. Таңдаулы дүниелерді теріп жүріп толассыз бере бастады. Қытайдағы қазақ әдебиетінің өркендеуіне бұл журнал өлшеусіз үлес қосты десек, еш қателеспейміз.
«Көкжиек» арқылы біз шетел әдебиетімен толық болмаса да, өте жақсы деңгейде танысып отырдық. Бағыт-бағдарын бағамдадық, аужайын біліп, шама-шарқын шамаладық. Сонда көкейге түйген нәрселер осы күндері де көп септігін тигізіп келеді.
Қытай әдебиеті деген де бір күрделі әдебиет. Саяси жүйеден, билік тарапынан көп қақпай, тепіреш көрген әдебиет. Біз есейген жылдары қатты ізденіс жасап, көшін түзеп алды. Шетел әдебиетінен үлгі ала жүріп, өз бағыт-бағдарын айқындады. Соның нақты нәтижесі – қазіргі әлемге әйгілі Мо Ян. Әдебиетке арналған Нобель сыйлығын алып, жер жүзін жалт қаратты. Реті келсе, ол туралы әлі де айтамыз.
Менің білуімше, ұлттық негіз деген қашанда маңызды. Сөз өнері үшін тіпті де солай. Аса берік болып қалыптасқан дәстүрлі қазақ әдебиеті, дәстүрлі қазақ прозасы барша қазақ руханиятының нәр алып тұрар тұнық бастауы. Сол тұмадан армансыз қанып ішкенімізді қай уақытта да мақтан етеміз.
– Жазушылық жолыңызда әлем әдебиетінен болсын, қазақ әдебиетінен болсын – шығармашылығы сізге үлгі болған, сөз өнерінде өз жолыңызды табуға әсер еткен қандай қаламгерлер болды?
– Әлі қалыптасып үлгермеген жас жазушы өсу барысында талай қызық, күрделі жолдардан өтеді. Бұл қиын соқпақта түрлі бұралаңға тап болып, қапияда адасып кетуі де ықтимал. Мұның мысалын әдебиет тарихынан көптеп келтіруге болады. Құдды сол секілді, біздің де соқтықпалы соқпақсыз жермен жүреміз деп кедір-бұдырға тап болып, іркілген, кідірген кезіміз болды. Мұның көбі, сірә, адамның жасына байланысты болуы мүмкін. Қаламы қатпаған жастау кезімізде біраз қаламгердің әсер-ықпалына ұшырадық қой. Оралхан болғымыз келді бойымыздағы жастық жалынын сөндіре алмай. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларымен танысқан соң, Шыңғыс болғымыз келді адамзатқа жаңа идеялар ұсынып. Шетелден Хэмингуэй баурады қаһарман кейіпкерлерінің ерен ерлігі елітіп. Сәл есейіп, ес кірген шақта оқыған Ә.Нұрпейісовтың «Қан мен теріндегі» аса қанық берілетін ұлттық бояумен бет келген соң барып дүниеде балық сасыған қара қазақтан артық ештеңенің жоқ екенін біліп, шорт бұрылып «ауылға» қайттық. Қазір сол қанша түрткілесең де оянбай, жер түбінде қалып қойған қараша «ауылдың» маңында жүрміз. Түсінген адамға жеті атасынан бермен өзгермей, әуелгі қалпында жасап келе жатқан «нағыз қазақ» деген сонда екен. Ал оның жан дүние деген ұлы «қазынасын» қазу үшін, әлемге паш ету үшін түрлі амал-айлалар қолданған Әбіш Кекілбев шығармашылығымен танысқан соң, тіпті, басқа жаққа қарағым келмей қалды. Әбекеңнің туындылары жаныма тым жақын. Соған қоса Ә.Нұрпейісовты, М.Мағауинді, А.Сейдімбекті атауға болады. Асқар Сүлейменов те керемет. Көп қой, қазірше есіме түсіп отырғандары осы. Жалпы, маған психологиялық проза көбірек ұнайды.
– Көптеген прозалық кітабыңыз шықты. Бір қызығы, үлкендерге және балаларға арнап бірдей қалам тербейсіз. Бұл сіздей жазушылық бағыты айқын қаламгерге қиын тимей ме? Қалай дегенде де ересектерге арнап жазу бір бөлек те, балаларға арнап жазу бір бөлек емес пе?
– Рас айтасыз, екеуі екі бөлек дүние. Дегенмен ертеден машығы бар адамға жазып кету аса қиын емес. Әрине, классика тудырудың жөні бөлек.
Мен жас кезімде, арасында әңгіме, балладасы бар, балаларға арнап біраз шығарма жазған болатынмын. Елге келген соң досым Құл-Керім Елеместің айтуымен «Балдырған» журналы мен «Ұлан» газетіне бірнеше әңгімемді жарияладым. Ол кейін, сәті түсіп, Құл-Керім досымның себепкерлігімен «Балдырғанға» жұмысқа тұруыма үлкен негіз болды. Ары қарай балаларға тұрақты түрде жазып кеттім. Ардақты ағамыз Тұманбай жазбауыңа қоймайтын еді. Қатаң қадағалайтын. Соның арқасында бұл күнде «Балдырған» журналының прозалық материалдарын қарайтын білдей редактар, өзіңіз айтпақшы, балаларға арналған үш кітаптың авторымыз. Алда да қарап жатпаспыз деген ойдамын.
– Аудармамен де тұрақты айналысып келесіз. Сіз аударған шығармалардың арасында Нобель сыйлығын алған жазушылар да бар. Олардың шығармаларын жас қаламгерлердің немесе қазақтілді оқырмандар талғамын өсіруге пайдасы тисін деп аударасыз ба, әлде әлемге танылған әдебиет майталмандарының өзіңізге ұнаған туындыларын қазақша сөйлетуді мақсат етесіз бе?
– Көңілімнің пернесін басқан осы сұрағыңызға берер жауабымды менің шығармашылығымның әр қырына жіті назар салып жүрген ыждағаттылыңыңызға рақмет айтудан бастасам деймін. Аударма жасайтыным рас, бірақ өзімді аудармашымын деп айта алмаймын. Өйткені салынып аударма жасаған және аударманың қыр-сырын терең зерттеген адам емеспін. Тек керек болған кезде ғана өтініштерді орындау үшін белсене араластым. Телтума дүниелерім тым жаман шықпаған болу керек, әлі күнге ешкім сын-ескертпе жасап көрмепті. Ал тәржіма жасаудағы мақсатқа келсек, әрине, арасында жастар да бар, көптің игілігіне жараса екен деген ниетте болдық. О баста, елге келудің алдында, бір кәдеге жарап қалар деп, ағылшын тілін үйреніп жүрген кезде, «жығылсаң нардан жығыл» дегендей әліме қарамай ылғи биік дүниелермен арпалыстым. Сондағы қолыма тигендердің көбі атақты адамдардың түрлі жиналыстарда сөйлеген сөздері болды. Жай ғана оқып, сыдыртып шықсам, әсері анау айтқандай болмас еді, ал сөзбе сөз теріп шұқшиып аударып шықсаң, жадыңда тас болып қалары сөзсіз. Сол оймен біраз нәрсені аударып тастадым. Сұраныспен емес, өз қалауыммен. Сөйте-сөйте біраз қолжазба жиналып қалыпты. Бірсыпырасы мерзімді баспасөзде жарияланды, қалғанын кейін жазушы Мәлік Отарбаевтың қузауымен жинақтап, үстінен қайта қарап, сол бауырымның демеушілігімен «Жөргем» атты кітап болып жарыққа шығардық.
Ал сол тұста басталып, жұмыссыз жүрген, қол бос кезде аяқтаған атақты ағылшын жазушысы Жейн Остиннің «Тәкаппарлық пен түсінбестік» романын журнал беттерінде болмаса, әлі кітап етіп жарыққа шығарған жоқпын. Көп уақы-тымды сарп етіп, көз майымды тауысқан дүние еді, қаламақымен шығаруға мүм-кіндік туа ма деп мұрсат күтіп жүрмін.
Әлемге әйгілі қытай жазушысы Мо Янның тырнақалды романы «Қызыл гаулияңды» осында бір баспаның ұсынысымен тәржімалап бердім. Басылып шықты. Электрон нұсқасы «Әдебиет порталы» сайтында тұр. Оқимын деген адамға толығымен қолжетімді.
– Сіз тек шығарма жазумен ғана емес, әдеби туындыларды талқылауда да жиі бой көрсетесіз. Мәселен, бұрын «Кітапхана», кейін «Үркер» деген атпен беріліп жүрген, әдеби шығармаларды талдауға арналған бағдарламаға қатысып, көптеген белгілі ақын-жазушының шығармашылығы туралы салмақты ойлар айтып жүрсіз, яғни, сыншылық қабілетіңіз де көпке белгілі. Айтыңызшы, бізде қазір сын қай деңгейде? Шығарманың жетістігі көп айтылып, кемшілігіне келгенде сылап-сипап кетуге әдеттеніп кеткен жоқпыз ба?
– Иә. «Кітапхана» мен «Үркерде» біраз кітапты талқылауға қатыстым. Барлығы сүйіп оқыған, жаныма жағатын шығармалар. Ә Нұрпейісовтың «Соңғы парызы», Тұрсынжан Шапайдың «Қазақтың жаны» кітабы, шетел әдебиетінен И.Буниннің «Арсеневтің өмірі» романы және А.Камюдің «Оба» романы қатарлы кітаптар... Оқығанымды біліп, жүргізуші Жүсіпбек Қорғасбек ағамыз өзі шақырды.
Ал сынға келсек, сын жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Дегенмен санының аз екенінде, сапасының бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда төмен жатқанында күмән жоқ. Баяғы З.Серікқалиев те, С.Әшімбаев та кездесетін арнайы тоқталулар, терең талдаулар бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан. Жетпей жатқандықтан болу керек, жұмысқа кейде жоғары оқу орындарындағы, институттардағы ғылыммен айналысып жүрген әдебиеттанушылар тартылады. Бірақ олардікі тек әншейін қара көбейту, шаңға шаң қосу үшін ғана әрекетке барғандай қызық әсер қалдырады адамға. Көбінде газеттердің кезекті бет толтыру үшін жүргізетін сауалнамасына жауап беру, асса белгілі бір мәселе төңірегінде көтерілген сұрақ-жауап негізінде сөйлескен сұхбат түрінде көрініс табады. Өздерінше әдебиетте қалыптасып отырған қазіргі жағдай туралы ойлар айтқан болады, бірақ ол күрделі түйіндер сұхбатпен, болмаса ұсақ-түйек мақаламен шешіле салмайды ғой, мәселеге кешенді түрде қарау керек. Ал олар оған бармайды. Шаруаға жүрдім-бардым және ақыл айту тұрғысында ғана араласады. Келтірген мысалдарын айтсақ, тіпті қызық, кезінде бір сәті түскенде оқып алған, не бірге жұмыс істеген, сонда есінде қалған авторлар есімінің ұзын тізбегі бар, ол кісілер бүгінде әдеби үдерісте бар ма, жоқ па – онда жұмысы жоқ, қайталап келтіреді де жатады, келтіреді де жатады. Жеке-дара кесек шығармаларды көлденең тартып, тереңдей талдап, әдебиеттің алға жылжуына септігі тиетін сүбелі пікір ұсынып жатқан ешбірі жоқ. Сөйтіп жүріп кейде ақты қара деп суды лайлап кетіп жүргендері де жетеді. Бірақ әдебиеттен танымы таяз сұрақ қоюшы журналистерге барлығы жарап жатыр, алады да көпке іркіліссіз ұсына береді.
Сосын қайтеді? Қалың додаға жазушылардың өзі араласады қиқулап. Көсілте жазады. Қаламды біліп тұрып сілтесе тағы жақсы, елдің бәрі үлкен ойлар айтып, кесек пайымдар ұсынатын Кекілбайдың Әбіші емес, екі ауыз көтерме сөз айтайын дейді де, мерейлі жас тұсында жазылған мақала болуы да мүмкін, аттың басын еркін жібереді. Содан барып жаңа сіз айтқан мадақ, мақтаулар көбейеді. Сын, ескертпелер азаяды. Ол әдебиеттің мерейін өсіргеннен гөрі, оқырмандардың онсыз да күпті көңілін айнытып, жерітіп тынады. Қалаңыз, қаламаңыз, біздің бүгінгі жағдайымыз осы. Дегенмен шын ниетпен кірісіп, дұрыс сараптап жазылған жақсы мақалалар да кездесіп қалады арасында анда-санда. Соны қанағат тұтып, көңілдің жыртығын сонымен септеп, ары қарай да өмір сүріп жатқан жай бар...
Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда өзіңе-өзің мықты болмасаң, өзіңе-өзің сарапшы, сыншы болмасаң, күнің қараң.
– Әдеби ортада жүрген қаламгерсіз. Үлкендермен де, жастармен де бірдей араласасыз. Демек, бүгінгі әдебиеттің тыныс-тіршілігінен толық хабардарсыз. Қазіргі қазақ әдебиетінің жетістігі мен олқылығы жөнінде не айтар едіңіз: бізде қандай бағыттарда ілгерілеушілік бар, не жетіспей жатыр?
– Қиын сұрақ екен. Бірақ ортаға түскен екен, ауырдың астына түсіп, жалтарып кету де жарамас. Шамам келгенше жауап беріп көрейін.
Қателесетін болуым да мүмкін, мазмұндық жақтан алғанда мен үшін әдебиет әлі де ұлттың жоқшысы, ұлттың тәрбиешісі, оның рухани өсуінің бірден-бір кепілі. Отаршылдықтың озбырлығын көп көрген, езгінің терең зардабынан еркін арылып, есін әлі толық жия алмай жатқан біздей ұлт үшін бұл тым ұзаққа дейін солай болып қалады да. Мен жаңалыққа қарсы емеспін. Жасырмай-ақ қояйын, өзімді жаңашыл қаламгерлердің бірімін деп есептеймін.
Туған сөз өнеріміздің аужайына осы тұрғыдан бір назар тастасақ, жаңалыққа деген ұмтылыс басым қазір. Бірақ ұзақ дайындықсыз жасалған жаңалық – жаңалық болып жарытпайды. Форма өзгешелігі деңгейінде ғана қалады. Әрине, тұтас шығармашылықтағы форманың рөлін жоққа шығаруға болмайды. Ол барлық нәрсенің сыртта көрініс беретін – көз жауын алатын қабығы. Дегенмен өзгеріс тереңдеп барып мазмұнға жетпей, ештеңенің шекесі қызбайды. Шын мәніндегі өзгеріс қашанда мазмұннан басталуға тиіс. Содан барып ол өзіне керекті форманы тудырады. Тұтас мақсат өз орайымен орындалды деген сол. Қазіргі жаңашылдарда осы жағы кем соғып жатыр. Әлі де оқиға қуу, ертегі құрастыру басым. Мені алаңдататыны, осыған паралель тағы бір тенденция жүріп жатыр. Бұл көмескі құбылысты әдебиеттегі ұлтсыздану деп атауға болатын шығар, аты ғана қазақ, басқа белгілерден дым қалмаған қалың жат бейтаныс кейіпкерлер өріп кетіп барады санасы толық қалыптаспаған өрімдей жас қазақ оқырмандарына қарай. Арғы жағының не болатынын білмеймін. Бұл – жаңалық та, жақсылық та емес.
Әрине, бүгінде әдебиеттің адам сана-сына жасайтын ықпалын артық бағалауға болмайды. Бұрынғыдай тым сұрапыл емес. Әуселесі баяғыда басылған, өлі мен тірінің арасындағы шалажансар халде. Ал онда неге алаңдайсыз деген сұрақ туады ғой?
Менің көңіліме қорқыныш ұялататыны – аса ұзаққа созылған отаршылдықтың езгісінен кейін әрең жеткен тәуелсіздік тұсында өзін табу түгіл, жоғалтқанын іздеуге құлықты емес мәңгүрт елдің одан ары соры қайнаған мәңгүрт ұрпағы өсіп жетіліп, ұлттың рухани ісіне араласа бастады ма деген қауіп. Бетін ары қылсын, соның кейбір белгілері әзірдің өзінде қылаң бере бастады. Олар үшін өз халқына қатысы жоқ, ойдан құраған түкке тұрғысыз оқиғалар бас тарта алмастай қызық екен. Ал бабадан қалған ұшан-теңіз көркем тіл – мол байлық артық көңіл бөлуге тұрмайтын арзымас нәрсе. Өз қажетіне жарайтын біраз сөз біледі, болды, сонымен-ақ жаза береді. Абзац сайын тұрыпты, бір ұзақ сөйлемнің ішінде неше қайталанып жатқан сөздер еш айып емес. Өз эстетикамыз бар дейді, болды, ары қарайғы сөзің зая.
Өткендегі ұлылар жасап кеткен ұлттық үлгі, қайталанбас ғажап нұсқалар олар үшін көк тиын, алған бағытымен ілгері тарта береді. Оларды кейде өзін жаңашыл етіп көрсеткісі келетін бірен-саран үлкендер қолдайды, туын көтеріп, солардың жағына шығады. Осыдан соң тоқтатып көр, барған сайын қарқын алып бара жатқан ұлы тасқынды. Іштен тынасың да, қою шаңдарына көміліп, қала бересің артында. Күн өте келе үйірін түбі табар деген жалғыз үміт қана серігің болып жаныңда қалады.
Абай атам айтқандай, жасы ұлғайған кісі қайғыға қамала беретін болу керек, қазіргі кезде біз байқаған жайлар осылар, көңілсіздеу жайттар. Дәтке қуат етерлігі, Құдайға шүкір, ұлттық бағытта жазып жүрген жас қаламгерлер де кездесіп қалады араларында. Соларды жұбаныш етіп, жүріп жатқан жай бар.
– Мағыналы әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ