Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қауіпсіз емес тағамдардың салдарынан жыл сайын әлемде 860 миллионнан астам адам ауырып, 1,5 миллион адам қайтыс болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұйымның Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күні қарсаңында жариялаған есебінде ластанған немесе дұрыс сақталмаған тағамдардың адам денсаулығына орасан зиян келтіріп отырғаны айтылған.
ДДСҰ бас директоры азық-түлік қауіпсіздігі әр отбасы мен әр адамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
Ұйым дерегіне сәйкес, 2021 жылы тағамнан тарайтын аурулар салдарынан әлем экономикасы шамамен 310 миллиард доллар шығынға ұшыраған. Мамандардың пікірінше, бұл жағдайдың көп бөлігін таза суға қолжетімділікті арттыру, санитарияны жақсарту, тағамды дұрыс өңдеу және пастеризация секілді қауіпсіздік шаралары арқылы болдырмауға болады.
ДДСҰ климаттың өзгеруі де азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырғанын ескертті. Ауа температурасының көтерілуі, құрғақшылық пен нөсер сияқты экстремалды құбылыстар тағам арқылы тарайтын инфекциялардың көбеюіне әсер етеді.
Ең осал топ – бес жасқа дейінгі балалар. Олар ересектерге қарағанда үш есе көп қауіпке тап болады. 2021 жылы сапасыз тағамнан болған аурулардың шамамен үштен бірі балаларға тиесілі болған, ал 143 мың бала көз жұмған.
Сарапшылар әсіресе Африка мен Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарында жағдай күрделі екенін айтады. Бұл өңірлерде тағамнан тарайтын аурулардың шамамен 75%-ы тіркелген.
Еуропада жиі кездесетін тағамдық инфекцияларға сальмонеллез, листериоз және шикі ет пен пастерленбеген сүт өнімдерінен жұғатын бактериялық аурулар жатады.