Өзбекстандағы газ бекетінде жойқын жарылыс болды: Адамдар қаза тапты

/
Өзбекстандағы газ бекетінде жойқын жарылыс болды: Адамдар қаза тапты
x.com/@Zn_Portnova

Өзбекстанның Қашқадария облысында тұрмыстық газ баллондарын сұйытылған газбен толтыру бекетінде жарылыс болды. Қайғылы оқиға салдарынан алты адам қаза тауып, тағы бес адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға 8 маусым күні Қаршы ауданындағы «Чаман» махалласында болған. Жарылыс туралы хабар шұғыл қызметтерге сағат 13:50-де түскен.

Оқиға орнына бес құтқару бөлімі жіберілді. Олар шақыртудан кейін 12 минут ішінде жеткен. Өрт сағат 14:05-те оқшауланып, 14:55-те толық сөндірілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт салдарынан төрт көлік зақымданған. Олардың екеуі Cobalt маркалы автокөлік, тағы екеуі газ таситын көлік болған. Сонымен қатар жанармай сақтауға арналған екі жерасты резервуары да бүлінген.

Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген фото және видеолар тарады.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасымен премьер-министрдің орынбасары Ачилбай Раматовтың жетекшілігімен үкіметтік комиссия құрылды.

Комиссия зардап шеккендерге көмек көрсету, жарылыстың салдарын жою, оқиғаның нақты себебін анықтау және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша шаралар әзірлеумен айналысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары