Еліміз ғарыш аппараттарын шетелге экспорттамақ. Ресми мәліметке сүйенсек, одан шамамен 75 млн доллар пайда түседі. Сондай-ақ бұл ел тарихындағы ең үлкен технология экспорты болмақ. Демек, бұрын сырттан сатып алынатын технологиялар енді біртіндеп ел ішінде жасалып, толық циклді өндіріс жолға қойылып келеді. Сынақ кешені, отандық инженерлердің тәжірибесі мен халықаралық байланыс алға нық қадам басуға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағыттағы нақты жоспарлар мен мүмкіндіктер туралы «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Аманат Үмбетбаевпен сұхбаттастық.
– Жақында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі шетелге спутник экспорттайтынымыз туралы мәлімдеме жасады. Сонда, біз спутник құрастырып, оны нарыққа шығаруға дайынбыз ғой?
– Иә, өзіміз спутник шығаратын деңгейге жеттік. «Ғалам» деген еншілес компаниямыз бар. Бұл – негізі кезінде еуропалық Arbus France Space-пен бірігіп құрылған компания. Негізгі жұмысы сол – спутник жасау.
Қазір аспанда өзіміздің екі спутнигіміз ұшып жүр. Олар 2014 жылы ұшырылған болатын. Енді соларды алмастыратын уақыт келді. 2014 жылы біз оларды сатып алған болсақ, қазір соларды алмастыратын спутниктерді өзіміз жасауға толық мүмкіндік алып отырмыз.
2023 жылдан бастап бізде спутниктерді сынақтан өткізу, тестілеу орталығы толық сертификаттаудан өтті. Содан бері мемлекет қосымша үш жерсерікке тапсырыс берді. Қазір «Ғалам» компаниясы сол жерсеріктердің дизайнын әзірлеп, жобалап, басқа да жұмыстарын істеп жатыр. Биылдан бастап олар сынақ орталығында тексерістен өтеді. Бұйырса, келесі жылдың аяғында ұшыруды жоспарлап отырмыз.
– Спутник шығаруда нақты қай сегментті көздеп отырсыздар? Бұл қандай мақсатта қолданылатын ғарыш аппараттары?
– Бұл спутниктер негізінен Жерді қашықтан зондтау үшін қолданылады, түсінікті болуы үшін суретке түсіруге қажет десек болады. Ұшырылғалы жатқан үш спутник – дәлдігі орташа аппарат. Олар көбінесе ауыл шаруашылығында пайдаланылады. Нақтырақ айтқанда, дән себуден бастап, егін ору науқанына дейінгі аралықта ел аумағына тұрақты түрде мониторинг жасалып отырады. Сол мониторинг үшін бізге күнделікті суреттер қажет.
Қазір бізде дәлдігі жоғары бір ғана спутник бар. Одан бөлек, дәлдігі орташа тағы бір спутник бар. Бірақ олардың мүмкіндігі біздің бүкіл аумақты күн сайын түсіруге жетпейді. Сонымен қатар KazEOSat-2 спутнигінің жарамдылық мерзімі де аяқталуға жақын. Ол келесі жылы немесе ары кетсе бір жылдан кейін жұмысын толық тоқтатады. Орнын жаңа KazEOSat-MR аппараты басады. KazEOSat-1 спутнигін алмастыру мәселесі де күн тәртібінде тұр.
Сондықтан бір спутниктің орнына үш спутник ұшырмақпыз. Бұрын біз қолданыстағы жерсеріктер арқылы үш күнде бір рет қана сурет ала алсақ, енді жаңа жерсеріктермен күнделікті түсіруге мүмкіндік болады. Оларды 2026-2029 жылдары іске қосу жоспарда бар.

– Cөзіңізге қарасам, спутниктерді толықтай өз мамандарымыз жасап жатыр. Дегенмен технология жағынан қаншалықты тәуелсізбіз? Сырттан әкелген бөлшектерді құрастырамыз ба, әлде оны да өзіміз өндіреміз бе?
– Ең бастысы – дизайн өзіміздікі. Яғни, барлық құжатын жасау, шифрландыру, жалпы басқару жүйесі толықтай өзіміздікі. Бұл дегеніміз – спутник жасаудың негізгі бөлігі, шамалап айтқанда 60 пайыз жұмыс десек те болады.
Ал енді оптикасы, яғни суретке түсіретін құрылғыларды көп ел шығара бермейді. Әлем бойынша екі-үш, бәлкім төрт компания ғана шығаратын шығар. Сондықтан оны біз бәрібір сатып аламыз. Басқа да кейбір компоненттерді сырттан аламыз. Егер олар елімізде шықса, әрине өзіміздікін алар едік.
Әуелде айтып өткенімдей, біз спутниктерді өзіміздің дизайн аясында құрастырамыз. Қажет компоненттерді сатып алып, жинақтап, сынақтан өткізіп шығарамыз. Негізі, дүниежүзіндегі барлық спутник жасаушылар да дәл осылай жұмыс істейді, яғни компоненттерді сатып алады.
Бірақ бұл компоненттің бәрін сырттан аламыз деген сөз емес: бізде де өзіміздің инженерлер жасаған бірнеше технологиялық компонент бар. Олардың ұшу тарихы да бар. Мысалы, 2018 жылы біздің инженерлер дайындаған бір спутник ғарышқа ұшырылған. Ол бастапқыда бір жыл жұмыс істейді деп жоспарланған еді, бірақ қазір сегіз жыл болды, әлі жұмыс істеп тұр. Ол KazSTSAT деп аталады. Оны «Ғалам» мен «Қазақстан Ғарыш Сапарының» инженерлері бірігіп жасаған. Сол кезде біздің сынақ орталығымыз толық дайын болмағандықтан жинақтау мен тестілеуді басқа мемлекетте өткізген едік. Ал қазір жағдай өзгерді, 100 пайыз өз елімізде құрастырамыз.
Жалпы, Астанадағы ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізу кешені – Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан. Мұнда ғарыш аппаратын толық цикл бойынша тексеруге болады. Яғни, дайын болған спутникті ұшыруға дейінгі барлық сынақтар бір жерде өтеді. Мұндай мүмкіндік әлемде санаулы елдерде ғана бар, әсіресе 6 тоннаға дейінгі аппараттармен жұмыс істей алатын орталықтар көп емес.
Кешеннің қуаты да айтарлықтай зор: бір мезетте бірнеше орта салмақ-тағы немесе бірнеше ірі спутникті қатар сынақтан өткізуге болады. Бұл жерде бірнеше арнайы сынақ алаңы жұмыс істейді. Жалпы, өндірістегі жергілікті үлес те біртіндеп өсіп келеді, қазір шамамен 30 пайыз деңгейінде. Сонымен бірге орталықтың құзыреті халықаралық деңгейде расталып, Airbus Defence & Space тарапынан сертификат алған.

– 75 млн долларға спутник экспорттаймыз деп нақты сомасы да айтылды, бұл нақты келісімдер бар деген сөз бе, әлде әзірге жоспар ғана ма?
– Бұл ақпаратта негізі жалпы бағасы айтылған. Қазір сол қаражатқа жетеқабыл болатын сомаға қол қойылған шарттарымыз бар.
– Ішкі нарықты да қамтисыздар, экспортқа да шығарасыздар.
– Иә, дұрыс түсіндіңіз. Қазір бізде инженерлік құрам да, жоба-жоспарларды жүзеге асыратын инфрақұрылым да бар. Сондықтан мемлекет 3 спутникке тапсырыс беріп отыр, бірақ біз онымен тоқтап қалмаймыз.
Топтаманы ұлғайту үшін экспорттық бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. 2024 жылы бір келісімге қол қойдық, 2025 жылы тағы екі мемлекетпен келісім жасадық. Осы 3 экспорттық шарттың аясында бір аппарат бойынша нақты жұмыс басталып кетті.
– Сонда сұраныс бар ғой?
– Жалпы, сұраныс бар. Біз тек ішкі нарықпен шектелмей, осы орталық арқылы әлемдегі спутник өндірушілердің қатарына қосылуды көздейміз. Қазір соған қарай нақты қадам жасай бастадық. Үш мемлекеттің біздің өнімдерімізге тапсырыс беруі – соның дәлелі.

– Біздің өнім шетелдік аналогтармен салыстырғанда қаншалықты тартымды болады? Қателеспесем, бұл салада да бәсеке жоғары...
– Иә, мұндай сұрақ туындайтыны анық. «Сапасы қандай болар дейсің?» деп күмәнданатындар да табылады. Нарықта бәсекелестік бар, әрине. Бірақ әр нарыққа шыққан компанияның өз ерекшелігі болады.
Айтпағым, иә, мұндай спутниктерді басқалар да жасай алады. Біреуі арзандау бағаға ұсынуы мүмкін, біреуі қымбатырақ. Мәселен, біздің басты айырмашылығымыздың бірі – біз тек спутник жасап берумен шектелмейміз. Тапсырыс беруші елге толық пакет ұсынамыз: технология трансфері бар, мамандарын оқытамыз, тренингтер өткіземіз. Яғни, оларды осы саланы өздері дамыта алатын деңгейге жеткізуге тырысамыз. Бізді таңдауының себебі де осы болуы мүмкін. Жалпы, әр келіссөздің өз жүрісі бар, әр компания өз тәсілімен жұмыс істейді. Соған қарай шешім қабылданады.
Бұл жерде әр компанияның өз ерекшелігі болады, былайша айтқанда, өз «фишкасы» бар. Оның бәрін ашып айтқан жөн болмас, бірақ бізде де технологиялық тұрғыдан ұсынатын өз артықшылығымыз бар екенін айтып өткім келеді.
– Егер құпия болмаса бір спутникті шығаруға қанша қаражат кетеді?
– Бұл әр спутниктің техникалық сипаттамасына байланысты. Мысалы, оптикалық спутниктер бар, олардың ішінде де дәлдігіне қарай бөлінеді. Радарлық спутниктер бар, ол – мүлде басқа технология. Соған қарай бағасы да өзгереді. Одан бөлек, қызмет көрсетуі, ресурстары, басқа да шығындары бар.
Нақты бір соманы айту қиын. Біріншіден, бізде әріптестермен жасалған келісімдер бар, соларға байланысты барлық егжей-тегжейін ашуға құқығымыз жоқ. Бұл жағынан бізде талап қатты.
Екіншіден, бүгін мен бір бағаны айтсам, ертең басқа елдер «сол бағаға сат» деуі мүмкін. Бірақ олардың талаптары, техникалық сипаттамасы басқа болады. Мен айтқан бағаға сәйкес келмей қалуы мүмкін, сәйкесінше, оны сол сомаға жасау мүмкін болмайды.
Сондықтан әр жоба жеке қаралады. Бағасы да соған қарай болады. Осы себепті нақты бір соманы айтпай-ақ қойғаным жөн болады деп ойлаймын.

– Жоба мемлекетке нақты қандай пайда әкеледі деп ойлайсыз?
– Иә, жалпы алғанда, әрине, пайда әкеледі. Біріншіден, Қазақстан тарихында жоғары технологиялы өнім шығарып, оны экспортқа шығару – сирек нәрсе. Бұрын болды ма, болмады ма, нақты айта алмаймын, бірақ бұл – маңызды қадам. Ғарыш техникасын әзірлейтін конструкторлық бюро тек спутник саласымен шектелмейді. Онда жасалған кейбір компоненттер машина жасау, авиация, қорғаныс саласы, тіпті медицинаға дейін қолданылады. Яғни бұл ғарышқа арналған өндіріс қана емес, одан да ауқымды технологиялық база. Аэроғарыш комитеті де бұл өндірістің тоқтап қалмауы үшін түрлі жобаларды іске асырып отыр. Оның ішінде ұлттық та, халықаралық та жобалар бар.
Әрине, бұл мұнай саласы сияқты бірден үлкен табыс әкелетін бағыт емес. Бірақ жоғары технология экспортында бұл жақсы жетістік деп ойлаймын. Қазір бізде ІТ саласында да жақсы нәтижелер бар ғой, сол сияқты ғарыш саласында да алға жылжу бар деп сеніммен айта аламын.
– Басқа қандай жобалар мен бастамаларды қолға алып жатырсыздар? Нәтижелері қан-дай?
– Қолға алған бірнеше жоба бар. Өзім халықаралық бағытта жұмыс істегеннен кейін, негізгі мақсаттардың бірі – осы салада байланыс орнату, бір жағынан «көпір» жасау деуге болады. Өйткені біз – ғарыш саласындағы ұлттық компаниямыз. Сондықтан қазіргіден де ауқымдырақ алаңдарға шығып, келіссөздер жүргізіп, меморандумдарға қол қойып, сол арқылы басқа ұйымдарға да мүмкіндік ашқымыз келеді.
Яғни, жұмысымыз тек спутник жасаумен шектелмейді. Оның аясында ғылыми жобалар да болуы мүмкін, басқа да бағыттар бар. Мысалы, жақында Мемлекет басшысының Пәкістанға сапары кезінде біз бір меморандумға қол қойдық. Ол – екі ел арасында ғарыштық технологияларды пайдаланып экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған бірлескен зертхана құру туралы келісім. Қазір сол бағытта жұмыс жүріп жатыр. Әзірге бұл – меморандум деңгейіндегі бастама. Келесі кезең – нақты келісімге келу. Яғни әр тараптың қандай үлес қосатыны анықталады. Бұл жобаның бір ерекшелігі – зертхана Пәкістанда да, Қазақстанда да ашылады. Және ол тек біздің компаниямен шектелмейді. Оған Қазақстандағы ғарыш саласының өкілдері де, жоғары оқу орындары да қатыса алады. Сол арқылы ғылыми жобалар жасап, жаңа бастамаларды іске асыруға мүмкіндік туады.
Бұдан бөлек, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында OTS-Sat жобасы қолға алынды. Мұнда бірнеше ел бірігіп бір спутник жасауды жоспарлап отыр. Қазақстан тарапы платформасы мен пайдалы жүктемесін дайындап қойған. Өзбекстан қозғалтқыш жүйесін қарастырып отыр, Түркия жерүсті бағдарламасы мен күн панельдерін ұсынуға қатысуға дайын. Қазір тараптар қаржыландыру мен ұшыру шарттарын нақтылап жатыр.
Сонымен қатар Конго мен Нигериямен жерді қашықтан зондтау жүйесін жеткізу бойынша келісімдер жасастық. Бұл тек бір аппарат сату емес, тұтас жүйе беру, сондықтан оның экономикалық әсері де үлкен болады.
Жалпы, халықаралық байланыстардың ауқымы кеңейіп келеді. Әртүрлі келісімдер, меморандумдар жасалып жатыр. Оларға ресми түрде қол қойылып, келісім жасалғаннан кейін тоқталып отырмын. Бұдан басқа жоспарлар да бар, олар туралы нақты келісімдер жасалып, жұмыс басталған кезде тағы да хабарлап айтатын боламыз.
– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!
Сұхбаттасқан
Ділда Уәлибек