Буто қаласының орнында жүргізілген зерттеу барысында ғалымдар жер астынан ірі әрі жұмбақ құрылымды анықтады. Бұл қала Нілдің солтүстік-батысында орналасқан және б.з.д. IV мыңжылдықтан бастап ерте ислам дәуіріне дейін болған. Қазір оның орнында Телль-эль-Фараин археологиялық ескерткіші бар, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеу екі кезеңнен тұрды. Алдымен Sentinel-1 спутнигі арқылы жер астындағы аномалиялар анықталды. Кейін бұл аймақтарда электротомография әдісі қолданылып, топырақ астындағы құрылымдардың үшөлшемді моделі жасалды.
Нәтижесінде, 3-6 метр тереңдікте айқын шекарасы бар ірі нысан анықталды. Ғалымдардың болжамынша, бұл шамамен 2600 жыл бұрынғы саис дәуіріне тиесілі ғибадатхана немесе үлкен қабір болуы мүмкін.
Кейін жүргізілген шағын қазба жұмыстары бұл деректерді растады: шикі кірпіштен салынған қабырғалар мен діни заттар табылған.