Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан киносы күндерінің ресми ашылуы өтті. Биыл жоба алғаш рет ауылдан басталып отыр. Іс-шараны бастау нүктесі ретінде Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылы таңдалды. Бұл шешім ұлттық киноны әрбір көрерменге қолжетімді ету мақсатын айқындай түсті.
Ашылу аясында өңірдегі 11 IT орталықтың іске қосылуы да ұйымдастырылып, креативті индустрия мен ауылдық жерлердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту бағытына ерекше мән берілді.
Облыс әкімі атынан қатысушыларды Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев құттықтады. Ол креативті индустрияны дамыту өңір басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, мәдени және медиа бастамаларды қолдау заманауи ортаны қалыптастырумен тікелей байланысты екенін жеткізді.
Апта бойы өңір тұрғындары мемлекет қолдауымен түсірілген 10 үздік қазақстандық фильмді тамашалай алады. Бағдарлама заманауи отандық киноның жан-жақтылығын көрсетеді. Былтыр жоба аясында республика бойынша шамамен 2 миллион көрермен фильмдерді тамашаласа, оның 55 мыңы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болған.
Кино күндері аясында «Капитан Байтасов» фильмі көрсетілді. Туынды шынайы оқиғаларға негізделіп, Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған. Көрсетілімге Ішкі әскер ардагерлері, қоғам қайраткерлері және «Ел тірегі» әскери-патриоттық клубының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ аудандық Digital Zerde креативті IT орталығы жанынан Цифрлық музей ашылды. Интерактивті кеңістікте келушілер заманауи технологиялар арқылы аудан тарихымен танысып, туған өлке туралы өз цифрлық контентін жасау мүмкіндігіне ие болады.
Жобаны іске асыру Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылуда. Онда цифрландыру, креативті индустрияны дамыту және мәдени бірегейлікті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылған.
Өңірдегі IT орталықтар да жастар үшін жаңа мүмкіндіктер алаңына айналып отыр. Олар бағдарламалау, цифрлық технологиялар мен креативті индустрия бағыттары бойынша білім-білігін шыңдап, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.