Мансаптан, жарыстан, бәсекеден бас тартқандар өмірдің мәнін жоғалтады – зерттеу

/
Мансаптан, жарыстан, бәсекеден бас тартқандар өмірдің мәнін жоғалтады – зерттеу
сурет: psypost.org

Мансаптан, жарыстан, бәсекеден саналы түрде бас тартып, «артық мақсат қумаймын» деген ұстаным ұзақ мерзімде өмірге қанағатты төмендетуі мүмкін. Қытайда жүргізілген зерттеу осыны көрсетіп отыр. Ғылыми мақала Behavioral Sciences журналында жарияланған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуде кейінгі жылдары кең тараған «tang ping» – «түк істемей жату» құбылысы қарастырылған. Бұл – қоғам талап еткен «көбірек жұмыс істе, көбірек табыс тап, тезірек жетістікке жет» деген қысымға қарсы ішкі қарсылық. Мұндай ұстанымдағы жастар мансаптық өсуге, қымбат мүлікке немесе әлеуметтік мәртебеге ұмтылмай, тек ең төменгі қажеттілігін өтеумен шектеледі.

Құбылыс Қытайдағы ұзақ жұмыс уақытына, қымбат баспанаға, әлеуметтік теңсіздікке байланысты пайда болған. Әсіресе «996» деп аталатын таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, аптасына 6 күн жұмыс істеу мәдениеті жастардың қажуына себеп болған. Көпшілігі мұны күйзелістен қорғанудың жолы ретінде қабылдайды.

Зерттеу екі кезеңнен тұрған. Алғашқысына Бейжіңдегі университеттердің 960 студенті қатысқан. Нәтижесінде «жатып қалу» көзқарасын қолдайтындардың өмірге қанағат деңгейі айтарлықтай төмен екені анықталған. Бұл айырмашылық жыныс, жас, оқу орны және әлеуметтік жағдай ескерілгеннің өзінде сақталған.

Екінші кезеңде 109 студент бір ай аралықпен қайта сауалнама толтырған. Бастапқыда «түк істемей жатуды» қолдағандардың бір айдан кейін өмірге қанағаттануы одан әрі төмендеген. Ал керісінше – өміріне разы болмау кейін бұл ұстанымды таңдауға әсер етпеген. Яғни себеп-салдар байланысы «түк істемей жату» көзқарасынан басталуы мүмкін.

Зерттеушілердің пікірінше, бұл ұстаным қысымнан уақытша дем бергенімен, ұзақ мерзімде адамның ішкі серпінін әлсіретеді. Мақсатсыздық миға да әсер етеді – күндер бір-біріне ұқсап, өмір «сұр фонға» айналуы ықтимал.

Әрине, зерттеу тек Бейжің жастары арасында жүргізілген. Басқа елдерде немесе жастағы топтарда нәтиже өзгеше болуы мүмкін. Дегенмен бір нәрсе анық: толықтай бас тарту да, шектен тыс жарыс та тепе-теңдік әкелмейді. Адамға демалыс та керек, бірақ бағыт та қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары