Осы аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға барды. Мемлекеттік сапар аясында бірқатар маңызды келіссөз жүргізіліп, екі ел арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтудың бағыты талқыланды.
Екі елді не байланыстырады?
2025 жылы Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда айналымы 105,5 млн долларға жетті. Абсолют мәнде бұл көп деуге келмейтін көрсеткіш. Бірақ динамикаға зер салсақ, сауда қатынасына бір жылда күрт «жан біткендей» әсер қалдырады: 2024 жылға қарағанда сауда-саттық көлемі шамамен екі есе өскен.
Ең қызығы – физикалық көлем азайған, тоннамен есептегенде – минус 16 пайыз, яғни 121,8 мың тонна. Ал ақшаға шаққанда керісінше 4,7 есе өсім байқалып, 56,4 млн долларға жеткен.
Экспорттың құрылымы да күрт өзгерген. Бұрын мүлде болмаған тауарлар саудалана бастады: өңделмеген ірі қара терісі, бұршақ, экскаватор, банкомат, дәнекерлеу аппараты. Алайда негізгі тауар – мұнай. 98,7 мың тонна шикі мұнай – 2024 жылы Пәкістан мүлде сатып алмаған тауар. Бір жылда нөлден негізгі экспорттық позицияға дейін жеткен өнім саудадағы бетбұрыстың ең айқын белгісі болып отыр.
Статистикадағы ең экзотикалық санат та назар аудартпай қоймайды. Пәкістанға бізден 100 тірі сәндік құс жөнелтілген. Қандай құс екені көрсетілмегенімен, мұндай құстарға тауыстан бастап бірқазанға дейінгі түрлі құстар жататыны белгілі. Мұндай тауарлар сауда статистикасында сирек кездеседі, бірақ елдер арасындағы сауда-саттық тек мұнаймен шектелмейтінін көрсетеді.
Импортта жағдай – басқаша. Пәкістаннан сатып алынған тауар көлемі күрт өсіп, 66,7 мың тоннаға жеткен. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 2,4 есе көп. Ал құны бар-жоғы 17,3 пайызға ғана өсіп, 49,1 млн доллар болған. Яғни, Қазақстан Пәкістаннан әлдеқайда көп, бірақ салыстырмалы түрде арзан тауарлар ала бастаған. Мұндағы басты тауар – 42,7 мың тонна картоп. Бір жыл бұрын импорт көлемі небәрі 318 тонна болғанын ескерсек, 134 есе өсім тіркеліп отыр. Статистика тілімен айтқанда, бұл – секіріс, ал экономикалық мағынада – ішкі нарықта теңгерім іздеудің белгісі. Сол сияқты, сары май импорты да 134 есе өсіп, символдық деңгейден нақты көлемге өткен.
Текстиль өнімдерінің импорты 41,5 пайызға өсіп, 890 тоннаға жетті. Теріден жасалған бұйымдардың импорты да 1,5 есе өскен. Бұл Пәкістанның дәстүрлі жеңіл өнеркәсіп экспорты Қазақстан нарығынан да ойып тұрып орын ала бастағанын көрсетеді.
Дегенмен барлық тауар санатында өсім байқалып отырған жоқ. Пәкістан мандариндері – 20 пайызға, күріші 21,4 пайызға азайған. Дәрі-дәрмек, сабын, сіріңке мен тамақ ауырғанын басатын мұз кәмпиттер статистикасында да қысқару байқалады. Бұл тұтыну құрылымындағы, сондай-ақ жеткізу логистикасындағы өзгерістердің белгісі болуы ықтимал.
Жалпы, екі ел арасындағы сауда әлі де шағын болғанымен, ішкі логикасы айқындала бастады. Қазақстан қымбат әрі ықшам экспортқа, ал Пәкістан арзан әрі көлемді импортқа бет бұрғаны байқалады.
Келіссөз өзегі – сауда мен инвестиция
Сапар аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Премьер-министр Шахбаз Шариф шағын құрамда келіссөз жүргізді. Жиында тараптар біз талдап өткен сауда байланысы, сондай-ақ инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың бағыттарын талқылады. Сондай-ақ қос тарап өңірлік және халықаралық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер туралы пікір алмасты. Одан соң келіссөз екі ел делегацияларының қатысуымен, кеңейтілген құрамда жалғасты.
– Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы аталған сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның символдық мәні бар екеніне назар аударды. Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойылған Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие. Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті. Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Кездесуде айтылғандай, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.
– Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді, – деді Шахбаз Шариф.
Оның айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті. Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.
Одан соң Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Ендігі меже – миллиард доллар
Келіссөздердің қорытындысы бойынша қос тарап БАҚ өкілдерінің алдында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен мазмұнды әрі нәтижелі келіссөз жүргізгеніне тоқталды.
– Ынтымақтастығымыздың түрлі бағыттарына серпін беретін маңызды үкіметаралық құжаттар қабылданды. Сауда, көлік және логистика, өнеркәсіп, энергетика, ақпараттық технологиялар, мәдени-гуманитарлық мәселелер жан-жақты талқыланды. Сауда-экономика саласындағы алыс-беріс күшейіп келеді. Біз тауар айналымын арттыру үшін нақты шара қабылдау жөнінде уағдаластық. Алдағы жылдары оның көлемін 1 миллиард долларға жеткізу мақсатын қойдық. Кәсіпкерлеріміздің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызын атап өттік. Әсіресе, алыс-берісті кеңейту мақсатында көлік-логистика саласындағы жобаларға басымдық беретін болдық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөз кезінде Пәкістан Премьер-министрі Пәкістанның транзиттік және логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанын, бұл Қазақстанның халықаралық нарықтарға шығуына балама жол бола алатынын атап өтті. Бұл тұрғыда, Пәкістанның Карачи мен Гвадар порттарының әлеуеті талқыланды. Басым міндеттердің бірі ретінде Транскаспий көлік дәлізін дамытуды, Ауғанстан арқылы өтетін транзиттік бағытты ілгерілету қарастырылған. Осы орайда Қазақстан – Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан бағытындағы темір жол бағытын іске асыру перспективасы да сөз болды. Бұдан бөлек, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын қайта қосу да күн тәртібіне шықты.
– Агроөнеркәсіп кешенінде өзара алыс-берісті арттыруға және бірлескен өндірістерді ашуға септігін тигізетін маңызды келісімдер жасалды. Екі елдің өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктері мол. Мен Пәкістан компанияларын елімізде тауарлар өндіруге бағытталған кәсіпорындар ашуға шақырдым. Қазір олар ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс материалдары өнімдерін өндіруге қызығушылық танытып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қорғаныс өнеркәсібі аясында өзара тиімді ынтымақтастық бағыттарын дамытуға келіскенін айтты.
– Кейінгі жылдары қауіпсіздік органдары және құқық қорғау құрылымдары арасындағы ықпалдастық қарқынды дамуда. Келіссөз кезінде жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің стратегиялық маңызы айтылды. Осы салада бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенімізді растадық. Пәкістан ислам қаржыландыру саласында әлемнің жетекші елдерінің бірі. Астана халықаралық қаржы орталығында еуразиялық кеңістікте халал қаржыны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Осы мүмкіндіктерді Пәкістанның қаржы институттары да тиімді пайдалана алады. Сонымен қатар инвестициялық ынтымақтастыққа назар аудардық. Бұл бағытта бүгін «Самұрық-Қазына» қоры және Fauji Foundation арасында құрылған «Бірлескен инвестициялық платформасы» нақты жобаларды зерделейтін болады. Жалпы, пәкістандық кәсіпкерлерге елімізде қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мұның барлығы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарға тың серпін беретініне сенетінін айтты.
Сондай-ақ екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды. Қазір Қазақстанда мыңнан аса пәкістандық студент түрлі мамандықта оқып жүр. Осы ретте ғылым және білім саласындағы байланысты одан әрі дамытуға қадам жасалды.
– Исламабад университеттерінде бүгін ашылған «әл-Фараби», «Сәтпаев» және «Ясауи» орталықтары екі елдің ғылым және оқу-ағарту салаларындағы ықпалдастығын нығайтатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау және спорт бағыттары бойынша да өзара байланысты нығайту маңызды екеніне мән берді.
– Бүгін біз Қазақстан-Пәкістан «Достық» спорт кешенін салтанатты түрде аштық. Аталған спорт орталығында қазақ күресі, тоғызқұмалақ сияқты қазақтың ұлттық спорт түрлері оқытылады. Сондай-ақ шахмат, бокс, аралас жекпе-жек бойынша дәрістер ұйымдастырылады. Тұрақты түрде мәдени және спорттық іс-шаралар өткізу бағдарламасын қабылдадық. Бұл қадам қос халықтың бір-бірін жақынырақ тануына септігін тигізеді деп сенемін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Премьер-министрмен бірге бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында күш жұмылдыруға ден қоя отырып, халықаралық және аймақтық мәселелерді талқылағанын айтты.
– Біз әлемнің әр түпкірінде жалғасып жатқан қақтығыстарға алаңдаймыз. Көптеген өзекті тақырып бойынша ұстанымдарымыз ұқсас. Кез келген жанжалды диалог арқылы дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысы және халықаралық құқық нормалары қатаң сақталуға және сөзсіз басымдыққа ие болуға тиіс. Қазіргі геосаяси жағдайда көпжақты ұйымдар аясында өзара қолдау көрсету және консультациялар өткізу аса маңызды. Пәкістан Қазақстанның Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын үнемі қолдап келеді. Біз бұған ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты орнату жолында нақты қадамдарды талқыладық. Осы орайда, бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына бірлесіп қатысу жөніндегі Үкіметаралық меморандумға қол қойылды. Бұл құжат халықаралық бітімгершілік қызметі бойынша әріптестігімізді одан әрі кеңейтуге жол ашады, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Қазақстан-Пәкістан бизнес форумына қатысты. Бизнес форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімдерде екі елдің қаржы, логистика, өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және инфрақұрылым салаларындағы ынтымақтастығын кеңейту көзделген.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен де келіссөз жүргізді. Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.
Мемлекет басшысы мен Пәкістан Премьер-министрінің қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
1. Тау-кен өнеркәсібі және геология ғылымы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
2. БҰҰ миссияларында бітімгерлік бөлімшесін (бөлімшелерін) бірлесіп өрістету жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
3. Экстрадициялау туралы шарт;
4. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Федералды теңіз ісі министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
5. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Сауда министрлігі арасындағы транзиттік сауда туралы келісім;
6. Кеден мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара әкімшілік көмек туралы келісім;
7. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Федералды теміржол министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
8. Карантин және өсімдіктерді қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
9. Ветеринария саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
10. Жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;
11. Денсаулық сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
12. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадиокешені» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен Associated Press of Pakistan (APP) арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;
13. Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
14. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Пәкістан Ислам Республикасы Білім және кәсіби даярлық министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
15. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Мемлекеттік банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
16. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастық саласындағы ынтымақтастық бойынша 2026-2027 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары;
17. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасы Виртуальді активтерді реттеу агенттігі арасындағы цифрлық активтер саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
18. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен Карачи порты арасындағы ақпарат алмасу және кәсіби даму саласы бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
19. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен National Logistics Corporation арасындағы логистика саласы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
Салтанатты іс-шарада Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары барысында бұдан бөлек тағы 18 құжатқа қол қойылғаны жөнінде хабарланды.
Жұмабек САРАБЕКОВ,
саясаттанушы:
Қазақстан мен Пәкістан экономикалары
бірін-бірі толықтыра алады
– Жалпы, Пәкістан Оңтүстік Азия аймағындағы ірі геосаяси ойыншы екенін ескеру керек. Қай саланы алып қарасақ та айтарлықтай көрсеткіш бар, мысалы халық саны бойынша Пәкістан әлемдегі 5-орындағы мемлекет, экономикасының ауқымы $400 млрд-тан асып түседі, қарулы күштерінің саны бойынша әлемдік үздік ондыққа кіреді. Одан бөлек Пәкістан әлі күнге дейін мұсылман мемлекеттер арасында ядролық қаруға ие жалғыз ел екені белгілі.
Сонымен қатар Пәкістанға көршілес Ауғанстандағы саяси жағдайға едәуір ықпал ете алатын негізгі акторлардың бірі екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, Ауғанстандағы, жалпы Орталық Азиядағы қауіпсіздік жағдайы бойынша мәселелерді шешу барысында Пәкістан стратегиялық маңызы бар ойыншы.
Осы факторлардың арқасында Пәкістанды толыққанды аймақтық держава ретінде қарастырғанымыз жөн, сондықтан Исламабадпен диалогты дамыту Астана үшін оңтүстік бағыттағы маңызды геосаяси векторлардың бірі деп айта аламыз.
Геосаясаттан бөлек, Қазақстан үшін Пәкістан арқылы әлемдік мұхитқа жол ашатын дәліздер өте маңызды рөл ойнайды. Атап айтқанда, осы аймақтағы Гвадар және Карачи теңіз порттары – Қазақстан, жалпы Орталық Азия үшін мұхитқа шығатын ең қысқа маршрут. Өз кезегінде, оңтүстік бағыттағы транзиттік дәліздерді дамыту арқылы, Астана өз алдында тұрған логистикалық диверсификация мәселесін шеше алады.
Тағы бір әлеуеті зор бағыт – Пәкістан біз үшін үлкен экспорттық және әлі күнге дейін толық игерілмеген нарық. Пәкістанда халық саны бүгінде 250 млн адамнан асып түседі. Ең қызығы – алдағы уақытта Пәкістанда, болжамдарға сәйкес, демографиялық өсім тек үдей береді. Бұл Қазақстан сияқты ауыл шаруашылығы мен мұнай-химия өнімдеріне дағдыланатын экономикалар үшін үлкен экспорттық мүмкіндіктерге жол ашады.
Әрине, Дели мен Исламабад арасындағы күрделі қатынастар, атап айтқанда, әлі күнге дейін шешімін таппаған Кашмир төңірегіндегі территориялық дау-дамайлар – үлкен проблема. Өткен жылы біз тіпті екі ядролық держава арасындағы қарулы қақтығыстарды да бақыладық. Ең өкініштісі – әскери кикілжіңдердің әрбір жаңа сериясы қарулы күрестің эскалациясымен қатар жүріп жатыр.
Сондықтан Астана бұл проблеманы есте ұстауға мәжбүр екені түсінікті. Бірақ қазақстандық көпвекторлы саясат аталмыш үнді-пәкістандық кикілжіңдерге ешқандай зиянын тигізбесі де анық, себебі Қазақстан екі көршіні араздастыратын қандай да бір экономикалық немесе геосаяси бастамалардан өзін алшақ ұстап келеді.
Астана барынша Пәкістан мен Қазақстанның мүдделері тоғысатын салаларда өзара пайдалы жобаларды іске қосу бағытында прагматикалық күн тәртібін ұсынып отыр. Бұл жобаларда Үндістанға қарсы бағытталған ешбір элемент жоқ, себебі қазақстандық тарап үшін Үндістанмен де геосаяси және экономикалық байланыстарды дамыту өте маңызды.
Ал енді Пәкістан мен Қытайға келсек, менің ойымша, екі мемлекет арасындағы стратегиялық диалог өте қарқынды дамып жатыр. Мысалы, қытайлық «Белдеу мен жол» мегажобасының аясында инвестициялық жобалардың біраз бөлігі осы Пәкістанға арналған. Одан бөлек, Пәкістанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болу мәселесі бойынша да Бейжің барынша белсенді саясат жүргізді.
Меніңше қазір экономиканы алдыңғы шепке шығару керек. Белгілі бір деңгейде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық қалыптасып үлгерді деп айтуға болады. Астана мен Исламабад ШЫҰ аясында да терроризм және экстремизммен күрес бойынша бірге жұмыс жүргізетіні белгілі.
Ал экономика саласын алсақ, екіжақты байланыстар әлі күнге дейін өте төмен деңгейде қалып келеді. Өткен жылдың қортындысы бойынша ортақ сауда айналымы $100 млн төңірегінде ғана (салыстырып қарасақ, Қазақстанның жалпы сыртқы сауда ауқымы $140 млрд-тан асып түседі).
Одан бөлек, инвестиция саласында да бос кеңістіктер бар. Мысалы, Қазақстан үшін пәкістандық тоқыма және жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика саласындағы технологиялық шешімдері қызығушылық туғыза алады. Сондықтан экономикалық диалогқа ден қойған жөн деп есептеймін.
Ескеретін тағы бір жайт, Қазақстан мен Пәкістан экономикалары бірін-бірі толықтыра алады: Қазақстан – шикізат пен аграрлық өнімдер экспорттаушысы, Пәкістан – халық саны көп, яғни өте кең тұтыну нарығы. Транзит пен логистиканың стратегиялық маңызы туралы жоғарыда айтып өттім.