Елордада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тұңғыш кәсіби дипломат Нәзір Төреқұлұлы ғұмырнамасына арналған мұражай ашылды. «Нәзір ғұмыр – тәлім ғұмыр» атты салтанатты жиынға орталық мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлері, нәзіртанушы ғалымдар мен тұлғаның ағайындары, елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа Нәзір Төреқұлұлының ел тарихындағы айрықша орнын, оның ағартушылық, дипломатиялық және мемлекетшілдік мұрасын кеңінен таныту, тұлғаның өнегелі өмір жолын білім беру кеңістігінде насихаттау. Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейде өткен жиын аясында қонақтар мектеп тыныс-тіршілігімен танысып, балалар салған суреттерді тамашалады. Түркістан облыстық Тарихи-мәдени-этнографиялық орталығына қарасты Нәзір Төре-құлов музейінің «Ұлт рухын кө-терген тұлға: Нәзір Төреқұлов» атты астаналықтарға арналған Көшпелі көрмесі, театрландырылған әдеби композициядан басталып, әрмен қарай музей мен кеуде мүсінінің лентасын қиюға ұласты. Бұдан ары мұражай ішінде экскурсия жалғасып, «Н.Төреқұлов – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші» атты ғылыми конференциямен айшықтала түсті.
Баяндамаларға сарапшылық пікірін білдірген мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Айта-ханов өз сөзінде: «Ол Түркістан өңіріндегі Қандөз ауылында туып, Ташкентте білім алып, Қоқанда мақта саудасымен айналысқан кәсіпкер Төреқұл отбасында 1892 жылы дүниеге келген. Нәзір 1900-1903 жылдары Қоқандағы медре-седе, 1903-1905 жылдары осындағы орыс-түзем мектебінде оқыған. 1905-1913 жылдары сондағы ком-мерция училищесін бітіріп, Мәскеу-дегі коммерция институтына оқуға түседі. Бірақ 1916 жылғы маусым-ның 25-індегі патша жарлығы бой-ынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көр-сету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданына барады. Осы жерден оның аңыз ғұмыры бас-талды», – деп тұлға мирасына шолу жасады.
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жаппар Жұман: «Өзінің қысқа өмірін Нәзір Төреқұлов толығымен ұлтына, оның болашағына арнады. Сол бір аласапыран заманда Кеңес Үкіметінің басшылық қызметтерін атқарды. Соның ішінде Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы ретінде халқымыздың жағдайын, әл-ауқатын жақсарту, олардың рухани мәдениетін арттыру, мәдениет, білім ошақтарын көбейту, жастарды тәрбиелеудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркітілдес халықтардың мақтанышына айналды. Өмір жолының барлық кезеңінде халықтармен етене араласып, оларды мәдениетке, әдебиетке баулыды», – деді.
Саяси ағартушы технолог Абылайхан Қалназаров болса, «Британдық жазушы Уэллс Герберт: «Уақыт машинасы әрқайсымызда бар: өткен шаққа – естелік, болашаққа – арман апарады» депті. Сол Нәзірдей ұлылар жасаған дәуірлерге – өткен шаққа апара алатын кезекті уақыт машинасы – музей мен кеуде мүсін ашуға арналған айтулы іс-шарамыз да мәресіне жетті» дей келе, «Нәзір» деген есімнің өзі оңай емес. Мәні өте терең: «Ұлы мұрат жолында құрбандық пен серт» деген мағынаға келеді. Ол кісі келер ұрпақ үшін өз нәзірін беріп кетсе, мінекей, біз де оған нәзір беріп жатырмыз. Бұған дейін Өзбекәлі Жәнібек ғұмырына арналған «Мәдени майдан» кітабына мұрындық болған едік. Енді музейіне де жол ашып, зор мәртебе таптық. Араб-мұсылман әлеміндегі елшілік мұрасының өзі орасан! Нәзір Төреқұлұлының жарқын да жұлдызды тағдыры ұлтымыздың рухани жетіліп, өркендеп өсуі үшін маңызы зор, тағылымы ерекше. Нәзір ғұмыр – шын мәнінде де, тәлім ғұмыр», – деп түйіндеді.
Жиын барысында «Нәзір Төреқұлұлы жолы» деректі фильмінің тұсауы кесіліп, алғаш рет көрерменге жол тартқаны бұл іс-шараның идеологиялық-тәлімдік негіздемесінің беріктігін көрсеткендей.
Нәзір Төреқұловтың елге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оның өмір жолы – ұлтқа адалдықтың, білімге ұмтылыстың, мәмілегерлік пен қайсарлықтың айқын үлгісі.
А.БИМЕНДІ