2025 жылғы экономика серпіні

/
2025 жылғы экономика серпіні
сурет: jjtv.kz

2025 жылы Қазақстан экономикасы жаһан­дық тұрақсыздық жағдайында сер­пінді өсім көрсетіп, құрылымдық тұрғыдан жаңа кезеңге өтті. Макроэкономикалық дең­гейде 2025 жыл соңғы он жылдағы ең жо­ғары нәтижелердің бірімен есте қалды. Қаң­тар-қазан айларында нақты жалпы ішкі өнім­нің өсімі 6,4 пайызға жетті.

Әсіресе, кө­лік пен қоймалау логистикасының қар­қын­ды дамуы Қазақстанның транзиттік әлеуетін кү­шейтіп, елдің халықаралық байла­ныс­та­рын арттырды. Құрылыс саласындағы ірі инф­рақұрылымдық жобалар да жалпы эко­номикалық серпінге елеулі үлес қосты.
Инвестициялық белсенділік те айтар­лық­тай өсті. 2025 жылдың тоғыз айында не­гізг­і капиталға салынған инвестициялар 13,5 пайызға артты. Қаражаттың басым бөлі­гі құрылыс нысандарын салу мен жаңғыртуға бағытталды, ал негізгі қаржыландыру көзі ре­тінде компаниялардың меншікті қара­жа­ты алдыңғы орынға шықты. Бұл бизнестің іш­кі сенімі артқанын білдіргенімен, инвес­ти­ция құрылымында технологиялық жаңару­ға жауап беретін жабдық үлесінің әлі де төмен болуы белгілі бір тәуекелдер сақ­та­лып отырғанын аңғартады.
Соған қарамастан, өңдеу өнеркәсібіндегі ин­вестициялық серпіліс ерекше назар аудар­тады. Бұл салада капитал салым­дары­ның өсімі 30 пайыздан асты. Машина жасау, ме­талл өңдеу, тамақ және жеңіл өнеркәсіп ба­ғыт­тарына салынған инвестициялар елдің тех­нологиялық базасын күшейтті. Ресей, Ни­дерланд, Оңтүстік Корея, Бельгия және Қы­тайдан келетін шетелдік капитал жаңа өн­дірістік тізбектердің қалыптасуына жол ашты.
Экономика тірегінің бірі шағын және ор­та бизнес те тұрақты өсім көрсетіп отыр. 2025 жылдың күзінде елде 2,17 миллионнан ас­там белсенді ШОБ субъектісі тіркелді. Бұл бір жылда 6,4 пайыз өсім байқалды деген сөз. ШОБ-тың жалпы қосылған құндағы үлесі 38,6 пайызға жақындап, өңірлік дамудың не­гізгі драйверіне айналып отыр. Әсіресе, ірі қалаларда бұл сектордың аймақтық өнімдегі үлесі 60 пайыздан асады.
Цифрландыру экономикалық саясаттың өзегіне айналды. 2025 жылы іске қосылған eGov Business платформасы кәсіпкерлер үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптас­тыр­ды. Кәсіпорын туралы деректер, лицен­зиялар, филиалдар, цифрлық сенімхат және ондаған мемлекеттік қызметтің бір жүйеге біріктірілуі уақыт шығынын азайтып, қауіпті сейілтті.
Салалық тұрғыда көлік-логистика кеше­ні экономиканың ең жылдам дамыған ба­ғыт­тарының бірі болды. Он айдың қоры­тын­дысы бойынша сектордағы өсім 20 пайыздан асты. Транзиттік тасымал көлемінің ұлғаюы, теміржол, автокөлік және құбыр инфра­құры­лымының дамуы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі маңызды логистикалық хабқа ай­налдыру стратегиясының іске аса бас­та­ғанын көрсетеді. Цифрлық декларациялау мен Digital Trade Corridor сияқты шешімдер логистикалық рәсімдерді едәуір жеңілдетті.
Индустриялық саясат аясында 2025 жы­лы өңдеуші кәсіпорындар мен машина жасау зауыттары іске қосылды. Жалпы, құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба жоспарланып, олар­дың басым бөлігі нақты іске асу кезеңіне өтті. Кейінгі үш жылда Қазақстанда бұрын өн­дірілмеген өнім түрлерінің шығарыла бас­тауы экономиканың сапалық трансфор­мациясын айқын көрсетеді.
Шикізат секторында да маңызды серпін бар. Теңіз кен орнын кеңейту жобасының то­лық қуатқа шығуы мұнай өндіру көлемін 40 млн тоннаға дейін жеткізді. Бұл Қазақ­стан­ға 2025 жылы мұнай өндіруді 10 пайызға жуық арттыру жоспарын мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндік берді.
Экономикалық өсімнің ұзақмерзімді не­гізі ретінде кадр мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. «Жұмысшы мамандықтар жы­лы» аясында бірқатар маңызды қадамдар жа­салды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары