Денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік қан доноры күні донорлық көрсеткіш бойынша елдегі қай қалалар көш бастап тұрғанын хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам азамат қан доноры атанады.
"Донорлардың саны бойынша Астана, Алматы және Шымкент қалалары алдыңғы орында. Бұл ірі қалаларда халық санының көп болуына байланысты қан мен донорларға деген қажеттіліктің де жоғары болуымен түсіндіріледі", - деп жазылған хабарламада.
2025 жылдың қорытындысы бойынша республикада қан мен оның компоненттерінің 255 255 донациясы жүзеге асырылды. Бұл көрсеткіш азаматтардың жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қан қызметінің тұрақты дамуын айғақтайды.
Донорлық қозғалыста құрметті донорлардың орны ерекше. Олар – қан мен оның компоненттерін 50 реттен астам тапсырған азаматтар. Олардың өтеусіз донорлықты дамытуға және адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесінің маңызы орасан зор.
Жалпы, еліміздегі донорлық қозғалыс тұрақты әрі жүйелі сипатқа ие. Қазақстанда жыл сайын 180 мыңнан астам азамат донор болып, 255 мыңнан астам донация жасайды. Бұл жыл сайын 80 мыңнан астам пациентті сапалы қан құю қызметімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, олардың өмірін сақтап қалуға және сауығуына үлкен мүмкіндік береді.