Түнде жұмыс істеу бүйрекке зиян – зерттеу

/
Түнде жұмыс істеу бүйрекке зиян – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Түнгі ауысымда жұмыс істеу бүйрекке қауіпті, зерттеу нәтижелері мұны дәлелдеді. Mayo Clinic Proceedings журналында жарияланған ауқымды зерттеу барысында ғалымдар 226 мың адамның деректерін талдап, түн ортасынан кейін жұмыс істейтіндерде бүйрек тасының пайда болу қаупі 22%-ға жоғары екенін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz Mayo Clinic Proceedings-ке сілтеме жасап.

Зерттеу Қытайдың Сунь Ятсен университеті мен Ұлыбританияның UK Biobank дерекқоры негізінде жүргізілген. 14 жыл бойы бақылауға алынған қатысушылардың 2 800-ден астамында бүйрек тасы дамыған. Әсіресе түнгі және кешкі ауысымда істейтін жастар мен аз қимылдайтын қызметкерлер қатты зардап шеккен.

Ғалымдардың айтуынша, мұндай байланыс адамның өмір салтымен тығыз байланысты. Темекі шегу, сұйықтықты аз ішу, ұйқының бұзылуы және артық салмақ бүйрек тасының түзілу қаупін арттырады.

«Біз анықтадық: ауысымдық жұмыс бүйрек тасының пайда болуымен тікелей байланысты. Бұл әсердің бір бөлігі өмір салтына қатысты факторлар арқылы жүреді», – дейді зерттеу авторы Инь Ян.

Сарапшылар жұмыс берушілерге түнгі ауысымда істейтін қызметкерлердің денсаулығын қолдауға бағытталған шаралар енгізуді ұсынады. Оларға салмақты бақылауда ұстау, көбірек су ішу, ұйқы гигиенасын сақтау, физикалық белсенділікті арттыру және темекіден бас тарту жатады.

Ғалымдар мұндай қарапайым шаралар бүйрек ауруларының алдын алып, ауысымдық жұмысшылардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары