Жүйелі жұмыс, тың дайындық

Жүйелі жұмыс, тың дайындық

Республика күні қарсаңында Ақтөбе облысының екі ауданындағы бірнеше ауылға көгілдір отын берілді.

Былтыр Ақтөбе облысында су тасқыны болғаны белгілі. Алдағы көктемде осындай жағ­дайды болдырмау үшін алдын алу жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатыр.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар де­партаментінің бастығы Қахарман Ора­залин­нің айтуынша, биылғы су тасқыны ке­зеңінің қорытындысы бойынша 105 тармақтан тұратын инженерлік іс-шаралар жоспары әзірленген. Бүгінде жоспарланған жұмыстың жартысы орындалған. Бұл мақ­сатқа 6,5 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 3 шақырым өзен жағалауы нығайтылып, ар­насы тазартылды, 2,3 шақырым қорғаныс бө­геті салынған, 9,6 шақырым гидро­тех­ни­ка­лық құрылыс жөнделген. Бұдан бөлек, 8,8 шақырым нөсер кәрізі тартылып, 6,4 ша­қырым су бұру арналары салынған, 26 ша­қырым арық пен канал тазартылып, 89 су өткізу нысаны жөнделген.
– Жалпы, облыс аумағында 66 мыңнан астам адам тұратын 58 елді мекен (14 216 үй) су басу қаупі бар аймаққа кіреді. Олар­дың ішінде 12 елді мекенде (1 307 үй, 5 852 адам) су басу қаупі толық жойылған, 24 елді ме­­­кенде (10 023 үй, 45 814 адам) қауіп дең­гейі төмендетілген, ал 22 елді мекенде (2 886 үй, 14 921 адам) су басу қаупі әлі де сақ­­­талуда.
Биыл осы жағдайлардың алдын алуда арнайы жоспар жасаталып, оны іске асы­руға 6,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жоспарда көзделген іс-шараларды орындау мерзімі биылғы 4 тоқсанға жос­пар­ланған. Бүгінде 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда, – дейді депар­тамент бастығы.
Ақтөбе облысының Асхат Шахаров су тас­­­қы­нының алдын алу жұмыстары мау­сымдық емес, халықтың қауіпсіздігіне ті­ке­лей әсер ететін стратегиялық міндет еке­­нін алға тартып, су басу қаупі бар елді ме­­кен­дердің тізімін, жедел топтардың жұ­мы­сын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
– Аудан әкімдері мен жауапты басқарма бас­шылары дайындықты қағаз жүзінде емес, нақты іспен көрсетуге тиіс. Гидротех­никалық құрылыстардың жағдайы, су өт­кізу жүйелерінің тазалығы, инертті ма­те­риал­дардың қоры мен техниканың дайын­дығы – барлығы алдын ала және толық кө­­лемде қамтамасыз етілуі керек. Бір қа­те­лік бүтін бір ауылды қатерге тігеді, – деді өңір басшысы.
Өткен аптада су тасқынының алдын алу­ға бағытталған жұмыстар жайын бағам­баған облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы Жіңішке өзенінің жағалауын бекіту жұ­мыс­тарымен танысты. 
Еске сала кетсек, өткен көктемде өзен ар­насынан асып, оның аумағында орна­лас­қан саяжай учаскелеріне су басу қаупін ту­дырған еді. Бүгінде мердігерлер болашақ­та мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бөгетті тұрғызу және нығайту жұмыстарын қар­қынды жүргізуде.
Мердігер ұйым ZNS Group ЖШС дирек­то­рының орынбасары Әділет Қазбановтың ай­туынша, қазір қажетті шаралардың ша­ма­мен 80 пайызы орындалған. Бөгет құры­лы­сы қараша айында аяқталмақ.
– Су басу қаупі жоғары аймақтағы бө­гет­тің биіктігін бес метрге дейін көтердік. Ны­санның ұзындығы – 900 метр, ені – ал­ты метр. Бөгеттің беті көктемгі су тас­қы­ны­на төзімді әрі берік болуы үшін арнайы тех­никамен нығыздалып, тегістеліп, тас­тармен қаланды, – деді ол.
ZNS Group ЖШС биыл облыс орта­лы­ғын­да тағы бірнеше маңызды жобаны жү­­зеге асырып жатыр. Атап айтсақ, мер­д­і­гер 39-разъезд маңында тұрғын үйлерді судан қорғау мақсатында бөгет салуда. Сон­дай-ақ Құрайлы ауылындағы жаңа құры­лыс ау­данында жаңбыр және еріген қар суын ағызуға арналған кәріз жүйесінің құры­лысын жүргізуде. Бұдан бөлек, биыл Шы­ғыс ауданында жаңа бөгет пайдалануға берілді.
Өңір басшысы Асхат Шахаров ат­қары­лып жатқан жұмыстардың облыс орталығы мен тұрғындарды қорғауда ерекше маңызға ие екенін атап өтіп, олардың сапасы мен мер­зімінде орындалуына бақылау үздіксіз жүр­гізілетінін жеткізді.

Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары