Көбіне таңғы ас ішпейтін әрі кешкі асын тым кеш ішетін адамдарда остеопороз даму қаупі жоғары. Жапония ғалымдары осындай қорытынды шығарды. Олардың зерттеуі Journal of the Endocrine Society (JES) журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Остеопороз – сүйектердің оңай сынуы, морт сынуы. Темекі шегу, ішімдік ішу және аз қозғалу бұл қауіпті арттырады. Алайда аурудың тамақтану әдеттерімен байланысы осы уақытқа дейін аз зерттелген болатын.
Зерттеу үшін ғалымдар Жапонияның сақтандыру деректер базасындағы 1 миллионға жуық ересек пациенттің (927 мың адам) мәліметтерін талдаған. Нәтижесінде шылым шегетін, ішімдік ішетін, таңғы асты ішпей, кешкі асты тым кеш ішетін адамдарда сүйек сынғыштығы, остеопороз жиі кездесетіні анықталды.
«Біз тамақтану әдеттерінің остеопоротикалық сыну қаупіне қалай әсер ететінін бағалағымыз келді. Соның нәтижесінде таңғы асты ішпей, кешкі асқа кеш отыру – остеопороздың даму ықтималдығын арттыратынын анықтадық», – деді зерттеу авторы, медицина және философия докторы Хироки Накадзима.
«Сонымен қатар, мұндай әдеттер көбіне басқа да қауіп факторларымен – ұйқының жеткіліксіздігімен, темекі шегумен және төмен физикалық белсенділікпен қатар жүретінін анықтадық», – деп қосты ғалым.