Әлемнің кез келген жерінде маса кездеседі, алайда ғалымдардың айтуынша, Исландия — ерекшелік. Қызығы, көршілес Норвегия, Шотландия және тіпті Гренландия масаға толы болса да, Исландияда олар тіршілік ете алмайды, деп хабарлайды turkystan.kz Live Science-ке сілтеме жасап.
Биологтар мұның бірнеше себебі бар екенін айтады. Исландияда көлдер мен батпақтар жеткілікті, бірақ басты кедергі — климат. Маса көбею үшін тоқтап тұрған су қажет: аналық жұмыртқасын суға салады, одан дернәсілдер шығады. Канада немесе Сібірде дернәсілдер қыстан аман өтеді, ал Еуропада жұмыртқалар тоңбайтын суларда қыстап шығады. Ал Исландияда күз бен көктемде көлдер қайта-қайта қатып, қайта ериді. Осындай тұрақсыз жағдай масалардың дамуын үзіп, дернәсілдер ересек жәндікке айналмай жатып қырылады.
Геотермалды бұлақтар да қолайсыз: суы тым жылы әрі тұзды болғандықтан, маса дернәсілдері өмір сүре алмайды.
Дегенмен ғалымдар ескертеді: климаттың өзгеруі бұл тепе-теңдікті бұзуы мүмкін. Әзірге Исландия — жазда орманда серуендеп, көл жағасында демалып, масаның ызыңынан тыныштық табуға болатын бірегей мекен.