Тіс ауруы адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Күнделікті тамақтану, сөйлесу, ұйықтау, тіпті күлу секілді қарапайым әрекеттердің бәрі тіс ауырғанда азапқа айналады. Алайда бұл мәселе көп жағдайда еленбей, кеш емделеді. Өйткені тістің солқылдап ауырғаны бір басқа, оны емдету – екінші күрделі мәселе. Жалпы, тіс ауруы – адамның жеке мәселесі емес, ол қоғамның денсаулыққа деген көзқарасының деңгейі. Ал тіс дертінің салдары тек ауыз қуысымен шектелмейді, жүрекке, бүйрекке, буынға дейін әсер ететін жүйелік ауруларға жол ашуы мүмкін.
Бүкіл ағзамызға қауіп төндіретін ауыз қуысындағы дерттерді елемеудің соңы қалтаны жұқартып, жүйке талшықтарын «жеп», одан қалса қыруар уақытты алады. Бұл – аурудың алдын алу емес, салдарымен күресу болып қалып отыр.
Астана қаласында жүргізілген зерттеуге қатысқан 18-80 жас аралығындағы адамдар қызыл иек пен тіс түбірінің қабынғанын айтқан. Ал ең жиі кездесетін екінші тіс ауруы – кариес. Бұл әлемде де кең таралған. Әсіресе, дамушы елдерде, оның ішінде балаларда жиі кездеседі.
Sauran dent тіс емханасының дәрігері Серікбай Сағымбековтың тіс емдеумен айналысып жүргеніне 40 жылдан асқан. Оның айтуынша, тіс ауруларының көбеюіне жейтін тамақ пен ішетін сусындардан бұрын тұрғылық жер де әсер етеді екен.
– Қалада тұратын адамдардың тісі тез бұзылады. Бұрынғыдай табиғи бұлақтың суы жоқ, құбырдың суын ішеді. Бәрі өңделген, хлорланған. Ауылдағы таза ет, қымыз, су көзден бұл-бұл ұшты. Экология, тамақтың құрамы, сапасы, тіпті табиғаттың өзі өзгерді. Бұл өзгерістер тіске әсер етпей қоймайды. Жақында Ресейдегі бір шалғай ауыл тұрғындарының бірде-біреуінің тісі құрттамағаны туралы дерек оқыдым. Өйткені олардың ішетін суы таза екен, яғни қоршаған орта үлкен рөл атқарады, – дейді тіс дәрігері.
Алайда қанша сүйек мүжісе де, газды сусын, кофе ішсе де тістері қараймайтын, маржандай адамдарды да кездестіріп жатамыз өмірде. Сөйтсек, тіс тазалығы да тұқым қуалайды екен.
– Кей адамдардың тісі мықты, күтпесе де бұзылмайды. Бұл – ата-анасынан берілген ген. Бірақ тісім таза екен деп арқаны кеңге салған дұрыс емес. Бәрібір тазалап, дәрігерге қаратып тұрған жөн. Және бір байқағаным, ауыл балаларына қарағанда қалада тұратын балалардың тісі жиі ауырады. Яғни, экономика дамып, қала үлкейген сайын ауру да асқына түседі, – деп түсіндірді Серікбай Сағымбеков.
Бүгінде жаңа туған нәрестелерге ұсынылатын дайын қосымша тағам түрлері көп. Езбе, ботқалардың атауы да, дәмдері де алуан түрлі. Жарнамасы жер жарған компаниялардың өнімдері балаға қалай әсер етеді деген сауалға жауап іздеп көрдік.
Ғалымдар қант қосылған дайын тағамдарды балаларға мүмкіндігінше бермеу керек деген тұжырымға келген. Себебі дайын тағамдардың құрамындағы қант мөлшері, pH деңгейі, тұтыну жиілігі тіске тікелей әсер етеді. Бұдан бөлек, мұндай тағамдар баланың шайнау қабілетін тежейді. Толық шайнауды қажет етпейтін тағамдар балаға қауіпсіз әрі ыңғайлы болғанымен тістің қалыптасуы мен ауыз қуысындағы бұлшықеттердің дамуын шектейді. Ботқа тікелей асқазанға баратындықтан, бала шайнай алмайды. Сәйкесінше, шайнау рефлексі кеш жетіледі немесе жетілмей қалады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 6-8 айдан асқан балаларға жұмсақ, ұсақталған, шайнап жейтіндей тағамдарды беру керек екен. Мәселен, пісірілген сәбіз, картоп, брокколи сынды көкөністерді, жұмсақ тауық етін, котлет, қара нан мен жұмсақ крекерлерді беруге болады. Егер бала 2 жасқа дейін тамақты әлі дұрыс шайнай алмаса, логопедке қаратқан дұрыс дейді мамандар. Жалпы, бала 6 айдан асқанда тамақты өзі ұстап жеуге талпына бастайды. Бұл шайнау, тістеу, жұту дағдыларын дамытуға оң әсер етеді. Бұл сөзімізді Cambridge Journal-да жарияланған мақала да қуаттай түседі. Басылымның жазуы бойынша 6 айдан кейін әртүрлі қосымша тағам беру баланың тілді, ерінді, иекті дұрыс игеруіне ықпал етеді. Тағы бір қызығы, тамақты дұрыс шайнау семіздіктің алдын алады екен. Ал ең бастысы мұндай тағамдар бала тісінің дұрыс жетілуіне оң әсер етеді. Яғни, болашақ ұрпағыңыздың тісінің саулығын жатырда жатқан кезден бастау керек. Болашақ аналар аяғы ауыр кезде кальций ішіп, газды сусындарға жоламағаны жөн екен. Қорыта айтқанда, бала тісінің саулығы құрсақта жатқан кезден басталады.
– Кішкентай балаларда кариес жиі кездеседі. Бір тісті емдеудің өзі ата-аналардың қалтасына кәдімгідей салмақ. Сондай-ақ стоматит кең таралған. Өйткені балалар аузына кез келген затты салады. Осыларды болдырмас үшін тісті дұрыс күтуді бала кезден дағдыға айналдырған жөн. Балаларының тісіне жақсы қарап, қадағалайтын да ата-аналар бар, бірақ өте аз. Әдетте, балалардың тісін сақтау үшін алдын ала стоматологиялық герматик салынады. Бұл тез жасалады және ауыртпайды. Тіске жағылған герматик кепкеннен кейін қорғаныш қабатын түзеді. Сонымен қатар эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінеді әрі тістің сыртқы түрін өзгертпейді. Герматизация жасалған балалардың тістері жақсы сақталады, тіс жегісі болмайды.
Бұрын кеңестік кезеңде халықтың тісі көп ауыра бермейтін. Оның бір себебі алдын-алу шараларында еді. Балабақша, мектепте стоматологтың кабинеті болатын. Бізде қазір білуімше мұндай кабинеттер болса да аты ғана, стоматологқа төлейтін ақшалары жоқ секілді. Өкінішке қарай, біздің менталитетіміз де тіс емдеуге әсер ететінін байқаймыз. Өзге ұлт өкілдері, әсіресе орыс халқы тісіне дақ түскенін байқаса дереу дәрігерге келеді. Ал қазақ тісі әбден мазасын алса, дәріге қоймаса, түнде солқылдатып ауырса немесе іріңдесе ғана стоматологқа келетіні ащы да болса шындық. Тіпті, салғырттықтың соңы тісті түбірімен жұлуға алып келетін жағдайлар да бар. Өйткені емдеуге келмейді, уақыт оздырып алған. Тіс ауруларының алдын алудың бір тәсілі – тамақтан кейін ауызды тұзды сумен шаю. Әсіресе, жатар алдында шайған жақсы әсер береді. Қазір ғалымдардың өзі тіс пасталарының денсаулыққа зиян екенін айтып жүр. Компаниялар пастаның құрамынан бұрын маркетингке көп мән береді, – дейді дәрігер Серікбай Сағымбеков.
Бұрын тіс пастасы, щетка болмаған кезде әр ұлт тісті өзінше күткен. Халқымыздың тіс тазалау мәдениеті жайында тарихшы, этнограф, ғалым Жағда Бабалықұлы:
– Халықтық білімде тіс аурулары деп сыну, кетiлу, жарылу, босау, арасы алшақтау қатарлы кiнәраттарымен тіс етiнiң қанауы, сөгiлуi, iрiңдеуi, қызаруы, ойылуы, iсуi, бұзылуы, езiлуi, қолдырауы сияқты ауру түрлерін атайды. Малдың тіс ауруына қарсы қазақтар ерекше дауа жасамаған. Бар болғаны, ұры тіс болса қағып алып тастайтын.
Адамның тіс ауруына түрлі улы шөптердің дәнінің көмегімен дауа жасаған. Оның мәні тіс ауруының негізгі себебі саналатын құрттарды тек улы шөп арқылы қайтаруға болады деп есептегенмен байланысты болса керек. Тіс ауруы ыстық-суықтан, жас күндері тісті жақсы қорғамай сызат түсіруден, сондай-ақ қан бұзылудан пайда болады. Халықтық медицинада ауырған тістің түбіне меңдуана дәнін, уқорғасын тамырын немесе қалампырды, тіпті апиын басады.
Қанжегі деп аталатын тіс ауруының қауіпті ауруына қарсы өлтірілген алмас жаққан. Халық емшілері тісті етінде «ұялаған» «құрт жеу» деп аталатын ауру қоздырғышынан арнайы арбау өлең айтып, меңдуана шөбінің түтінін жібере отырып, емдеген. Басын бүркеп, аузын меңдуана түтініне қарай ашып, отырған аурудың жанындағы тәуіп арбау өлең ырғағына келтіріп айтады.
Тіс ауруларының алдын алу үшін ауызды тұзды сумен шаю, мәсуәкпен тазалап күту, әсіресе ауыз шаюға арналған суы бар құманға арша бұтағын салып қою, тұзды ұнтақпен ысу сияқты амалдар жасалады. Балалардың тісі жетіліп, берік болуының бір жолы – бала күннен қатқан құрт-ірімшік кеміру, сүйекті тіспен мүжу. Тіс еті қашқан жағдайда жаңа сауылған сүтпен шаю керек.
Сайып келгенде, қазақтың халықтық біліміндегі тіске қатысты мәліметтер мен оның ауруларына қарсы жасалатын ем-дом шаралардың дені аталған мүшенің біршама жете танылғанынан ғана емес, оның тегі, тұқымы және биологиялық қуатына тікелей тәуелді «ағза» ретінде бағаланғанынан хабар берді, – деп жазған екен.
Тісті дұрыс күту – тек әдемі күлкі үшін емес, бүкіл ағза саулығы үшін қажет. Осы ретте біз стоматологтар ұсынған күнделікті күтімнің негізгі ережелерін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
Тісті күту ережелері:
1. Күніне 2 рет, дұрыс тәсілмен тазалау:
– Таңертеңгілік және жатар алдында тіс тазалау міндетті.
– Тісті кемінде 2 минут бойы, жұмсақ қимылмен, жоғарыдан төмен, төменнен жоғары щетка қозғалысымен жуу керек.
Тілді де тазарту маңызды – ол да бактерия жинайды.
2. Тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау:
– Жұмсақ немесе орташа қаттылықтағы щетка пайдаланыңыз (қатты щетка қызыл иекті жаралайды).
– Тіс пастасында фтор болғаны жөн – ол эмальды нығайтады.
– Щетканы әр 3 ай сайын ауыстырыңыз.
3. Ауызды шаю және жіп қолдану:
– Тамақтан кейін немесе күніне кемінде 1 рет тіс жібін қолданып, тіс арасын тазарту қажет.
– Антисептикалық ауыз шайғыш сұйықтықтарды қолдану – ауыз қуысындағы бактерияларды азайтады.
4. Қантты азырақ тұтыну:
– Көп мөлшердегі қант (әсіресе жабысқақ кәмпиттер, тәтті сусындар) – кариестің басты себебі.
– Тамақтан кейін дереу тіс тазалау мүмкін болмаса ауызды сумен шайған жөн.
5. Газдалған сусындар мен қышқыл өнімдерден сақ болу:
– Кола, энергетик, сірке қосылған тағамдар – тіс эмалін жұқартады.
– Бұларды ішкен соң 30 минут ішінде тіс жумаған дұрыс – эмаль жұмсарған сәтте тез зақымданады.
6. Жылына кемінде 2 рет стоматологқа көріну:
– Ауырмай тұрғанда тексерілу – аурудың алдын алады, емдеуді жеңілдетеді.
– Қажет болса, тістегі тастарды уақытылы алып тастау керек.
7. Балалар үшін:
– Сүт тістері де күтімді қажет етеді: олар шайнау, сөйлеу, бет-әлпет дамуына жауапты.
– Балаларға арнайы щетка мен паста қолданылуы керек.
– Қантсыз сағыз – сілекей бөлінуін арттырып, тісті табиғи тазартады.
Халықтық және қосымша тәсілдер:
– Ауызды тұзды сумен шаю – қабынуға қарсы әсер береді.
– Құрт, ірімшік, қымыз – кальций мен фосфорға бай, тіс үшін өте пайдалы.
– Қатты тағамдар (сәбіз, алма, құрт) – табиғи «тазартқыш» қызметін атқарады.