«Ағай, екі бала суға батып жатыр!»: Маңғыстау тұрғыны жасөспірімдерді ажалдан аман алып қалды

/
«Ағай, екі бала суға батып жатыр!»: Маңғыстау тұрғыны жасөспірімдерді ажалдан аман алып қалды
Фото: Sputnik.kz

Маңғыстаулық Жазмұрат Айқожаев суға батып бара жатқан екі жасөспірімді ажалдан аман алып қалды. Оқиға туралы Sputnik Қазақстан тілшісі айтады.

Оқиға 11 мамыр сағат 15:15 шамасында болған. Жазмұрат Айқожаев балаларымен бірге теңіз жағасында серуендеп жүрген.

"Сол сәтте TikTok-та тікелей эфир қосып отырғанбыз. Кенеттен бір баланың: Ағай, екі бала батып жатыр!" деп жан дауысы шықты. Сол күні күн ыстық болған, өзім де суға түсейін деп дайындалып тұрған едім. Қыс бойы теңізде жүзіп жүрген соң, көп ойланбастан телефонымды қасымдағы адамдарға ұстата салып, бірден суға секірдім. Суға кетіп бара жатқан екі баланы екі жағынан сүйреп жағаға қарай алып шықтым. Жағадағы адамдарға: "Көтеріп алыңдар!" - деп айқайладым", - дейді ол.

Жағада тұрғандар екі баланы судан аман шығарып алған.

"Кейін білсек, олар ағалы-інілі балалар екен. Ата-анасына теңізге кеткенін айтпаған көрінеді. Оларға бір-екі бала көмектескісі келген, бырақ шамасы жетпеген екен", - дейді Жазмұрат Айқожаев.

Балаларды жағаға шығарған соң алғашқы көмек көрсеткен.

"Сол сәтте өзім де қатты әлсіреп қалдым. Біраздан кейін қарасам, екі бала да есін жиған екен. Кейіннен суға батқан балалар хабарласып, алғысын айтты", - дейді ол.

Жазмұрат Айқожаев - бес баланы әкесі. Оның өмірінде мұндай оқыс оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ.

"2012 жылы туған жерім Жетібайда көлікпен су тасушы болып жүргенімде бір үйдің шатыры өртеніп жатқанын көріп қалдым. Үй иелері өрттен бейхабар екен. Сол мезетте көлігімдегі өрт сөндіру сорғысы арқылы өртті сөндіріп, үй иелеріне ескертіп, әрі қарай жұмысыма кете бердім", - дейді маңғыстаулық батыр жігіт.
Алайда Жазмұрат бұны ерлік деп санамайды.

Жазмұрат бұл әрекетін ерлікке баламайтынын айтып, кез келген адам дәл осылай істер еді деген пікір білдірді. Оның сөзінше, қандай жағдайда да ең басты құндылық – адам өмірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары